Саясат

Кәсіпкерлерді орынсыз тексеруге тыйым салынады

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында қоғамдық кеңес мүшелері бас қосып, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі департаментінің (қаржы полициясы) коррупцияның тамырына балта шабу бағытында атқарып жатқан шараларын талқылады. Кеңеске «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қатысты.

Кәсіпкерлерді орынсыз тексеруге тыйым салынадыБизнес өкілдерін мемлекеттік органдар тарапынан жасалатын тексерулерден қорғау отырыстың өзекті тақырыбына айналды.

– Шағын және орта бизнес субъектілерін себепсіз тексеруге тыйым салынды. Қаржы полициясының коммерциялық құрылымдардың жұмысына араласуының кез келген фактісі қылмыс болып табылады. Сондай-ақ, өзге де бақылаушы органдар тарапынан жасалған заңсыз тексерулер анықталған жағдайда басшылық пен орындаушылар тәртіптік жауапкершілікке тартылады, лауазымынан босату жазасы да қолданылады, – дейді қоғамдық кеңестің төрағасы, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес жөніндегі департаментінің бастығы Бәделхан Камалханұлы.

«Себепсіз тексерулерге тосқауыл қою шағын және орта бизнес өкілдерінің заңсыз әрекеттер жасауына болады деген сөз емес» деген қаржы полициясының бастығы кәсіпкерлердің мемлекетке зиян келтіретін кейбір заңсыз әрекеттерін алға тартты. Заңсыз бизнеспен айналысатын мұндай субъектілер қаржы полициясының тілінде «көлеңкелі экономика» деп аталады.

– Ең басты назар жалған кәсіпкерлікке (өткен жылы облыс соттары 74 салық төлеушіні жалған кәсіпорын деп таныған), өнімдердің заңсыз айналымына, контрафак-тілі өнімдерді өндіру мен тұтынушыларға таратуға (өткен жылы алкоголь және аудиовизуалды өнімдерді өндіретін төрт жерас-ты цехы анықталған, жыл басынан бері бір жерасты алкоголь өнімдерін өндіретін цех әшкереленді), контрабанда мен капиталды шетелге шығаруға, заңсыз пайда көздеріне, салықтық қылмыстарға, ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге аударылады, – деді Бәделхан Камалханұлы.

Жемқорлықтың алдын алу мен қылмысты ашу басқармасының бастығы Қайрат Сапарғалиевтің айтуынша, шағын және орта бизнесті заңсыз тексерулерден қорғау жөніндегі Елбасының тапсырмасына орай агенттік төрағасы қаржы полициясы органдарының шағын және орта бизнес субъектілерін тексерудің тәртіптерін белгілеген. Анонимдік шағымдарды тексеруге, сондай-ақ, тергеу амалдары кезінде тексеру жүргізуге тыйым салынған.

Шағын және орта бизнесті тексерудің өзге де шектеулері жетерлік, соның бірі – «Жеке кәсіпкерлік туралы» ҚР Заңының талаптарын орындау.

– Өкілетті органдардан бізге келіп түскен материалдарды тексеру ҚР Қылмыстық кодексі баптары бойынша қылмыстың құрамы анықталғаннан кейін ғана жасалады. Бүгінгі күні тергеу амалдары жүріп жатқан кезде кәсіпкерлікті тоқтатуға, сондай-ақ ғимаратты жабуға жол берілмейді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерін түнгі уақытта, мейрам, демалыс күндері шақыртуға да тыйым салынған, – дейді Қайрат Сапарғалиев.

Кездесуде қаржы полициясының қызметкерлері кәсіпкерлердің өздері де заңсыз бизнеспен айналысушыларды әшкерелеуде қол ұшын созуларына ұсыныс білдірді.

Қоғамдық кеңестің белсенді мүшелері кәсіпкерлік жұмыстың тоқтатылуына жол берген шенеуніктердің жазасыз қалатындықтарына, тендерлердің әділетсіз өтетіндіктеріне, бюджеттік қаржының жымқырылуына наразылықтарын білдіріп, пікірлерімен бөлісті.

Кездесу сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.

– Сіздердің бүгінгі басқосуда айтқан ұсыныс, тілектеріңіз осы жерде қалмайды. Біз олардың барлығының басын қосып, тиісті құрылымдарға жолдаймыз, – деп сендірді қоғамдық кеңес мүшелерін Түсіпхан Түсіпбеков.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button