Білім

Компьютерден тапшылық көрмейді

Қашықтан оқытуды қамтамасыз ету мақсатында биыл компьютерлік техника сатып алу үшін Үкіметтің резерві есебінен біздің облысқа 4 млрд. 105 млн. 381 мың теңге бөлінген болатын. Үкімет қаржысы қалай жұмсалуда? Компьютерлік техниканы сатып алудың ашықтығы мен айқындығы қандай? Бұл туралы журналистерге облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекова айтып берді.

Брифингке сондай-ақ «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мен Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары  Жігер Байділдин қатысты. 2020-2021 оқу жылының басында облыстағы 647 мектептің 271-і қашықтан оқыту форматына көшсе, 373 мектептің оқушылары  штаттық  режимде білім алуда.  Бүгінде жоғарыда айтқан Үкімет резервінен бөлінген қаржыға алынған компьютерлік техниканың алғашқы партиясы өңірге жеткізілген.  Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекованың айтуынша, компьютерлік техниканы сатып алудың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, ата-аналар комитетінің мүшелері мен облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары енгізіліпті. Жұмыс тобы отырысының хаттамалары негізінде білім басқармасы «XFinity Soluction» ЖШС-мен барлығы 26 689 дана техника, оның ішінде 20 176 ноутбук, 2754 компьютер, 3759 планшет сатып алуға шарт жасасқан. Қазір 3754 дана планшет пен 880 компьютер дайын.

– Қазір біз 1879 дана компьютер мен аптаның соңына дейін ноутбуктердің қалған бөлігін жеткізуін күтеміз, – дейді Әсел Қайырбекова.

Компьютерлік техниканың бағасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған бағамен сәйкес келеді. Бір компьютердің құны – 168 500 теңге болса, планшет – 81 500, ноутбук – 160 000 теңге.

Бүгінде аудандық және қалалық білім бөлімдері техникалық құралдарға мұқтаж балалар мен мұғалімдердің тізімін жасап та қойған. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына ерекше басымдық берілмек.

– Жеткізілген барлық компьютерлік техниканың талапқа сай екендігі, ақауының бар-жоғы тексерілді. Қыркүйек айында тауардың алғашқы партиясы – 300 ноутбук алынып, таратылды, – дейді Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин.

– «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің негізгі мақсаты – қоғамдық бақылау жүргізу.  Компьютерлік техника алуға Үкімет резервінен қомақты қаржы бөлінді. Біз осы қаражаттың  әр тиынына дейін дұрыс игерілуін бақылап отырмыз. Қандай мердігермен келісім жасап, компьютерлік техника қандай бағаға алынып жатқанын және келген техниканың барлық талаптарға сай болуын, қалай қабылдап алып, кімдерге беріліп жатқаны үнемі назарда, – дейді  «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақыт.

Атап айтарлығы, компьютердің барлығы оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға келісімшарт негізінде беріледі. Қашықтан оқыту аяқталған соң, құрылғылар мектептердің теңгеріміне қайтарылатын болады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button