Саясат

Кіріс азайса да, тұрақтылық сақталды

Кіріс азайса да, тұрақтылық сақталды

Кеше аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті II сессиясы өтті. 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептер тыңдалған сессияда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша атқарылған шаралар талқыланды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Лязиза Кенжетаеваның айтуынша, өткен жылы облыс бюджетіне 206,8 млрд. теңге түсім кірген. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 6,6 пайызға аз. Түсімнің азаюы негізінен республикалық трансферттің қысқаруына байланысты белең алған. Жыл бойында бюджет жеті рет бекітіліп, жеті рет түзету енгізілген. Тұтыну тауарларының бағасы өсіп, экспортқа шығаратын өнімдерге деген сұраныстың кемігеніне қарамастан облыс бойынша әлеуметтік өтемақылар 100 пайыз төленген.
Облыс қоржынына республикалық бюджеттен аударылған 71,2 млрд. теңгенің негізгі бөлігі тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік нысандарды ұстап-сақтау, моноқалаларды дамыту, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және білім беру сынды салаларға жұмсалған.
Л.Кенжетаева әр сала бойынша бөлінген қаржының қалай игерілгеніне жеке-жеке тоқталды. Мәселен, денсаулық сақтау саласына бөлінген 40 млрд. теңге түгелдей игерілген. Өскемендегі қан орталығы, Семейдегі жедел жәрдем ауруханасы мен радиологиялық орталық сынды маңызды нысандардың құрылысына жан бітіп, көбісі қолданысқа берілді.
Өткен жылы білім беру саласында 25 млрд. теңге игерілген. Жыл бойында 18 мектептің құрылысы жүріп, екі балабақша салынды, 41 білім беру нысаны жөндеуден өтті.
-Халықты әлеуметтік қорғау саласына бөлінген 10 млрд. теңгенің есебінен 220-дан астам мүмкіндігі шектеулі жерлесіміз арнайы санаторий-курорттарда денін сауықтырып, 52 адамға жасанды дене мүшелерін жаңалауға мүмкіндік туған. Жүріп-тұруында қиындықтар бар адамдар үшін арнайы қозғалыс құралдарын алуға 74 млн. теңге жұмсалған. Осылардың сыртында 20 жарымжан тұрақты жұмысқа орналастырылды, – деді Лязиза Кенжетаева.
Спорт және мәдениет саласына деп бөлінген 64 млн теңгеге облыстық драма театры, Бесқарағай және Тарбағатай аудандарындағы спорт модулі сынды маңызды нысандар бой көтеріп, спорттық және мәдени шаралардың бұқаралық сипат алуына жағдайлар жасалған.
Бұдан әрі қоғамдық тәртіпті қадағалау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, моноқалаларды дамыту, халықты ауызсумен қамту салаларына миллиардтап бөлінген қаржының қалай игерілгені жөнінде толық ақпарат берген басқарма басшысы республикалық трансферттерден түскен қаржының толық игерілмей қалғанына назар аударды. Жыл соңында 448 млн. теңге игерусіз қалып, республика бюджетіне қайтарылыпты.

