Білім

Көкпектіде жаңашыл мамандарға ерекше көңіл бөлінеді

Көкпектіде жаңашыл мамандарға ерекше көңіл бөлінеді

Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Сағандықов Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да Өскеменнің жоғары және арнайы білім беру мекемелерінде оқып жатқан көкпектілік студенттермен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – жастарды білім алған соң туған ауылдарына оралып, қызмет етуге шақыру.

Кездесу басталмас бұрын ауданның денсаулық сақтау, білім, мәдениет және ауылшаруашылық саласының мамандары студенттермен іс-тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу турасында әңгімелесті, ал мамандықтар жәрмеңкесінен кейін оларға Көкпекті ауданы жайында слайдтар көрсетілді.

Көкпектіде ауыл өміріне жаңашыл идеялармен, заманауи көзқарастармен жаңа тыныс әкелетін жас мамандарға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда жас мамандардың кадрлық резерві құрылған. Соңғы жылдары 10 жас маман басқарушылық лауазымдарға тағайындалды. Ағымдағы жылдың өзінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен ұзын саны 27 мұғалім, дәрігер, спортшы келді. Самарда дәрігерлер, Белое ауылында мұғалімдер, Көкпекті ауылында әртістер үйі қолданысқа берілді. Аудан орталығында жастар үшін «Дәулет» спорт кешені, Самар ауылында спорт модулі бой көтерді. Аудандағы жастар орталығы мен «Көкпекті жастары» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен үнемі түрлі мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар, форумдар мен семинарлар өткізіліп тұрады. Ал кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өз ісін бастауға ниет білдірген 17 жасқа «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында несиелер берілген.
Аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілсе де, бірқатар салаларда кадр тапшылығы байқалады. Мәселен, қазір 30 педагог-маман, 8 дәрігер, 5 музыкант, 7 агроном мен мал дәрігері, 3 құрылыс саласының инженері мен 2 жер қатынастары бөлімінің мамандары жетіспейді.

Аудан әкімінің орынбасары Р.Сағандықов осындай келелі кездесу өткізуге мүмкіндік берген университет әкімшілігіне алғыс білдіре келіп, жиналғандарды ауданның даму қарқынымен таныстырды.

– Аудан аграрлық бағытта болғанмен, кен байыту саласында да даму бар . Біздің аймақта «СТМ ЛТД» ЖШС, «Балажал» кеніші орналасқан. «Каскад» ЖШС-нің іздеу-барлау жұмыстары Құлынжон, Родниковая учаскелерінде алтын қорының бар екенін анықтады. Бір айтпағым, оқып жатқан жастарымыз ауданға қайтып оралуы керек. Тау-кен инженерлері мен архитекторлар, құрылысшылар мен жолшылар жұмыссыз қалмайды. Ауданда егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқандықтан, мал дәрігерлері мен ғалым-агрономдар жетіспей жатыр. Сол себепті нағыз патриот студенттерді туған өңірдің дамуына үлес қосуға шақырамын, – деді ол.

Кездесуде сөз алған ғалым, көпке белгілі спортшы М.Ағзамов осындай ой бөлісу мен пікір алмасудың маңыздылығына тоқталып, туған жерде еңбек жолын бастаған әр жастың қашан да биіктен көрінетінін жеткізді.
Қазір ШҚМУ-дың филология факультетінде оқып жатқан Таңшолпан Көрпетанова оқу орнын бітірген соң туған ауылы Самарға барып, еңбек етуге бел буыпты.

– Отан деген қасиетті ұғым әр адамның өз үйінің табалдырығынан, туған ауылынан басталады емес пе? Мен де еңбек жолымды сол қасиетті мекеннен бастағым келеді. Ауылға қызметке барысымен барлық әлеуметтік пакеттер төленетінін естіп-біліп отырмын. Оның үстіне ауылдың тұрмысы қаладағыдан еш кем емес. Спортпен, өнермен айналысам десек, мүмкіндіктер мол, – дейді ол құлшыныспен.

Жиын соңында Өскемендегі жоғарғы және орта білім беру мекемелерінде білім алып жатқан Көкпекті балалар үйінің бұрынғы түлектеріне аудан әкімі атынан ақшалай сыйлықтар, көпшілікке концерт ұсынылды.

Эльмира Тайырқызы

Осы айдарда

Back to top button