Саясат

Әлемдік дағдарысты еңсеретін басым бағыттарды айқындап берді

Әлемдік дағдарысты еңсеретін басым бағыттарды айқындап берді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан жаңа жаћандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауын жария етті. Еліміздің экономикасын әлемдік қаржылық дағдарыс салқынынан аман алып шығуды көздейтін, алдағы даму барысына нақты бағыт-бағдар сілтейтін басты құжатын республика жұртшылығымен бірге шығысқазақстандықтар да үлкен ұйымшылдықпен тыңдады.
Бұл күні облыс орталығында бес жерде Президент Жолдауын тыңдау бойынша ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылса, бұдан бөлек Өскемендегі барлық мекемелер мен ұйымдар ұжымдары жаңа құжатта Елбасы атап көрсеткен дамудың басым бағыттарын, әлемдік қаржылық дағдарыстан аман шығудың, қосымша жұмыс орындарын құрудың жолдарын ұйып тыңдап, Жолдауда айтылғандарды үлкен ыждаћаттылықпен қабылдады.
Бұл күні Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бас оқу ғимаратының бірінші қабатындағы үлкен залға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері, сонымен бірге, қоғам өкілдері, қаладағы түрлі кәсіпорындардың мамандарын құрайтын 200-ден астам адам жиналып, залдың ортасына орнатылған үлкен экраннан Мемлекет басшысы жариялаған жаңа Жолдауды тыңдады.
– Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын бастан-аяқ тыңдап шықтық. Мені ұзақ жылғы тәжірибелі ұстаз ретінде бұл құжатта қатты разы еткені – келесі жылдан бастап еліміздегі барлық жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім берілетіндігі болды. Бұл оларға жарқын болашақ туғызудағы мемлекеттің жасап отырған қамқорлығын сезініп қана қоймай, сонымен қатар, мектеп бітірген соң назардан тыс қалмай, жұмысқа орналасуларына да мүмкіндік береді. Осы арқылы жастар өңірге қажетті мамандықтарды игеріп шығып, өндірістік кәсіпорындардың сұранысына орай жұмысқа орналасып, еңбек ететін болады. Содан кейін барып жоғары оқу орындарына келулеріне әбден болады. Мемлекеттің әзірлеп отырған жаңа индустриялдық саясаты, Президент қойып отырған нақты міндеттер, отандық өнім өндірушілерге жасалып отырған қолдаулар, мұның бәрі көңіліміздегі қауіптің бұлтын сейілтіп, алдағы күндерге деген сенімді арттырып отыр. Ең бастысы, мұның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға жасалған қадамдар екенін естен шығармағанымыз дұрыс, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың инженерия факультетінің деканы Михаил Дудкин.
Өскемен қаласы әкімдігінің қызметкерлері Елбасының биылғы Жолдауын әкімдік ғимаратының акт залында орнатылған үлкен экраннан тамашалады. Бұл жиынға шаћар басшысы Темірбек Қасымжанов, оның орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары, жергілікті қоғамдық кеңестің мүшелері, әкімдік мамандары, шамамен жүзге жуық адам қатысты. Мемлекет басшысының Жолдауын ерекше зейін қойып тыңдаған жиынға қатысушылар артынша мемлекетіміздің алдағы жоспарын айқындайтын құжат туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дағы Назарбаевтану орталығына жиналған жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері Елбасы Жолдауын ұжым болып ден қоя тыңдады. Президенттің сөзін ой елегінен өткізуге залға 100-ден аса адам жиналды.
– Бүгінгі айтылған Жолдауда өте өзекті мәселелер қозғалды. Көптеген әлеуметтік мәселелердің, жалақы, баспана, материалдық қамтудың маңызы аса жоғары. Халықтың болашағы қандай болады? Қандай бағытқа баса назар аудару керек? Осы жайттар бәрін толғандырады. Өз сөзінде Елбасы күрделі экономикалық ахуал жағдайында ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді, – деді ШҚМУ ректорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Ирина Ровнякова.

\”Дидардың\” тілшілер тобы

Осы айдарда

Back to top button