Журналистік зерттеу

КӨКТІ СҮЙГЕН КҮМБЕЗДЕР – КІМГЕ АБЫРОЙ, КІМГЕ МАЛ?

   КӨКТІ СҮЙГЕН КҮМБЕЗДЕР – КІМГЕ АБЫРОЙ, КІМГЕ МАЛ?

Қытай жерінен ата жұртқа көшіп келген бір ақсақалдың: – Қазақстандағы өзге дүниені қайдам, сәулеті бірінен-бірі асқан небір зәулім бейіт-күмбездерді көргенде, қызыққаннан өлгің келеді екен, – деген әзіл-шыны аралас сөзі бұл күнде ел аузында жүр.

БЕЙІТ ТҰРҒЫЗУ БӘСЕКЕСІ БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

Ақсақал айтса, айтқандай. Бүгінгі таңда басқа дүниені былай қойғанда, дәл осы бейіт тұрғызуда біздің қазақ нағыз бәсекелестікке кіріскен секілді. Бейіт қана емес, бұл күнде жалпы өлім жөнелту рәсімі де, той өткізу дәстүрі де, үй салу үрдісі дейсіз бе, толып жатқан науқандар әр жерде, әр қилы өткізіле береді және жаппай бәсекеге айналған. Әрине, бәсекелестік – адамзат баласының бойында болуы тиіс жақсы қасиеттердің бірі. Алайда, осы бір жақсы қасиетті арамыздағы кейбір жандар уақыт өткен сайын бақастыққа, күндестікке, келе-келе көреалмаушылық пен қызғанышқа айналдырып алған ба деп қаласың.
Ертеректе дүниеден озған адамның темір тақтайшаға аты-жөнін, туған-қайтқан уақытын көрсетіп, бейітін кәдімгі таспен немесе саман кірпішпен қоршай салатын. Сол бейіттердің басына зиярат ете барғандар да мұсылмандық жолмен құрандарын бағыштап, бақилық болған бауырларына лайықты құрметтерін көрсетіп келген. Кейін қолы жеткендер туыс-туғандарының бейітін темірмен қоршап, енді біреулері ақ силикатпен немесе күйдірілген қызыл кірпішпен көтере бастады. Ол да сол кезеңнің өзіндік талабы болатын. Қазір күн өткен сайын соның барлығы ескіліктің қалдығы секілді болып барады. Бұл сөзіміздің қоңыр тірлікті қазаққа қатысы жоқ, әрине.
Мәселен, соңғы он-он бес жылда бейіт көтеру үрдісінің қарыштап дамығаны соншалық, қайсыбір мұсылман бейіттеріне ілеуде бір бара қалсаң, әлдебір кішігірім қалашыққа кіріп кеткендей күй кешетін болдық. Қайбір жылы танысымыздың қайтыс болған туысына топырақ салмақ боп Семейге жолымыз түсті. Қаладан шығаберістегі Семей – Алматы тас жолының сол қапталын ала бой көтерген жаңа мұсылман зиратының сәулеті сонадайдан менмұндалайды. Ел арасында небір шеберлер бар ғой, шіркін. Қызыл кірпіштен қиюластыра қаланған күмбездердің қай-қайсысы болмасын ұшар басындағы күн көзіне шағылған ақ, сары түсті ай белгілерімен жарасым тауып, көрген көздің жауын алады. Айналасы ою-өрнекпен көмкерілген ақ, сұр, қара түсті гранит тастарға орнатылған суреттерден бастап, ойылып жазылған марқұмның аты-жөндерін, туған-қайтқан уақыты мен қай рудан екендігі жайындағы мәліметтерді, сосын қайсыбір бейіттердегі түрлі тебіреніспен жазылған өлең жолдарын – халқымыздың марқұмдарға құрметі деп қабылдадық. Рас-өтірігін қайдам, әйтеуір осы зираттың үстінен ұшып бара жатқан ұшақтағы жолаушылардың бірі: «Апыра-ай, ә! Мына қаланың тірілеріне қарағанда, өлілерінің жағдайы әлдеқайда бақуатты көрінеді екен» деп, қайран қалған көрінеді…
Кім не десе де, мұндай мейманасы тасыған мұсылман зираты Өскеменнің маңында да жоқ емес. Бір ғажабы, о дүниелік болған туыстарына құрмет көрсетушілердің құрметі жоғарыдағы айтқан ою-өрнекпен шектелмейді. Біреулер биіктігі кісі бойындай гранит тасқа марқұм-туысының бейнесін тұтастай қашаттырып жасатса, енді біреулердің басына ескерткіш- бюст орнатыпты. Білетіндер, мұндай ескерткіш тастардың құны шамамен 50-60 мың доллардан асып жығылатынын айтады. Бұған әлдене деп сын айтудың өзі қисынсыз, әрине. Өйткені, бұл әркімнің жеке шаруасы. Мүмкіндігі болып, қолынан келіп тұрғасын, қоншынан басады дағы…
Ел арасында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз жиі айтылады. «Бұл өзі неден, қайдан шыққан сөз? Өлген адамдарды разы қылу дегеніміз не өзі?» – деген сауалдың пәлсапасын әркім әр қалай түсінері сөзсіз. Біреу аруақтарға арнап қатым түсіртіп, құран бағыштатып, шелпек пісіртіп құрмет көрсетіп жатса, енді бірі қайтыс болған жақын адамының көзі тірісіндегі адамгершілігі мен атқарған қызметі жайында жақсы естеліктер, арнау өлеңдер жазғызып, оны кітап етіп шығартып жатады. Ал енді бейіт тұрғызудан бәсекеге түскендер жайында қандай байламға келуді де білмейді екенсің. Әлде олар пәниден бақиға кеткен әкесінің немесе бауырының басына қыруар қаржыға «көкті сүйген күмбез тұрғызып, алтынмен аптап, күміспен күптеп тастасам, осылайша о дүниедегі жақынымды разы етсем, көп ұзамай шыққан шығынның орны толып, байып кетермін», деп ойлай ма?..