Кіріс азайса да, тұрақтылық сақталды

Бюджеттің қаншалықты тиімді жұмсалып, игерілгені жөнінде облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Серікқазы Оразалиев ақпарат берді. Оның айтуынша, 2015 жылғы бюджеттің орындалуын қанағаттанарлық деңгейде деп бағалауға болады. Ең бастысы, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақтылық сақталған. Өңір бойынша дебиторлық қарыздың мөлшері азайған.
Серікқазы Оразалиев жыл басында белгіленген салық түсімдерінің болжамын мұқият зерделеп барып бекіту керектігін айтады. Өйткені, жыл соңында салық түсімдерінің болжамдары артығымен орындалған. Сатистикалық мәліметтерде шағын және орта бизнес нысандарының саны да, белсенділігі де артқаны байқалғанымен, оның аймақ экономикасына әсері сезілмеген.
Қаржыны игерудегі бұрмалаулар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында көп байқалған. Мәселен, «Ертіс» ӘКК қолға алған тоғыз жобадан бұзушылықтар анықталып, тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржының 300 млн. теңгесі игерілмей қалған. Қаржының дұрыс игерілмеуі салалық бағдарламаларға да тән. Жыл сайын республикадан сұрап алған қаржының елеулі бөлігі игерілмей қайтарылып жатқанын еске салған С.Оразалиев бағдарлама әкімшілері мен инвестициялық жобалардың үйлестірушілеріне бақылауды күшейту керектігін атады. Жалпы алғанда өткен жылы облыста 13,2 млрд. теңгенің игерілуінде заңбұзушылықтар анықталған.
Бұдан кейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Ұлақова аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру нәтижелеріне тоқталды.
2011 жылдан бері қолға алынған бағдарлама аясында облыстағы жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайыздан 4,1 пайызға азайған. Межеге алынған 46 мақсатты индикатордың 26-сы толықтай жүзеге асқан. Ал ішкі өнім көлемі 2014 жылғы көрсеткішпен пара-пар. Әлеуметтік салада ана мен бала өлімі қысқарып, балабақшамен қамту көрсеткіші жоғарылаған. Сондай-ақ, ЖОО бітірген түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 82 пайызға өскен. Алайда, үш ауысымды білім беруден арылу, әлеуметтік құрылыс нысандарын дер кезінде аяқтау сынды индикаторлар әлі де орындалмай отыр.
«Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл бойында атқарылған шаруалар жайын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков баяндады. Ол өткен жылы минералды тыңайтқыштарға бөлінген субсидияның толық игерілмеуіне байланысты биыл оның көлемі азайтылғанын, ал диқандар тарапынан түскен тапсырыс министрлік қарастырған қаржының үстіне 428 млн. теңге бөлу талабын туындатып отыр.
Депутаттар тарапынан Семейдегі №1 ЖЭО-ны тездетіп іске қосу, тыңайтқышқа бөлінетін субсидия мөлшерін арттыру, ауылшаруашылық өнімдерді экспорттаушы фермерлерге экспорттық қызмет тарифін жеңілдету бойынша көмек көрсету қажеттігі жөнінде сауалдар қойылды. Олардың кейбірін облыстық мәслихат хатшысымен жеке кездесуде талқылау ұсынылса, кейбірін кезекті сессияда қарастыру жөнінде шешім қабылданды.
Шағын және орта кәсіпкерлер саны артып келеді
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиевтің ақпаратына ден қойсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 0,4%-ға өсіпті. Бизнесті қаржылай қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 87 млрд. теңгенің 500-ден астам өтініші мақұлданған. Оның ішінде 2015 жылы жиыны 18,6 млрд. теңгені құрайтын 130 несие өтініші берілген. Кәсібін жаңадан ашқандарға 34 млрд.-тан астам теңге гранттар ұсынылған.
– «Бизнестің жол картасы + 2020» бағдарламасы ары қарай өзінің жалғасын таба береді. Бұл мақсатқа биыл екі млрд.-тан астам теңге қаражат қарастырылған. Тек кәсіпкерлеріміз бөлінген қаражатты уақытында және тиімді игеруі тиіс, – деді Жарқын Мұсағалиев.
Өткен жылы өңіріміздегі бөлшек сауда айналымының көлемі 594 млрд. теңгені құраса, негізгі капиталға тартылған инвестиция 410 млрд. теңгеден асып жығылды.
Негізгі үш көрсеткіш бойынша жоспарлы меже орындалған жоқ. Олар: өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіптің табиғи көлем индекстері, сондай-ақ, өнімдерді ары қарай өндіру көлемі.
Былтыр өнеркәсіпте 1 трлн. 22 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен төмен.
Маманның пікірінше, тау-кен өндірісіндегі көрсеткіштердің төмендеуіне негізінен кен құрамында кездесетін металдар үлесінің азаюы, әлемдік нарықтағы түсті металл бағасының арзандауы және аталған тауарларға сұраныстың күрт кемуі себеп болған. Өңдеуші өнеркәсіпте былтыр 800 млрд-тан астам теңгенің өнімі шығарылған екен. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 96 млрд. теңгеге аз.
Сонымен қатар, көлік құрастыру саласында да көрсеткіштің күрт төмендеуі байқалған. Айталық, 2014 жылы «Азия АВТО» акционерлік қоғамы 20 мыңның үстінде мәшине шығарса, былтыр алты мыңның үстінде ғана болған. Өндіріс көлемінің бұлайша төмендеп кетуі отандық көліктерге деген сұраныстың азаюынан туған. Себебі, дәл осы кезеңде Ресейде рубль құнсызданып, қазақстандық тұтынушылардың барлығы дерлік көліктерді көрші елден тасымалдаған-ды. Дегенмен, басқарма басшысының орынбасары ағымдағы жылы 12 мыңнан астам отандық автокөлік құрастыру жоспарланып отырғанын айтты.
Бұған қоса сессияда бюджеттік бағдарламалардың орындалу барысы, шағын несие беру, қаржының игерілуі сияқты мәселелер тыңдалды.
Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевтың айтуына қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалардың орындалуы жалпы атқарылған жұмыс көлемінің 98%-ын құраған.
– Былтыр облыста 26 мың 369 шаршы метр жалдамалы тұрғын үй қолданысқа беріліп, Өскемен мен Семей қалаларында, Ұлан ауданындағы тұрғын үйлерде инфрақұрылым желісі жүргізілді, – деп атап өтті Мәди Отарбаев.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаеваның ұсынған деректеріне ден қойсақ, биылғы бірінші сәуірдегі ақпарат бойынша аймағымызда 59 161 мүмкіндігі шектеулі адам бар екен. Оның 4251-і бала. Биыл 1086 қарт пен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін 17 үкіметтік емес ұйыммен жалпы сомасы 182680,1 мың теңгеге келісімшарт жасалған.
Былтыр облыста 1526 адам компенсаторлық құралдармен, 875 адам қозғалыс құралдарымен, 1706 адам протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Алайда, мұның өзі аздық етеді. Осыған орай депутаттар мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті құралдармен толық қамтамасыз ету қажеттігін еске салды.
Сондай-ақ, сессияда кейбір тіршілік нәріне зәру елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, балаларға арналған сауықтыру орындарын салу, кетеуі кеткен көлік жолдарын жөндеу, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін берілетін субсидияның көлемін ұлғайту және тәртібін реттеу сияқты бүгінгі күні өзекті болып тұрған бірқатар мәселелер көтерілді.

Есімжан Нақтыбай,
Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button