Тікелей байланыс

Кәсіби мамандар ауылдарға неге барғысы келмейді?

«Дидардың» редакциясында өткен тікелей байланысқа облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар қатысып, газет оқырмандарының сауалдарына жауап берді.

Кәсіби мамандар ауылдарға неге барғысы келмейді?Ербол ҚАЛИЖАНОВ, Өскемен қаласы:
– Жаңа инновациялық технологияларды меңгеру бойынша облыстық мәдениет саласында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Жалпы әлем қазіргі уақытта жаңа инновациялық технологияға өзінің бейімділігін арттырып жатыр. Бұдан мәдениет саласы да ешқашан сырт қала алмайды. Жаңа инновацияға, халыққа қызмет көрсетудің заманауи үрдістеріне мәдениет саласы да бірінші болып енуі керек. Өйткені, мәдениет саласы бірден-бір халыққа қызмет көрсету жүйесі болып саналады. Қазір жаңа инновация мәдениет орындарына да келіп жатыр. Сізге бір ғана мысал айтайын. Өскемендегі облыстық Пушкин атындағы кітапхана Қазақстандағы бірден бір RFID жүйесін орналастырған кітапхана болып табылады. RFID жүйесі дегеніміз не? Бұл қызмет көрсетудің жаңа түрі. Енді сіз оқырман билетін алу үшін, 3Х4 суретке түсіп әуре болмайсыз. Бұрынғыдай сізге қажетті дүниені кітапханашы іздеп, тауып бермейді. Бәрін өзіңіз іздейсіз. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл алдыңызда жайылған швед үстелі секілді. Үйге кітап алғыңыз келсе, терминал оны автоматты түрде тіркеп, тіркеуден алатын болады. Жалпы инновациялық жобалар бойынша басқа кітапханалармен, мұражайлармен де жұмыс істейміз. 2013 жылы бүкіл мәдениет мекемелерінде Wi-Fi орнатуды көздеп отырмыз.

Оралғазы ҚАЖАЕВ, Катонқарағай ауданы:
– Ауданға қарасты ауылдардағы клубтарда қазіргі күні кәсіби мамандар жетіспейді. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Қойып отырған сауалыңыз өте орынды. Өзіңіз білесіз, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы өте төмен. Сол себепті өнер адамдары ауылды жерлерге көп барғысы келмейді. Қазіргі күні біз бұл мәселені шешу үшін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваториямен, сондай-ақ Жүргенов атындағы өнер академиясымен байланыс орнатып, жұмыс істеп жатырмыз. Ол жерде оқитын өзіміздің жерлестерімізді тізімге алып, олардың туған жерге оралып, жұмыс істеуі үшін келіссөздер жүргізудеміз. Әрине, өнер ордасы түлектерінің өз туған жеріне оралып, еңбек етуіне аудан басшылығы да мүдделі болуға тиіс. Егер аудан басшылығы талантты жастарды баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік жағдайына қарайласатын болса, бұл мәселе өз шешімін табатыны сөзсіз. Біз жастарды ауылға шақыруымыз үшін белгілі бір нәрсемен қызықтыруымыз керек.

Гүлнар МҰҚЫШЕВА, студент, Өскемен қаласы:
– 2013 жылы қандай мәдени нысандарды ашу көзделіп отыр?

– 2013 жылы облыс орталығы Өскеменде қазақ драма театрының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Егер шынында да біз күткендей театр пайдалануға берілетін болса, бұл облысымыздың мәдени өмірінде үлкен жаңалық болмақ. Өйткені, Өскемен – республика бойынша өзінің қазақ драма театры жоқ жалғыз облыс орталығы болып саналады. Сонымен қатар 2013 жылы облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайын толық жөндеуден өткізбекпіз. Әрине, өңіріміздің аудандары мен қалаларында да бірнеше мәдени нысандар ашылмақ. Былтыр Абай, Аягөз, Күршім, Катонқарағай секілді төрт ауданда мұражай ашылды. Мұндай жұмыстар 2013 жылы да жалғасын тауып, 10-ға жуық мәдениет үйлері жөндеуден өткізіледі.

Жанар ҚАСЫМХАНОВА, Катонқарағай ауданы, Балғын ауылы:
– Биыл біздің атақты жерлесіміз Оралхан Бөкейдің туғанына 70 жыл толмақ. Осы мерейтойға орай облыстық, республикалық деңгейде неге айтыс өткізбеске?

– Жазушы жерлесіміз Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойы біз үшін үлкен мереке. Сол себепті оны лайықты деңгейде атап өтуге көп күш жұмсалады. Қазіргі уақытта аталмыш шараны ұйымдастыру бойынша арнайы комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары дайындалуда. Жыл басында барлық ұсыныстар мен ескертулер жинақталып нақты шаралар тізімі жасалады.

А.АУКЕНЕВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
– Облыстың мәдени мекемелерінің дамуында жуық арада қандай басты бағыттар белгіленген?

