Аймақтар аухалы

Құрылыс қарқыны үш есе артты

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Глубокое ауданында соңғы бір жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17,9%-ға өсіп, 11,6 млрд теңге, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 18,9% өсіммен 2,8 млрд теңге болды. Енді алдағы үш жылда ауданда қанша баспана мен мектеп салынады, неше шақырым жол жөнделеді? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Эльдар Тумашинов баяндады.

Ауданның мемлекеттік органдарының қызметі тұрғындардың қажеттіліктерін сапалы қамтамасыз етуге бағытталған.

  • Ағымдағы жыл аудан тұрғындарымен дәстүрлі кездесулерден басталды. Жиындар барлық 40 елді мекенде өткізіліп, ауданның 17 ауылында жеке кездесулер болды. Ауылдық округтердің орталықтарына ғана емес, жекелеген ауылдарға барып, ондағы жұртшылықтың тыныс-тіршілігін көрдім. Мұның бәрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, көлік инфрақұрылымында, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда ерекше назар аударуды талап ететін проблемаларды анықтап, қолға алуға мүмкіндік берді. Осы мәселелерді шешу алдағы үш жылға жоспарланып отыр, – деді Эльдар Лұқбекұлы.

Брифингте айтылғандай, биыл 30 ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу, қайта жөндеуден өткізу, орташа және ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 57 жобаны іске асыруға 2,2 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.

Ұзындығы 12 шақырым аудандық маңызы бар Предгорное – Верх-Уба автокөлік жолын орташа жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 680 млн теңгеге Предгорное, Винное, Черемшанка, Секисовка ауылдарының жолдары орташа жөндеуден өтіп, көшелері жарықтандырылады. Кент ішіндегі 19 шақырымнан астам жол жөнделіп, 600-ден астам жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланып отырғандығы айтылды.

Бұдан басқа тоғыз ауылда 105,2 млн теңгеге жалпы ұзындығы 15,3 шақырым көше жолдарына шұңқырларды бітеу және қиыршық тас төгу түрінде ағымдағы жөндеу жүргізілмек.

Ауданның жеті ауылында көшелерді жарықтандыру жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 78,5 млн теңгеге 260-тан астам жарықтандыру тірегі орнатылады.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бойынша екі жобаны іске асыру басталады. Бұл – Малоубинка ауылында су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салу және Степное ауылында сумен жабдықтау жүйесін жаңарту. Сондай-ақ Алтайский кентінде және Опытное поле ауылдарында тазарту құрылыстары мен кәріздерді жаңарту бойынша екі жобаны аяқтау жоспарланған.

Белоусовка кентінде, Предгорное, Перевальное ауылдарында 131 млн теңгеге қолданыстағы сумен жабдықтау желілері жөнделіп, Глубокое кентінде 9,3 млн теңгеге суды тазартудың блок-модульді станциялары орнатылады.

Халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін Зимовье ауылында антенналы діңгек құрылысы салынады.

Быструха, Черногорка, Тарханка, Ново-Михайловка ауылдарында 46,7 млн теңгеге балаларға арналған төрт спорт алаңын орнату жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бес әлеуметтік нысан жөндеуден өтеді. Оның біреуі білім беру мекемесі болса, төртеуі – Мәдениет үйі.

Аудан әкімі Эльдар Тумашинов алдағы үш жылда шешілетін мәселелерге де тоқталып өтті. Атап айтсақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Белоусовка кентінде, Опытное поле, Прапорщиково ауылдарында 300 орындық үш мектеп салу арқылы оқушы орындарының тапшылығы жойылады.

Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту – кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда, Глубокое ауданында төрт дәрігерлік амбулатория, Уварово ауылында фельдшерлік-амбулаторлық пункт пен 226 км Разъезде медициналық пункт салынатындығы айтылды.

Сонымен қатар Белоусовка кентінде 150 орындық Мәдениет үйін салу, Бобровка ауылында көпір салу, Верхнеберезовский, Бобровка, Ушаново ауылдарында сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту, Тарханка – Топиха – Черемшанка автокөлік  жолын қайта жаңарту жұмыстары да таяу жылдар еншісінде.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатында, екінші жыл қатарынан пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті қойылды, оның ішінде облыс бойынша жоспар 120 мың га болса, біздің аудан бойынша 2,5 мың га жайылымдық жер бар. Жыл басынан бері ауданға 299 га (12%) жер қайтарылды. Биыл ауданның елді мекендерінің бас жоспарларын әзірлеу және түзету бойынша жоспарлы жұмысты бастаймыз, – деді аудан әкімі.

Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 550 млн теңгеге  өздігінен жүретін сегіз техника сатып алған.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылмен салыстырғанда үш есе өсіп,

306 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Екі ірі инвестициялық жобаны іске асыру жалғасады. Олар – Веселовка ауылында астық қоймасын салу және Малоубинка ауылында астық кептіру кешенін жаңғырту.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданда туристік сала да белсенді дамып келеді.

Быструха ауылында 17 бөлмелі, жайлы қонақүй, спа-орталық, тау шаңғысына арналған демалыс орны мен мұз айдынын, Таулы Үлбі ауылында 16 бөлмелі қонақүй салу жоспарланып отыр.

Қазір ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны – 2 641. Жыл басынан бері «Тәп-тәтті» дәмханасы, автосервис, «Тоқыма бұйымдары» дүңгіршек-дүкені және Опытное поле ауылында азық-түлік дүкені ашылған.

Кәсіпкерлікті қолдау шараларына тоқталсақ, жеңілдетілген алты пайыздық мөлшерлемемен «Іскер» бағдарламасы бойынша 76 млн теңгенің 15 несиесі берілмек.

  • Барлығы 260 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 17 адам бос жұмыс орындарына, 171 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 14 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, жастар тәжірибесіне – төрт, бірінші жұмыс орнына – үш, «Күміс жас» жобасы бойынша – 23, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 28 адам тартылды, оның 18-і оқуын бітіріп, сертификат алды, – деді аудан әкімі.

Ауданның әлеуметтік осал тұрғындарын қолдау үшін 75,5 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылып, қазіргі уақытта әлеуметтік төлемдермен он адам қамтылған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын 89 отбасына 12,4 млн теңге төленген.

14 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие, 50 жас маманға

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақысы беріледі.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button