Көшедегі заңсыз саудаға қашан тыйым салынады?

Өскемен қаласында көшеден сатып алынған шикі сүтті ішкен екі тұрғыннан бруцеллез дерті анықталды. Осындай жайсыз оқиғаларға қарамастан көшедегі заңсыз сауда қызып тұр. Шаһардың «Колос», «Березка» дүкендері мен «Жәрдем» базары маңында және «Заречный» базарының Тәуелсіздік даңғылы жағында саудагерлер сүт өнімдерінен бастап, балықтың түр-түрін, қолдан қалбырланған (консервіленген) көкөніс өнімдерін саудалап жатады.
Олардың ешқайсысында санитарлық кітапша жоқ
Облыс орталығындағы Тәуелсіздік даңғылы, 8/1 үйінің маңында қысы-жазы сүт өнімдері сатылады. Ұлан ауданының қалаға жақын ауылдарының тұрғындары осы жерде нәпақаларын айыруды жақсы жолға қойып алған. Ең өкініштісі, тұтынушыларды сүт, қаймақ, ірімшік сияқты ағарған өнімдердің көктемгі лайсаңда жерге қойылып сатылып жатқаны да, жазда ол жер шыбын-шіркейдің ордасы болатыны да онша қобалжытпайтыны. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттің Өскемендегі тамақтану нысандарын санитарлық қадағалау жөніндегі бөлімінің басшысы Айгүл Тоқтасынқызының айтуынша, ұйымдаспаған көше саудасы орындарында сатылатын азық-түліктер жұқпалы аурулардың таралуына жол ашады. Өйткені, көшеде сатылатын азық-түліктердің сапасына ешкім кепілдік бермейді. Оның үстіне тағамдарды сақтау ережесі санитарлық талапқа сай болмағандықтан, жіті ішек жұқпасы, тамақтан улану және басқа да қауіпті жұқпалы дерттерге шалдықтыруы мүмкін. Сауда жасауға рұқсат етілмеген орындардан сапасы белгісіз азық-түлік өнімдерін сатып алу арқылы тұрғындар өздері мен жақын адамдарының денсаулығына қауіп төндіретіндерін ескермей-ақ келеді.
Бөлім басшысының айтуынша, әр бұрышта ауыл шаруашылық өнімдерін саудалап отырғандардың сауда жасауға рұқсаттары, жеке медициналық кітапшалары жоқ. Мерзімді медициналық тексеруден, флюорографиядан өткен-өтпегендері тағы белгісіз. Демек саудагерлердің өздері де әртүрлі жұқпалы аурулардың көзі болуы мүмкін. Ең бастысы, ауруханаға жұқпалы аурулармен түскен әрбір жағдайды эпидемиологтар жан-жақты тексереді екен.
– Өскемендік екі тұрғын сарып дертімен емдеу орнына түсті. Олардың сөздеріне сенсек, өздерінің жеке қожалықтары жоқ. Көшедегі саудагерлерден алған сүтті пісірмей ішкендерін айтады. Аурудың көзі көшеде ешқандай сараптамасыз сатылатын сүттен екені анықталды, – дейді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменті аса жұқпалы инфекциялар бөлімінің меңгерушісі Бақыт Сағындыққызы.
Өскемендегі №1 қалалық аурухананың №1 жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, қаланың бас инфекционисі Нина Фомичева бруцеллез ауруын жұқтырғандар дәрігерлік көмекке кеш жүгінетінін айтады. Оның басты себебі – ғаламтордың кең етек алуы. Өзін жайсыз сезінген адам алдымен интернет арқылы өзінің «ауруын» іздеп, тауып алады. Сосын өз бетімен емделе бастайды: алдымен суық тиюден, сосын тұмаудан. Осылайша уақыт өте береді. Дерт әбден асқынып, сүйектерді қақсатып, артритке ұшырағанда ғана дәрігерге келеді.
