Саясат

Әкімдер төрт жылға сайланады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аудандық маңызға ие қалалар мен ауылдық округтер, сонымен қатар, ауылдар мен кенттер әкімдерінің сайланбалылығын енгізу үрдісі үстіміздегі жылдың қыркүйегінен кешіктірілмей, яғни, шілде-тамыз айларында ұйымдастырылуы керек.

Әкімдер төрт жылға сайланадыБұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мәлімделді. Отырыста баяндама жасаған облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаев әкімдерді жергілікті мәслихаттардың депутаттары сайлайтынын айтты.

– Аталмыш бағыттағы іс-шараларға бас-аяғы бір ай уақыт беріледі. Сонымен қатар, алдағы сайлау науқаны аймақтық маңызға ие болатынын да айта кеткен жөн. Сайлауға қатысатын үміткерлердің жасы 25-тен кем болмауы керек. Және олар облысымыздың тұрғындары болуы шарт, – деді ол.

Үміткерлерді аудан әкімі жұртшылықпен кеңесе келе баламалы негізде ұсынуға құқылы. Мұндай үміткерлердің саны кем дегенде екеу болуы тиіс.

– Бұл жерде ерекше назар аударатын бір жәйт бар, – деді Е.Аязбаев. – Президент Жарлығының жобасында өзін-өзі ұсынушы немесе қоғамдық, саяси, үкіметтік емес ұйымдардың атынан ұсынылғандар сияқты өзге нұсқалар қарастырылмаған. Сондықтан, мұны жұртшылыққа дұрыс түсіндіре білгеніміз абзал.

Комиссия төрағасы дауыс беру құпия түрде өтетінін, әкімдер 4 жылға сайланатынын, алайда, өз міндетін дұрыс атқара алмаған жағдайда аудан басшысы сайланған әкімді уақытынан бұрын орнынан босатуға құқылы екенін тілге тиек етті. Сайлау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатыны, әрі оны аумақтық сайлау комиссиялары жүргізетіні айтылды.

Отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Мысалы, ауылдар мен кенттер әкімдерін сол елді мекендер тұрғындарының өздері сайлағаны жөн болар еді деген пікір айтылды.

Отырыста, сондай-ақ, қоғамдық кеңес жұмысының 2012 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы қысқаша баяндалды. Қазіргі уақытта қоғамдық кеңес жанынан құрылған сараптамалық топтар денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология және жастар саясаты сияқты бағыттарда жұмыс істеп, бұл салалардағы өзгерістерге бастамашы болып жүргендігі туралы да айтылды.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері денсаулық сақтау саласында педиатр мамандарының тапшылығы, халық арасында туберкулез дерті мен нашақорлықтың өршуі, тұрғындардың тегін дәрі-дәрмекпен толық қамтылмауы сияқты өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button