Саят

Көкпардың көкесін Көкпектінің жігіттері көрсетеді

Көкпардың көкесін Көкпектінің жігіттері көрсетеді
Асау Ертіс пен адуын Бұқтырманың аптығын бастырған қарабұжыр Қалбаның өр төсінде еркін өскен Бастаушы мен Көкжотаның қырандары желмен жарысқан сәйгүліктердің құлағында ойнайды.

Бұл атыраптағы жергілікті жұртшылық арасында ұлттық ат спорты ерекше дамыған. Әр үйден бір шабандоз, әр ауылдан бірнеше команда шығады десек, қателеспейміз. Жүйрік – бәйгелі бәсекеде, балуан – жүлделі жарыста танылатыны әмбеге аян. Сондай ауылда өткізілетін қара жарыстар мен топ- додаларды ұйымдастыратын бір азамат болса, ол – Қанат Биқатов.

Ел ішіндегі атқа мінер азаматтардың қолдауымен Көкжыра, Көкжота, Құлынжон, Бастаушы ауылдарының жастарын біріктірген «Дархан» ат спорты клубы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кешегі Сойырғас, Ақболат, Байболат, Сатыпалды, Қасаболат пен Байқадам сынды бабалардың ұрпағы ата өнері мен кәсібін еш ұмытпай, өркендетіп жүр.

Сауатты өткізілетін жүйелі жаттығулардың арқасында айналасы 4-5 жылдың бедерінде «дархандық» жігіттер республикалық аренаға да шығып, сом білек пен тас тақымның әлеуетін танытып келеді. Бүгінде облыс құрама командасының басым бөлігін «Дархан» клубының ойыншылары құрайтыны соның жарқын дәлелі болса керек. Ағайынды Дарын мен Еламан Ахмадиевтер тұлпарлары – «Нарынды» жарқыратып, «Байтөбелді» ойнатып шыға келгенде, көкпар алаңында оларға тең келер ойыншы табылуы неғайбіл. Ал нөпір доданың арасынан «Наурызын» қамшылай зуылдайтын Қуаныш Мұхаметуәли тақымына басқанын қазандыққа салмай тынбайды. Ортадан сытылған Қуанышты «Қозыкүрең» мен «Тайбурылға» мінген Кенжебек Нұрсапанов пен Арман Рахымжанов қақпалай қорғап, қазандыққа жеткізуде. Олардың соңдарын ала Алмат Сыдықтың «Қошақаны» ауыздығын қарш-қарш шайнап, тың қимылдайды. Бұл – көкжоталықтардың көрер көзге сүйкімді, айтар сөзге тұщымды ойынының бір ғана көрінісі.
Соңғы жолы Қарқаралыда жастар арасында өткен республикалық турнирде облыс намысын қорғаған көкпектіліктер көкпардың көкесін көрсетіп, ІІ орынға белгіленген 400 мың теңгені қанжығаларына байлаған еді. Солайша еліміздің 11 командасы қатысқан үлкен көкпар додасында сынға түскен жастарымыз ел сенімін ақтаған-ды.
Қалың ел көкпектіліктердің ат спортының ұлттық түрін дамытудағы табысы мұнан да толағайлы боларына бек сенімді.

Қайрат Мәлғаждаров

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button