– Біз 2013 жылы бірқатар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Өздеріңізге белгілі 2011 жылы алғашы рет ұйымдастырылған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форумы, ІІ республикалық «Жан серігім – гитара» атты фестивалін, ІІ республикалық «Өз елім» атты өзге ұлт өкілдерінің фестивалі, халықаралық Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» конкурсы, республикалық деңгейде жерлесіміз О.Бөкейдің 70-жылдығына арналған шаралар, республикалық «Ағажай – Алтай» фестивалі, халықаралық «Шығыс шынары» мүшәйрасы, Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерін шетелдерде және басқа облыстарда өткізетін боламыз. Сонымен қатар, «Халық дауысы» жобасы аясында «Мәдениет сенбілігі», «Түнгі мұражай», «Жазғы мұражай», тағы да басқа шаралармен қатар болады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бірқатар халықаралық және республикалық деңгейде шаралар ұйымдастырылады.

Нұрлан САҒЫНТАЕВ, Өскемен қаласы:
– Мен «Ақ Ертіс» журналының оқырманымын. Осы журнал облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қаржы бөлінбегендіктен тоқтап қалып отыр. Осы журналды қайтадан қолға алу ойларыңызда жоқ па?

– Жалпы Шығыс Қазақстан әдебиетке де, мәдениетке де бай өлке ғой. Сондықтан да біз журнал шығаратын болсақ, ұятқа қалмайтындай жақсылап шығаруымыз қажет деп ойлаймын. Айналдырған екі-үш жазушының жазғанын жариялай беретін журналды журнал деуге болмайды. Шығара алмасақ, шамамыз жетпесе, онда қоюымыз қажет. Облыстық мәдениет басқармасынан «Ақ Ертіс» журналына 2012 жылы екі миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұрын бұл журнал облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан шығарылып келген-ді. Кейін облыстық әкімдіктің шешімімен облыстық халық шығармашылығы орталығы жабылып қалды. Сөйтіп, әкімдіктің іс басқармасы жанынан «Өрлеу» мемлекеттік мекемесі құрылды. Ал енді әділет басқармасы бекіткен «Өрлеу» мемлекеттік мекемесінің жарғысында журнал шығару мәселесі қарастырылмаған. Егер шығаратын болса, бұл заңға қайшы болып шығады. Сол себепті «Ақ Ертіс» журналы тоқтап қалды. Дегенмен де, қазір біз журналды шығарудың басқа жолдарын қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта қандай мәдени мекеменің жарғысында журнал шығару бар, соған бермек ойымыз бар. Содан кейін «Ақ Ертіс» журналын халыққа тарату мәселесінің де дұрыс жолға қойылмағанын айта кеткім келеді. Тіпті ауылдағы ағайын мұндай журналдың бар екенін де білмейді. Сондықтан журнал шығарсақ, дұрыстап шығарайық дегім келеді.

Әлия САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ, Аягөз ауданы:
– Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақылары неге төмен. 30-35 мың теңге ғана. Қашан көтеріледі?

– Басқа салаларға қарағанда мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы төмен екені рас. Бірақ әзірге бұған көнгеннен басқа жол жоқ. Дегенмен 30-35 мың ауылды жер үшін жақсы ақша деп есептеймін.

Ертарғын ҒИБРАТҰЛЫ, Глубокое ауданы:
– Өңірімізде мәдениет үйі жоқ жалғыз аудан ­– Глубокое. Біреулер Глубокое ауданында биыл мәдениет үйі салынады десе, енді біреулер қаржы бөлінбепті дейді. Осы мәселе таяу уақытта шешіле ме?

– Глубокоедегі жағдай бәрімізге белгілі. Облыс Әкімі де мұны жақсы біледі. Кезінде Өскеменде де, барлық аудан орталықтарында да мәдениет үйі болған. Бірақ тоқсаныншы жылдары дені сатылып, талан-таражға түсіп кеткен. Енді оларды қайтару үлкен мәселе болып отыр. Дегенмен Глубокоеде бұл мәселенің түйіні алдағы жылдары тарқатылып қалар деген сенімдемін.

«Дидар»:
– Жарма ауданына қарасты Шалабай елді мекеніндегі мәдениет үйі кезінде айтулы мәдениет үйлерінің бірі болғаны рас. Сол мәдениет үйі тоқсаныншы жылдары қолдан-қолға өтіп, ақыры бұзылып тынды. Осы ауылдағы Қуаныш Сүлейменов атты кәсіпкер оны қайтадан қалпына келтіруге тырысып жүр. Шалабайдағы мәдениет үйін қалпына келтіруге мәдениет басқармасы қандай көмек бере алады?