– Сарып ауруы адамнан адамға жұқпайды. Оны тек ауру малдың етін бөлу-мүшелеу кезінде немесе өнімдерін пайдаланған кезде жұқтыруға болады. Біздің адамдар қалай ойлайды? Оларға дертке шалдыққан малдың арам өліп қалғаны обал, сондықтан оны тезірек сойып алуға тырысады. Бруцеллездің ең қауіптілігі – созылмалы түрге айналып кетуі. Өз бетімен емделгендердің басым бөлігі ешқандай ем қонбағаннан кейін ғана дәрігерге келеді. Сарып ауруы ер адамдардың белсіздігіне, ал жас келіншектердің бедеулігіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Өйткені, ауру малдарда түсік тастау не болмаса төлдің өлі тууы жиі кездеседі. Дерттен сақтану үшін заңсыз сауда орындарынан сатып алынған ет пен сүтті міндетті түрде пісіріп барып, пайдаланған абзал. Ал қайнатуға келмейтін ірімшік, қаймақ, май сияқты сүт өнімдерін қолдан алудың қажеті жоқ, – деген пікірін жеткізді Нина Алексеевна.
Өз басым осы уақытқа дейін көшеде сүт не қаймақ сатып алып жатқан бір де бір адамның сатушыдан медициналық кітапшасын көрсетуді өтінгенін көрмеппін. Қолдың қаймағы мен ірімшігін қанша аңсасам да, маған көшедегі саудагерлердің өнімдерін алайын деген ой ешқашан келген емес. Соған қарамастан жұмысқа келе жатып, жолда сүт өнімдерін сатып отырған сатушыларға жақындадым. Жерде не болмаса лас қораптардың үстіне орналасқан өнімдерді көргеннен-ақ оларды жегенді қойып, дәмін татуға зауқым жоғалып кетті.
– Кешіріңіздер, бұл қай жақтың өнімдері?
– Бестеректенбіз, келіңіз, алыңыз, сүттің литрі – 130 теңге,
қаймақ пен ірімшік те бар.
– Ал сіздің санитарлық кітапшаңызды көруге бола ма?
– Машинада жатыр, оны қайтесіз? Мен өзім ветеринармын, барлық құжаттарымыз түгел, жан сақтау керек қой бізге де, – деп бастырмалата жөнелді сатушы жігіт.
Өздеріңіз де түсінгендей, олардың ешқандай құжаттары болмай шықты. Тіпті, сол жерде сауда жасап отырғандардың ешқайсысы да былқ еткен жоқ. Бәрі күнкөрістің қиындығын, бала-шағаны асырау қажеттігін алға тартып, саудаларын ары қарай жалғастыра берді. Менің кім екенімді сұрап-білген бестеректік апа қайта өзіме қолқа салды.
– Қарағым, сен одан да біздің туымызды көтеріп, қолдап шықсаңшы. Әлгі базарларыңда орынға бәленбай мың ақша төлейсің, оның үстіне мәслихат дегені тағы бар. Күнделікті әкелген өніміңе сараптама жасағаны үшін тағы мың жарым теңге төлейсің, не болмаса сонау Согра кентіне зерттеуге өзің апаруың керек. Бұған қоса медициналық кітапшаңды үш ай сайын жаңартып тұруың қажет, ол үш мың теңге тұрады. Біз осыншама шығынды қалай өтейміз?
Апамыздың әңгімесінен ұққанымыз, ана жерде сауда жасап тұрған келіншектің балалары студент, осында оқиды, күйеуі жоқ. Сонда ол балаларын қалай оқытып, жеткізбек? «Айналайындар таңертең шешелерін таксиден тосып алып, осы жерге жетуіне көмектеседі. Ауылда жұмыс жоқ. Менің де ақсақалым науқас, қарағым, жетіскеннен жүрген жоқпыз» деп налыды апа.
Саудагерлердің айтысына қарағанда, олар күніне бар болғаны 10-15 литр сүт, азын-аулақ қаймақ пен ірімшік, құрт әкеледі екен. Оның үстіне осы жерде бірнеше жылдан бері сауда жасап келе жатқандықтан, өздерінің тұрақты тұтынушылары да бар көрінеді.
Жетпістен асқан қарияларды сотқа сүйреуден шаршадық

Көшедегі заңсыз сауданы жою үшін қалалық әкімшілік пен құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп келе жатқан шаралар әзірге ешқандай нәтиже бермей тұр. 2009 жылдан бері бұл мәселемен айналысуға тиісті органдар бірнеше рет өзгеріп отырған. 2009 жылдан 2012 жылдың маусымына дейін көше саудасы мәселелерімен қалалық кәсіпкерлік бөлімі айналысып келіпті. Ал дәл осы 2012 жылдың 21 маусымында әкімшілік Кодекстің 165-бабына енгізілген өзгертуден кейін заңсыз сауда жасағандармен жүргізілетін жұмыс құқық қорғау органдарының құзырына берілгенімен, істі қарап, шешім шығару соттың қарамағында қала берген.
