Тікелей байланыс

Күн батареясы мен жел қондырғысын орнатқан адамдарға жеңілдік жасалады

«Дидар» газетінің редакциясында өткізілген кезекті тікелей байланысқа облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айтқазы Шерубаев келіп, оқырмандарымыздың сауалдарына жауап берді.

Күн батареясы мен жел қондырғысын орнатқан адамдарға жеңілдік жасаладыҚайрат ЕҢСЕПОВ, Күршім ауданы:
– Біздің аудандағы Ақсуат және Жолнұсқау ауылдарында таза су алатын құбырлар жоқ. Ауданымыздың ауызсусыз отырған ауылдарына су құбырлары қашан орнатылады?

– 2011-2015 жылдарға арналған Күршім ауданының аумақтық дамыту бағдарламасы бойынша Күршім, Теректі, Боран, Қалжыр, Барақ батыр, Маралды, Сарыөлең, Төсқайың, Ұранхай және Бурабай ауылдарында 10 су құбыры нысанын салу жоспарланған.

2012-2013 жылдарға арналып республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Боран, Қалжыр, Барақ батыр, Сарыөлең, Маралды, Бурабай ауылдарына құбыр салу үшін жерасты су қорын анықтауға геологиялық-барлау жұмыстары жүргізілуде. Одан басқа Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне 2013 жылы жерасты су қорын анықтау үшін іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуді қажет ететін елді мекендердің қосымша тізбесі жолданды. Оған Күршім ауданының Алғабас, Ақжайлау, Қыстаукүршім, Ұранхай, Теректібұлақ, Төсқайың ауылдары енгізілген. Ал Ақсуат, Жолнұсқау ауылдарын сумен қамту 2016-2019 жылдарға жоспарланып отыр.

Мерхат АСАНОВ, Күршім ауданы:
– Ауданымызда электрші мамандары жетіспейді. Алыстағы ауылдарда мұндай маман мүлде жоқ. Бүгінгі күні аса қажет болып отырған осындай мамандарды көбейтуге көңіл бөлсеңіздер деген тілегіміз бар.

– Облыста техник-электрші мамандарын Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да, Өскемен политехникалық колледжінде даярлайды. Жас мамандардың Күршім ауданына барып жұмыс істеуі үшін аудан әкімдігі аталған оқу орындарымен келісімшарт жасасуы қажет. Аталған мәселе бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес мамандарды оқытып, даярлауға облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына да хабарласуларыңызға болады.

Сапура ЖАМБЫЛОВА, Өскемен қаласы:
– Қаладағы ыстық және суық сумен қамту кәсіпорындары тамыз айының соңына дейін ыстық, суық суға есептеу құралдарын қою қажет деп жатыр. Мен бір пәтерде өзім ғана тіркеуге отырғанмын. Менің жағдайымда пәтерге есептеу құралдарын орнату тиімсіз. Құралдарды міндетті түрде орнату керек пе?

– Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар» туралы Заңының 11-бабына сәйкес қызметті пайдаланушыда міндетті түрде «реттелетін коммуналды қызметтің (тауарлардың, жұмыстың) есептеу құралы болуы керек және «келісімшарт шарттарына сәйкес реттелетін коммуналды қызметтердің есептеу құралдарын сатып алу, орнату құнын уақытында және толық көлемде төлеуі тиіс».

Коммуналды қызметтердің есептеу құралдарын (жылу, ыстық су, суық су) орнатқысы келген тұлғалар тиісті қызметтерді көрсететін кәсіпорындармен келісімшарт жасасады. Кәсіпорын тұтынушыға тиісті есептеу құралын сатып алып, орнатуға міндетті, ал тұтынушы келісімшарт талаптарына сай оны құруға, сатып алуға кеткен ақшаны көрсетілген кестеге сай төлеуге міндетті.

С.ХАМЗА, Зайсан қаласы:
– Зайсан қаласында терможаңғырту бағдарламасы бойынша көппәтерлі үйлер жөнделе ме? Біздің көппәтерлі үйдің ПИК-і жоқ. Үйіміз болса тозып тұр. Жөндеу жүргізу мәселесі бойынша кімге хабарласуымыз керек?

– Зайсанда ПИК-тер жоқ. Қазір бұл қалада кондоминиум нысандарын басқару органдарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қаладағы тұрғын үйлерді техникалық талаптарға сай ұстауға мүмкіндік береді. Дегенмен қазір Зайсанда бір үй терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделуге дайындалып жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жарақтандыру бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бергі екі жыл ішінде облысқа республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлініп, бұл қаржыға 190 кондоминиум нысаны жөнделді.

