Кәріс кәсіпкерлері марал шаруашылығын дамытуға мүдделі
Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Корея Республикасынан келген «HK group» холдингінің өкілдерімен кездесті. Аталмыш холдингтің төрағасы Саймон Ким және Сеул қаласының бұрынғы вице-мэрі Бион О Так аймақ басшысына өз бизнес-жоспарларын ұсына отырып, біздің облыс аумағында көптеген ауқымды жобаларды іске асырғысы келетіндіктерін айтты.
Кореядан келген бизнесмендер біздің облыспен іскерлік байланыс орната отырып мырыш және мыс кен орындарын әзірлеу жұмыстарының көлемін ұлғайтқысы келетіндіктерін жеткізді. Жылу электр станциясын салу, сонымен қатар біздің аймақта жеңіл өнеркәсіпті, ара, марал шаруашылықтарын дамытып, Led шамдар өндіру, жылыжайлар салу ойларында бар екен.
Облыс Әкімі кореялық іскер топқа өңірде алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдайдың жасалатынын айтты.
– Кен орындарын тізе қоса отырып игеруге қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалған, екі ел арасындағы тығыз экономикалық байланыс көптеген жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік туғызады. Құрылысы қолға алынуы мүмкін жылу электр станциясы да біздің өңірімізге ауадай қажет, себебі, қазірдің өзінде елімізде электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Өздеріңіз айтып отырған электр энергиясын үнемдейтін шам өндірісін ашудың да қажеттілігі бар, Елбасымыз да осындай шамдарды тұтынудың пайдасы мол екендігін айтқан болатын. Әсіресе, ара және марал шаруашылығын дамыту саласына көңіл бөлеміз. Қажет болса, меморандумға қол қоюға әзірміз, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Кореялық бизнесмендердің негізгі мақсаттарының бірі – балға арналған ыдыстар өндіретін зауыт құрылысын бастау. Ол үшін олар жалға жер телімін және жұмысқа қажетті жағдай сұрай келіпті. Сонымен қатар Алтайдың балы мен бұғы мүйізін, мырыш, никель, мыс сияқты түсті металдарды сатып алу жоспарда бар. Кореялықтардың тағы бір ауқымды жобаларының бірі – облыс аумағында шұлық тоқитын фабрика салу.
Ұсынылған бизнес-жобалардың ішінде көмір қалдықтарын жоятын зауыт құрылысы да айтылды. Кәрістер Шығысқа жылыжайлар салғысы келетіндіктерін де тілге тиек етті. Корея мемлекетінде жылыжай шаруашылығы жақсы жолға қойылған елдегі көкөністің басым көпшілігі жылыжайда өсіріледі екен. Шетелдік қонақтар біздің аймақта да жылыжай шаруашылығын дамытқылары келетіндіктерін айтты.
Бизнесмендердің сөзіне қарағанда, –40 градус аяздардың өзінде +15-30 градус жылылықты ұстап тұратын жылыжайлар біздің өңірге қажет-ақ. Оны құрастыру да оңай көрінеді, тек арнайы материалдар болса болғаны. Холдинг төрағасы Саймон Ким қажет болса саяжай материалдарын өндіретін зауыт құрылысын салуға дайын екендігін айтты. Кореялық бизнесмендер ұсынған жобалардың ішінде Алтай балы мен бұғысының мүйізінен жасалар дәрі арқылы емдейтін арнайы емхана да бар.