Саясат

Құлазып қалған ауылдарға халықты қалай тартуға болады?

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен шекаралық аудандардың проблемаларына арналған мәжіліс өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Төлеген Ибраев, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, облыс Әкімінің кеңесшісі Василий Ахаев, облыстық басқармалар бастықтары, Зайсан, Тарбағатай, Үржар, Катонқарағай аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Құлазып қалған ауылдарға халықты қалай тартуға болады?– Шығыс Қазақстан еліміздің ең үлкен шекаралық аймақтарының бірі, – деп атап көрсетті Төлеген Ибраев. – Республика мен облыс басшылығы талай жылдан соң тұңғыш рет шекаралық аудандар тұрғындарының жағдайына назар аударып отыр. Біз осы аудандардағы халық санының қаншалықты азайып кеткенін білеміз. Оған көптеген себептер болды. Соның ішінде жүргізілген оңтайландыру да бар. Ақырында шекаралық аудандарда халықтың қайтадан қоныстануы үшін оны дамытуға қолдан келгеннің бәрін істеу қажет екендігіне көзіміз жетіп отыр.

Төлеген Ибраевтың айтуынша, шекаралық аудандардың өзекті мәселесін шешу ұзақ жылдарға созылып келеді. Жүргізілген оңтайландырудың нәтижесі екі жақты болды. Мәселен, бұрынғы аудан орталықтарынан халық көшіп кете бастады. Себебі, көпшілік мекемелер ауданның жаңа орталықтарына көшірілді, мамандар қалаға ауысуға мәжбүр болды.

– Сол ауыр жылдары бұрынғы аудан орталықтарын сақтап қалу оңай емес болды. Кейбір жерлерде денсаулық сақтау орындары, мектеп, балабақшалар сақталғанымен, барлығында ол мүмкін болмады. Жыл сайын шекаралық аудандарда сегіз мектепке дейін жабылған кез болды. Қалғандарында бес-алты бала ғана оқыды. Осы жылдары шамамен 80 елді мекен толық жойылды. Тек Тарбағатай ауданынан ғана 28 мың адам басқа жаққа көшіп кетті, – деді Төлеген Тоқтасынұлы.

Шекаралық аудандар мәселесі көп уақытқа дейін ашық күйінде қалды. Алғашында бұл мәселені талқылау онша орынды емес болатын. Көпшілік жағдайда бұрынғы аудандарды қайтару керек деген пікір айтылатын. Оған біріншіден, қаржылық жағдайда ол оңай емес болатын. Екіншіден, ол жағдайды түзей қоймайтынын көпшілік түсінді. Ауданға жаңа әкім тағайындалуы ауылға адамдардың қайта көшіп келуінің кепілі емес болатын. Сондықтан шекаралық аудандарды дамыту туралы мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама қажет. Осы жолғы және одан кейінгі мәжілістердің басты мақсаты – жоғары органдарға шекаралық елді мекендерді сақтау мен дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Сонда осы ауылдарға халықты қалай тартуға болады деген сұрақ туады. Соңғы жылдарда тұрғындар жақсы тұрмыс іздеп басқа жаққа көшіп кеткен жоқ па? Елді мекендердің проблемаларын шешу оңай емес. Сондықтан да ауылдарда жұмыссыздық көбейіп, қылмыс жасау артып отыр. Елді мекендерді сақтау мен оған тұрғындарды орналастыру бағдарламасы ауылдардың қайта жандануына әсер етуі керек.

– Бұл қиындықтармен нақты таныспын. Тұрғындардың қалай көшіп кеткеніне өзім куә болғанмын, – деді Түсіпхан Түсіпбеков. – Шекаралық елді мекендерге адамдарды тарту үшін жеңілдіктер қарастырылуы керек. Жас мамандардың алыс түкпірге еңбек етуге баруы, тұрақтап қалуы үшін бағдарламада шекаралық аудан тұрғындарына арналған коэффициент, түрлі жеңілдіктер қарастырылғаны жөн.

Мәжіліске қатысушылардың пікірінше, ол кәсіпкерлерді қызықтыруы тиіс. Мәселен, өз кәсібін ашамын деушілерге кәсіпорындарын үш жылға дейін салық төлеуден босатуға ұсыныс жасауға болады. Мұндай тәжірибе бірқатар шетелдерде табыспен қолданылып жүр. Одан біздің аймақ та ұтар еді. Оған көршіміз Қытай елі нақты мысал бола алады. Соңғы он бес жылда Қытайдың шекаралас аудандары қайнаған орталыққа айналды. Ол тіпті халықаралық деңгейге дейін жетті.

– Көршілеріміздің қолынан келгенде, біздің де қолымыздан келеді, – деді Василий Ахаев. – Ең бастысы, адамдардың оған қызығушылығы оянуы керек және мемлекеттің қуатты қолдауы болғаны жөн.

Бұл пікірмен шекаралық аудандар өкілдері де келісті. «Әрине, – деді олар, – ең алдымен қазіргі барымызды сақтай білуіміз керек. Ал содан соң ары қарай дамуға жағдай жасау керек».

Жабылып қалған мекемелерді қайта ашу мәселесі де талқыланды. Мәселен, қазір көптеген аудандарда өздерінде қажетті мамандар даярлауға мүмкіндіктері жоқ. Егер оларда кәсіптік мектептерді қайта жұмысқа қосса, қосымша жұмыс орындары ашылар еді. Ал ең бастысы, мамандар даярлау сапасы арта түсер еді. Себебі, ауыл шаруашылығы мамандықтарына қалалық жағдайда толық даярлау мүмкін емес. Балаларды жоғары оқу орнына олардың ата-аналары кем дегенде он жыл сол ауылда тұрған жағдайда жеңілдікпен қабылдауға болар еді.

Осы ұсыныстардың барлығы болашақта қабылдануы мүмкін бағдарламаға еніп, шекаралық елді мекендерді дамытуға ықпал етуі тиіс. «Әрине, – дейді мамандар, – бұл біртіндеп жүзеге асатын іс. Бірақ проблеманы бүгіннен бастап шеше бастау керек».

Басқосуда мұнан басқа да көптеген ұсыныстар айтылды. Олардың барлығы да мәселені нақты зерттеу керек екендігіне келісті. Бір жарым ай шамасы мөлшерінде сараптамалық жұмыстар жүргізілуі керек. Ал тамыз айының соңына қарай нақтыланған, негізделген ұсыныстар әзірленіп, бағдарлама жобасына енгізілуі тиіс. Осы бағытта алғашқы қадамның жасалуының өзі үлкен үміт туғызады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button