Биыл облыста «Шығыс Қазақстан облысының тұрғын үй-эксплуатациялық басқармасы» ЖШС мамандандырылған өкілетті мекемесі құрылды. Бұл мекеме аудандар мен қалалардағы тұрғын үйлерге терможаңғырту жұмыстарын жүргізумен айналысады. Сондықтан менің сізге айтарым, тұрғындар өз үйлерін жөндеуге ынталы болып, ұйымшылдық танытса, барлық аудан орталықтарындағы, қалалардағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуге болады. Келер жылға облыста терможаңғырту жұмыстарын жүргізуге 1 млрд. 500 млн. теңгенің бюджеттік өтінімі беріліп отыр. Жобаға қатысудың басты шартының бірі тұрғын үйлердің кондоминиум нысаны ретінде мемлекеттік тіркелуі болып табылады. Содан кейін жөндеудің сметалық құнының 3 пайызы көлемінде алдын ала жарна төлеу қажет. Келер жылдан бастап оның көлемі – бес, 2015 жылдан бастап жеті пайыз болады.

Кеңесбек ӘБІЛҚАСЫМОВ, Қабанбай ауылы, Тарбағатай ауданы:
– Қабанбай ауылында ауызсу құбыры салынады дегелі көп болды. Бірақ, әлі күнге дейін таза сусыз отырмыз. Бұл құбыр қашан салынады? Оған қоса қала шаруашылығына қатысты қояр тағы бір сауалым бар, облыс орталығындағы ұлымның көппәтерлі тұрғын үйінде жеделсаты жұмыс істемейді. Тұрғындар тоғызыншы қабатқа дейін жаяу көтеріліп жүр. Осы мәселеге кім жауапты?

– Аудан аумақтарын дамыту бағдарламасы бойынша сіздердің ауылдарыңызда ауызсу құбырын салу 2014 жылға жоспарланып отыр. Қазіргі күні нысанның жобалық-сметалық құжаттары жасалынып жатыр. Уақытында бітсе, көп кешікпей қаржы бөлінеді.

Тұрғын үйдің жеделсатысы жұмыс істемей тұрса, оған тұрғындар жауапты. Себебі, үй жекеменшік. Терможаңғырту бағдарламасына қатыса отырып, тұрғындар мұндай мәселелерін өзара кеңесіп, шешуі қажет. ПИК төрағасы маған келсін. Жеделсаты жөнделеді.

Қуаныш ДҮКЕНҰЛЫ, Шығыс ауылы, Өскемен қаласы:
– Шығыс ауылы тұрғындарын жылу мәселесі алаңдатып отыр. Жыл сайын қып-қызыл шығынға батырып отырған жылудың жағдайы биыл не болмақ?

– Өскемен қаласының аумақтарын дамыту бағдарламасы бойынша Шығыс ауылына 2015-2016 жылдары орталықтандырылған жылу жүйесін салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл мәселемен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Владимир Головатюк айналысып жатыр. Сонымен қоса әзірше жағдайлары жоқ тұрғындарға ішінара пеш салып беру мүмкіндігі де ойластырылуда.

Мәлік ЕҢСЕБАЕВ, Бесқарағай ауданы:
– Бесқарағай ауданында жаңадан салынып жатқан су құбырлары жоқ. Ауданның елді мекендері сумен қамту бағдарламасына енгізілген бе?

– 2011-2015 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша салынуға жоспарланған нысандар тізбесіне осы аудандағы Бесқарағай, Қарабас, Өндіріс, Семиярка, Қоянбай, Ново-Николаевка және Ерназар ауылдары енгізілген.

2011 жылдан бері Бесқарағай ауданында «Бесқарағай ауылының сумен қамту жүйесін қайта жаңарту» жобасы іске асырылуда. «Сумен қамту. Сыртқы желілер мен имараттар» Қазақстан Республикасы құрылыс нормасы және ережелерінің жаңа талаптарына сәйкес ауылдағы сумен қамту жүйесі нысанының жобалық-сметалық құжаты қайтадан қаралып, түзетілген болатын. Нысанды одан әрі қаржыландыру, құрылысты аяқтау мақсатында басқарма Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне нысан бойынша 288,5 млн. теңгеге бюджеттік өтінім жолдады. Қазір аталған нысанды аяқтауға қаржы бөлу мәселесі республикалық бюджеттік өтінімдер аясында қарастырылуда. Өткен жылдан бері республикалық бюджет қаражатына Қарабас, Ново-Николаевка және Ерназар ауылдарында жерасты су қорын анықтау бойынша геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл таяу жылдары су құбырларын салу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге Глуховка, Канонерка және Малая Владимировка ауылдары енгізіліп, геология және кен қойнауын пайдалану комитетіне жіберілді.