МҮБӘРАК АЙДАҒЫ ШАРАЛАР ШАРАПСЫЗ ӨТСЕ…

Жалпы, о дүниелік аруақтар жер бетіндегі тірілердің қандай тірлігіне разы немесе наразы болады? Онсыз да қара жердің қойнына қимай-қимай берген ет-жақынымыздың кеудесін енді кеп зіл батпан таспен бастыру қаншалықты дұрыс? Ел арасында қарама-қайшы пікір қалыптастырып жүрген қайсыбір жайттарға байланысты облыстың бас имамына жолықтық.
– Тағдырдың тәлкегіне түсіп, жер бетінен жойылып кетуге шақ қалған халықтың ұстанған діні қандай күйде болуы керек? Кеңес үкіметі әлі де бір 20 жыл тұрса, біз кәпір боп кететін едік. Қайта Аллаһ тағала қазақтың көз жасын көрді. Еліміз тәуелсіздігін жариялады. Өліп бара жатқан дінімізге дем беріп, өшіп бара жатқан тілімізге ден қоя бастадық. Осының өзіне тәубешілік етуіміз керек. Сондықтан да біздің дініміз шала. Сондықтан да, біздің халқымыздың Ислам дініне деген көзқарасы қым-қиғаш, әрқилы. Бәрі осы қым-қиғаштық пен әрқилылықтан, дінге деген шала сауаттылықтан бастау алады. Қазір қасиетті ораза айы басталды. Біреу қызын ұзатып, біреу келін түсіріп, енді біреулер түрлі мерейтойлар өткізіп жатады. Оларға «Қасиетті рамазан айында той өткізбеңдер!» деп қалай тыйым саламыз? Оны айтқан адамды біреу түсінер, біреу тіпті, түсінгені былай тұрсын, өзіне жау санауы да мүмкін. Сондықтан той өтсін. Бірақ сол рамазан айында өткізілетін тойларды әуелі арақ-шарапсыз өткізуге қадам жасап көрсек болмас па? Атам қазақ, «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» дегенді бекер айтпаған болар. Біздің дініміз дертке шалдыққан. Одан арылу үшін біраз төзім, сабыр, діни сауат қажет. Басқасын айтпағанда, өзіңіз айтып отырған бір-бірінен асырып бейіт тұрғызудағы, аста-төк тойлар мен дүркіреген түрлі астар өткізудегі бәсекелердің барлығы – сауатсыздықтан туындап жатқан дүниелер. Осыншама қаражатты орынсыз ысырап қылғанша, дертіне шипа таба алмай шырылдаған балаларға қиса, мың да бір сауап болар еді. Оны айтасыз, маған «Бәленше деген туысқанымды үстіне ине-жіптен жаңа шыққан кәстөм-шалбар кигізіп жерлесем бола ма?» деп келгендер де бар. Қыруар ақшаға бейіт тұрғызған бір кәсіпкердің туған інісі мешітке қайыр тілеп келгенін де көргенбіз. Әлгіге, «Ағаң көпшілікке белгілі кәсіпкер адам емес пе, мұның не десек, туғанына қайырым, мейірімі жоқ ағаның барынан жоғы», – дейді. Ал Алматыда бір бай кәсіпкер әкесінің қасына жерленген оралманның бейітін қайта қаздыртып, басқа жерге жерлетіп тастаған сұмдық та болған. Бұл енді мұсылманшылықты айтпағанда, адамгершілікке жат нәрсе ғой. Бақидағы аруақтар пәнидегі пенделерге «Басыма күмбез орнатпадың, граниттен мүсінімді қашатпадың немесе аста-төк ас бермедің», – деп ешқашан да ренжімейді. Олар соңында қалған ұрпағының ауыз бірлігіне, кісіге қол жаймайтын тірлігіне, үрім-бұтағына дұрыс тәлім-тәрбие бере білсе, соған разы болмақ, – дейді Нұрлан қажы Байжігітұлы.

