Көк байрақ пен пырақты Елтаңбаға – ширек ғасыр
Осыдан тура ширек ғасыр бұрын, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Мемлекеттік рәміздер –кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстанда Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік рәміздер болып табылады. 2007 жылдан бастап 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтуде.
Көлемі жағынан еліміздегі екінші ірі ту
Ел өңірлерінде мемлекеттік рәміздерге арналған мемориалдық кешендер бірнеше. Астанадағы «Атамекен» этномемориалдық кешенінде (биіктігі – 111 м), Ақтөбедегі орталық саябақта(биіктігі – 91 м), Ақтаудағы рәміздер алаңында(биіктігі – 50 м),Тараздағы саябақта (биіктігі – 47 м), Қызылордадағы рәміздер алаңында(биіктігі – 35 м) көк байрағымыз желбіреп тұр.
Ал Өскемендегі «Қазақстан» тауындағы Мемлекеттік рәміздер монументіндегі ту тұғырыныңбиіктігі – 40 метр. Ол 2011 жылы салынған және еліміздегі тұғыры ең биік тулардың бестігіне енеді.
Тау етегіне 6 метрлік әріптермен «Қазақстан» сөзі жазылған. Тауда 12х24 көлеміндегі Қазақстан туы желбірейді. Ол – көлемі жағынан еліміздегі екінші ірі Ту.
Бұл кешен Шығыс Қазақстандағы 25 ғажайып орын тізіміне де енгізілген. Көк байрақ қаланың қай шетінен де көзге оттай басылып, елдігіміздің айғағы ретінде шың басында менмұндалап тұр. Осы ретте атап өтерлік жайт, биыл мамырда аталмыш тау бөктерін көгалдандыру, абаттандыру мақсатында «Халық орманы» акциясы бастау алды. Қалалықтар тегін таратылған мыңдаған қайың, үйеңкі, терек және өзге де ағаш көшеттерін кешен аумағына отырғызды. Келешекте бұл орын тіптен құлпырып шыға келмек.
Биылдан бастап Елтаңба стандарты өзгертілді
1992 жылы мемлекет рәміздеріне арналған байқаудың финалында Елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы қарастырылған болатын. 1991 жылдың 2 қазанында ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Қазақстан Елтаңбасының алғашқы нышаны бейнеленген кеуде белгісін тағып ғарышқа ұшты.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа үлгідегі Елтаңба енгізілді. Ал, ескі үлгідегі Елтаңба жыл соңына дейін қолданыла береді.
– Бұл өзгеріс Елтаңбадағы элементтерді тепе-тең етіп орналастыру және көк түс пен алтын түсті стандартқа келтіру қажеттілігінен туындады.Техникалық реттеу және метрология комитеті Елтаңба көріністерін нақтылап, жаңа стандарт дайындады.
Елтаңба элементтерінің өлшемдері және орналасуы қайта қаралып, жарасымды көрінуі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, бұрын тұлпардың айдары, көзі, кеңсірігі Елтаңбаның қырында орналасқандықтан, дұрыс көрінбейтін, тұлпардың басы керегені дұрыс көрсетпей жауып тұратын. Жаңа Елтаңбада әр элементтің анық көрінуі, пропорционалды орналасуы қарастырылды, – дейді бізге берген жауабындаТехникалық реттеу және метрология комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Бақытжан Сейітов.
Вставка:
«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі.Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ
Вставка:
Мемлекеттік рәміздерді қабылдаудаЕлбасының рөлі ерекше болды. Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізді, сондай-ақ терминдерге көңіл аударды. Президенттің бастамасы бойынша «Елтаңба», «Әнұран», «рәміз» терминдері енгізілген.
Вставка:
Мемлекеттік Туымыз Оңтүстік және Солтүстік полюстерге, әлемнің ең биік шыңына тігілген,ғарышта болған санаулы ғана тулардың қатарынан орын алады.
Вставка:
Ел тарихында мемлекеттік Әнұран екі мәрте бекітілді – 1992 және 2006 жылдары. 2006 жылдың 6 қаңтарынан бастап Қазақстан Әнұраны – «Менің Қазақстаным», оны 1956 жылы Шәмші Қалдаяқов Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған. Елбасымыздың енгізген түзетулеріән мәтінін бұрынғыдан әлдеқайда мазмұнды әрі салмақты етті.
Ержан Әбіш