– Сол кезде жетпістен асқан қарияларды сотқа сүйреуден шаршадық, – дейді Өскемен қалалық әкімшілік полиция бөлімі табиғатты қорғау бөлімшесінің басшысы Еркін Қабылахатов. – Біз тек хаттама толтыруға ғана құқылы болдық, ал шешімді сот шығарады. Көшеден ұстаған әрбір саудагерді (олар көбінде зейнет жасындағы егде жандар болып келеді) дедектетіп сотқа сүйрейміз. Сотта алдымен ескерту жасалынады, сосын бір АЕК көлемінде айыппұл салынады, ең үлкен айыппұлдың мөлшері – бес АЕК. Жазаның мұндай жеңіл түрі заңсыз саудаға тосқауыл бола алмайды. Олармен қанша әңгіме жүргізсек те, саудалауды қоймайды, өздерінше жасай береді.
2013 жылдың 21 маусымынан бері көшедегі заңсыз саудамен күрес жұмыстары толығымен құқық қорғау органдарына берілген. Қазіргі таңда әкімшілік полициясы табиғат қорғау бөлімшесінің қызметкерлері өздері хаттама толтырып, өздері шешім шығаратын болыпты.
Еркін Қабылахатовтың пікірінше, көшедегі саудагерлерді арзан сауда орындарымен қамтамасыз етпей, бұл проблеманы шешу мүмкін емес.
– Заречный базарының Абай даңғылы жағында көкөністер сататын павильондар орнатылғалы жағдай біршама түзелді, – дейді бөлімше басшысы. – Жерге жайып қойып, жеміс-жидек сатып отырғандарды енді ол жерден кездестірмейміз. Ал сүт өнімдерін саудалайтындарға ондай жағдай жасауға келмейді. Себебі, олардың өнімдеріне сараптама жасайтын зертхана бұл жерде жоқ.
Бір қасық салат жеткіншектің өмірін қиып кетті
Мамандар үй жағдайында әзірленген қалбырдағы көкөністер, саңырауқұлақ, ет және ет өнімдері улануға әкеліп соғатынын және оның жылан уынан да күшті ботулизмді тудыруы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Осыдан 2-3 жыл бұрын астаналық 20 жастағы Данияр Садықовтың баклажан салатының бір қасығынан ғана уланып, қайтыс болғанын білеміз. Тексерулер баклажан салаты базар маңында тұратын, үйден салат жасап сататын әжейден алынғанын анықтаған болатын.
Ботулизм – құрамында токсині бар тағамдарды пайдаланудан болатын, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті ауру. Ботулизмнің килинкалық белгілері сапасыз тағамды пайдаланғаннан кейін, бірнеше сағат немесе бірнеше күннен соң біліне бастайды. Сапасыз тағамның дәмі, түсі өзгереді, ыдыста консервіленген болса, қақпағы томпаяды. Мұндай тағамдар өте қауіпті.
Қалай десек те, тұтынушылардың көшедегі арзан өнімге деген сұранысы жойылмайынша, заңсыз сауда өркендей бермек. Алайда, «Заречный» базарының ішіндегі сүт өнімдерінің бағасы көшедегіден қымбат емес. Далада шаң-тозаң араласқан қаймақтың бір литрі 1200 теңге болса, базарда 1300 теңге. Ірімшіктің бағасы бірдей: келісі 800 теңгеден. Бұл жерде әр адамның ішкі мәдениетінің деңгейі, өзінің денсаулығына деген жауапкершілігі ғана оны белгісіз сатушыдан тексерілмеген өнімді сатып алудан сақтайды.
Жақында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев алдағы уақытта көшедегі заңсыз сауда үшін жазаны күшейтуді қолға алғалы отырғандарын айтқан болатын. Жалпы деректерге сүйенсек, еліміздегі заңсыз саудамен айналысатын базарлардың үлесі – тұп-тура 50 пайыз! Ал сауда орталықтары сияқты заңды нысандар 17 пайызды ғана құрайды екен…
Айна Ескенқызы