ҚҰДАЙСЫЗДАР ЗАҢҒА ДА ПЫСҚЫРМАЙ ТҰР

Қай жылдары әлеуметтің тұрмыс-тіршілігі тарылып, мойнына жоқтықтың қылбұрауы түскен шақта суға кеткен тал қармайдының керімен ел арасында темір-терсек өткізіп күн көру науқаны басталған-ды. Сол кезде темір-терсектің көзге көрінгені де, қолға ілінгені де кетті ғой Қытай асып, Қырым асып. Жарайды, «Темірді қойшы тәйірі. Осы күнге дейін не аспай жатыр, шекарамыздан?» – дейтіндер де табылар. Солайы, солай ғой. Дегенмен, өкініштісі – темірден теңге жасап дәніккендер қызды-қыздымен тапа-тал түсте жоғары вольтты электр желілеріне шаба бастаған жоқ па? Сол құрып кеткір сым темірді аламыз деп жүріп, қаншама адам токқа түсіп өлді. Ұсталып, абақтыға қамалғандары қанша? Бірақ тыйылар түрлері жоқ. Қайта өршеленіп, кеше көктегі ток темірге шапқандар, бүгінгі күні көрдегі көк темірге де ауыз сала бастады… Оларға бәрібір. Бейіт мұсылмандікі ме, кәпірдікі ме, онда шаруалары жоқ. Тек, өткізуге жарайтын темірі болса болғаны. Ондайлар «түнгі жорықта» жалғыз-жарым жүрмей, топтасып, кәдімгідей асай-мүсейлерін сайланып шығатын көрінеді. Қазақта, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз бар. Осы сөз – дәл осы біз айтып отырған адамдарға, дұрысы, адам бейнесіндегі хайуандарға арналып айтылған сынды. Мұндай Құдайдан қорықпайтындар – адамнан ығып, аруақтан ұялайын деп тұрған жоқ. Тіпті, Ата Заңыңның өзіне пысқырмайтын секілді. Ел ішінде осы бір қылмысқа әзірге тыйым болмай тұр. Бұл жайында облыстық ішкі істер департаменті не дейді екен?
– Облысымыз бойынша «қабірлерді тонау фактілері мүлдем болған жоқ» деп айтуға болмайды. Қабірлердегі түсті металдардан жасалған ай белгілерін, гранит тастары мен темір қоршауларын тонау, кірпіштерін құрылысқа бұзып әкету фактілері әр жылдарда орын алғанын жасырмауымыз керек. Айталық, 2010 жылы ішкі істер органында мұндай қылмыстың 21-і тіркелсе, 2011-ші жылы бұл көрсеткіш 23-ке жеткен. Сондай-ақ, 2012-де – 16, 2013 жылы – 26. Ал былтыр, яғни, 2014 жылы қылмыскерлер 13 бейіт тонап, жеке адамдарға айтарлықтай шығын келтірген. Жүргізілген жедел-іздестіру, тергеу жұмыстары барысында мұндай қылмыстарды кей жерлерде жекелеген ұрылар жасаса, қайсыбір фактілер бойынша бірнеше адам ұйымдасып жүзеге асырған. Тіркелген фактілер бойынша қылмыстық іс жүргізіліп, тергеу-тексеру шараларының нәтижесіне аталмыш қылмысқа қатысты адамдардың қылмыстық істері сотқа жіберілген. 2015 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша мұндай қылмыс түрлері әзірге тіркелген жоқ, – дейді департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев.
Жоғарыда айтылған қайсыбір жағымсыз жайттар мен о дүниелік болғандарға құрмет көрсетуге байланысты бір-біріне кереғар түсініктер еліміздің қай өңірінде болсын орын алып жатады. Осыған орай ҚМДБ тарапынан барша қазақстандық мұсылмандарға ортақ бір тәртіп болса. Бей-берекетсіз арамшөп басып, кетеуі кеткен қайсыбір зираттар жөнге келтірілсе. Бейіттердің орынсыз тоналып, аруақтардың қорлануына жол берілмес үшін зират басына арнайы күзет, болмаса шырақшы қойылса құба-құп болар еді.
Елімізде Ислам дінін дұрыс бағытқа бағыттап, жер-жерлерде біркелкі тәртіп қалыптастырып, дініміздің өркен жаюына кедергі болатын дүниелер көп. Осындайда неше жылдардан бері қордаланып қалған дін саласына қатысты өзекті мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеріп, шынайы жанашыр болып ҚМДБ-ның жоқ дегенде бірер өкілі Парламент төрінде отырса дейсің.
Өкінішке қарай, бұл – әзірге ұсыныс пен арман ғана.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button