– Егер Шалабайдағы мәдениет үйін жергілікті кәсіпкер қайтадан қалпына келтіріп жатса, біз оны әркез қолдауға дайынбыз. Ол үшін ауданнан келген құжаттар дұрыс болуы керек. Бұл мақсатта біз экономика және бюджетті жоспарлау басқармасымен де бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Мәдениет басқармасы мұндай бастамаларды әрқашан қолдайды және сахнаны безендіруге, костюмдермен қамтамасыз етуге қол ұшын әрдайым созады.

Елена ЛИФАНОВА, Зырян ауданы, Соловьево ауылы:
– Соловьево ауылындағы мәдениет ғимараты өте ескі. Таяуда комиссия келіп, осы ғимаратты әрі қарай пайдалануға болмайтынын ескертті. Осы орайда менің сізден сұрайын дегенім, біздің ауылда жаңа мәдениет үйін салу жоспарларыңызда бар ма?

– Соловьево ауылындағы жағдайды жақсы білемін. Бұл ауылда өте жақсы өнер ұжымдары бар. Бірақ мен құрылыс басқармасының бастығы емеспін. Бұл мәселе бір-екі жылдың көлемінде шешіледі деп тағы да айта алмаймын. Тозығы жеткен мұндай мәдениет үйлері облыс көлемінде өте көп. Неғұрлым кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз. Менің білуімше, Соловьево тірек ауылы болғандықтан, мұнда жаңа орталық салуға әбден болады.

Ш.БАҚАТАЕВ, Үржар ауданы:
– Қазір өңірде қанша халық театры бар? Аудандағы театрлардың деңгейін қалай бағалайсыздар?

– Облыста өткен жылы бірінші рет «Халық театрлары» фестивалі ұйымдастырылып, 8 ауданнан 10 театр ұжымы қатысты. Бұл облыс көлеміндегі театрлардың мәдени қарым-қатынасын кеңейтіп, шығармашылық байланысын нығайтудағы, шынайы өнер бәсекесін жандандыру, тәжірибе алмасу, театр өнерін дамытудағы мықты шара болды. Қазір біздің бұл бастамамызға тіпті Мәдениет және ақпарат министрлігінің өзі үлкен қызығушылық танытып отыр.

Тілеген АХМЕТОВ, Семей қаласы:
– Облыстық Жамбыл атындағы және Семей қаласындағы Абай атындағы драма театрлары бас режиссерлерге мұқтаж. Осы мәселе қашан шешімін табады?

– Бұл тек біздің облыс деңгейіндегі ғана емес, республика бойынша үлкен мәселе. Былтыр Жамбыл атындағы драма театрының режиссерлігіне Ерсайын Тәпенов деген азаматты шақырғанбыз. Бірақ ол кісі өзінің денсаулығына байланысты режиссер болудан бас тартты. Қазір іздестіріп жатырмыз. Тіпті, режиссердің үйін де дайындап қойдық. Оның үстіне келесі жылы жаңа театр пайдалануға берілмекші. Мен режиссер мәселесі осы жылы шешімін табады деп үміттенемін.

Жәнібек ЖАРАС, Аягөз ауданы:
– Өнер адамдарының еңбегін бағалап, атақ беруде неге ауылдардағы өнер адамдары ұмыт қала береді?

– Бұл сауал енді шындыққа жанаспайды деп айта аламын. Өткенде ғана Абай ауданында төрт адамға «Мәдениет саласының үздігі» белгісін тапсырдық. Зайсан ауданында мұндай атаққа 3 адам ие болды. Жарма ауданында «Мәдениет саласының үздігі» атағын былтыр 9 адам алды. Аудандардағы өнер адамының еңбегін бағалауда кемшілік кетіп жатса, оған аудандардағы мәдениет саласын басқарып отырған жігіттер жауап беруі тиіс.

Ерік МҰХАМЕДИЯРОВ, Өскемен қаласы:
– Көптеген облыс орталықтарында айтыс ақындарының мектебі бар. Бізде неге жоқ? Мұны құруға болмай ма, әлде, қажеттілік жоқ па?

– Әрине, қажеттілік бар. Өйткені, айтыс дегеніміз қазақ халқының өзімен бірге жасап келе жатқан өнер ғой. Ресми түрде тіркелмегені болмаса, айтыс ақындарының мектебі негізінде бізде де бар. Мысалы, айтыскер ақын Аслан Ғафуров біраз жігіттерді дайындап жүр. «Дарын» орталығында да біраз талантты жастар бар. Ал егер ақындардың арасынан суырылып шығып, мен айтыс ақындарының мектебін ұйымдастырамын деп жатса, біз әрқашан оларды қолдауға әзірміз.

Көптілеу ОРЫНБАСАРОВ, Семей қаласы:
– Көптен бері жыр болып келе жатқан Жидебайдағы қонақүй мәселесі қалай шешілді?

– Мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Өйткені, Жидебайдағы қорық-мұражай – республикалық нысан. Сондықтан біздің бұл мәселеге араласуға заңды құқығымыз жоқ. Алдағы уақытта салынып қойған қонақүй басқа мақсатқа пайдаланылуы мүмкін.

Тікелей байланысты жүргізген – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button