Асқар ЕРМҰРАТОВ, Тарбағатай ауданы:
– Зайсан ауданының ауылдарына газ тартылып жатыр. Тарбағатай ауданының ауылдарына газ тартыла ма? Екі аудан бір-біріне жақын орналасқан ғой.

– Қазіргі күні Зайсан қаласы мен осы аудандағы тоғыз елді мекенді Сарыбұлақ мұнай-газ кен орнынан газбен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Құбырлар жеке инвестор мен бюджет қаржысы есебінен салынуда.

Қазақстан мен Қытай арасындағы «Сарыбұлақ – Зимұнай» газ құбырын салу, пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімге сәйкес игерілген газдың жартысы облыстың ішкі қажеттілігіне жұмсалады. Сарыбұлақтағы кен орнының қоры 10 жылдан көп емес уақытқа ғана белгіленіп отырғандықтан Тарбағатай ауданының аумағына қарай газ құбырларын тарту қарастырылмаған.

Ермек ТІЛЕУЖАНОВ, Өскемен қаласы:
– Біздің Гагарин бульварында үйіміздің үстінен салынған мансард үйлер тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудыруда. Шатырдан аққан су қылтималарымызға құйылып, қабырғаны шайып кетіп жатыр. Подъездеріміздің бесінші қабатының қабырғалары да жарылып кеткен. Бұл үйден тұрғындар көшіп кетіп жатыр. Үйіміздің жағдайын неге келіп көрмейсіздер?

– Бұл мансард үйді «Селинг» ЖШС салған. Сапасыз салынғаны рас. Қазір олар құрылыс барысында кеткен ақауларды қайтадан жөндеп, ретке келтіруге қалалық әкімдікке уәде беріп отыр. Серіктестіктің атына басқарма тарапынан хат та жіберілді. Шалағайлықтар жойылады.

Марат ЕРІМБЕТОВ, Үржар ауданы:
– Кезінде аудандағы алыс қыстақтарға тартылған электр желілерін қайтадан қалпына келтіруге болмай ма? Бүгінде шаруа қожалықтары үшін электр қуаты басты проблема болып отыр.

– Алыстағы қыстақтарға электр желілерін тарту экономикалық жағынан тиімсіз. Бүгінгі күндері электр энергиясын тұтыну туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Сол өзгерістер бойынша омарта шаруашылықтарына, шаруа қожалықтарына өзге де шалғай жерлерге қуаты бес кВт/сағатқа дейінгі күн батареясы, жел стансасы тәрізді баламалы электр энергиясы көздерін орнатқан тұлғалар шығынының 50 пайызы мемлекет тарапынан қайтарылып беріледі. 2014-2015 жылдан бастап бұл жүйе нақты енгізілетін болады.

Минаш АЙНАҚҰЛОВА, Күршім ауданы:
– Электр энергиясын үнемдейтін шамдар зиянды дейді. Сол рас па? Пайдаланған шамдарды қайда апарып өткізуге болады?

– Мұндай шамдардың ішіндегі сынап адам денсаулығына қауіпті, сондықтан оларды далаға лақтырмай, арнайы орындарға тапсыру керек. Өскеменде Потанин көшесі, 14 үйде орналасқан «Шығыс Қазақстан аймақтық демеркулизация экологиялық орталығы», Семейде Птицефабрика 1/1 ықшам ауданында орналасқан арнайы мекемелер осындай шамдарды қабылдап, сынабы бар бұйымдарды қайтадан өңдейді.

Қайрат АЙТЖАНОВ, Жарма ауданы:
– Облыста жел электр стансасы салынғалы жатыр дегенді естідік. Болашақта басқа қандай қуат көздерінің түрі пайдаланылады?

– Баламалы электр энергиясы көздерін салуға, соның ішінде шағын ГЭС-тер салуға орай қазіргі күні 15 жер телімі бөлініп берілді. Қазақстандық бірнеше компаниялар өз жобаларын бастады. Олардың техникалық-экономикалық негіздемелері, өзге де жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көпшілігі Зырян ауданында салынатын болады. Тамыз айында Тұрғұсын өзенінде шағын ГЭС салуды бастаймыз деп отырмыз. Бұл жерде кеңес үкіметі кезінде шағын ГЭС салынған екен.

Сонымен бірге Тайынтыда 24 МгВт-тық жел ебелегі қойылды. Бұл жұмыспен Қазақстан − Испан бірлескен компаниясы айналысып жатыр. Тамызда қаржыландыру басталады. Облыста жылу сорғылары қондырғылары шығарылып, пайдаланылып жатыр. Күршім ауданының ауруханасында осындай қондырғы жақсы жұмыс істеп тұр.

Тікелей байланысты жүргізген –
Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button