Ауыл шаруашылығы

Көгедайда бөдене өсіріп жатыр

Көгедайда бөдене өсіріп жатыр

Жұдырықтай ғана жабайы бөденені бала кезімізде жиі кездестіретінбіз. Сол кезде насихаттың болмауынан, торғайдан сәл ірі құстың қадір-қасиетіне жете мән бермеппіз. Соңғы кезде бөдененің еті, жұмыртқасы адам ағзасына аса пайдалы, оның жұмыртқасын шикідей ішудің түрлі сырқаттарға, атап айтқанда, асқазан, қант диабеті, бауыр, бүйрек, ішек, хондроз, мидың есте сақтау қабілетіне аса пайдалы екені жайында жиі айтылып жүр. Зайсан ауданында іссапарда болған кезде аудан әкімі Алмас Оңдақанов Көгедай ауылында Ербол Жұмабаев деген азаматтың бөдене өсіріп жатқаны жайлы айтқанда елең етіп, Көгадайға жеткенше асықтық.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсембаева бізді Қараталдағы ерлі-зайыпты Серік, Анаргүл Тойлыбаевтарға алып келді. Серік шекара қызметінде ұзақ жылдар қызмет етіп, запасқа шыққан соң жұбайымен және көгедайлық Ербол Жұмабаевпен бірге жұдырықтай бөдене өсіруге ден қойыпты. Бөдене кірпияз, тауық құсап кез келген жемді қанағат тұтатын құс емес көрінеді. Былтыр наурызда олар Өскемендегі бөдене өсіретін Жанат Тасылбаевадан екі жүздей бөдене жұмыртқасын сатып алып, оны инкубаторда өсіре бастайды. Біраз жетіле бастаған кезде аңдаусызда тауықтың жемін беремін деп 70-80 балапанды өлтіріп алады. Сөйтсе, оның жеміне сүйек ұны, ракушка, басқа да қажетті элементтер қосылады екен. Бір қап жем – 6 мың теңге. Ол Зайсанға жеткенше құны 7-8 мың теңгеге жетеді. Бір жұмыртқаның 25 теңге екенін ескерсек, пайдасынан гөрі әзірше зияны көбірек сияқты.

Көгедайда бөдене өсіріп жатыр

Серік жұбайы екеуі Ерболға көмектесіп жүр. Ал бөдене өсіру Ерболға жүктелген. Ол бізді бөдене өсіріп жатқан қора ішінен қарсы алды. Арнайы темір сыммен қоршалған торда бөденелер орналасқан. Оларға жем, су беру көп уақыт алмаса да, ұқыптылықты талап етеді. Себебі, бес мекиенге бір қораз. Қораздары қызғаншақ, бір-бірінің төбесін қан жоса етіп талап тастағанын көрген кезде еріксіз таңғалдық.
–Бөденені алғаш өсірген қытайлар мен жапондар. Олардың ұзақ өмір сүруінің құпиясы бөдене жұмыртқасы мен етін пайдалануда болса керек. Бөдененің еті мен жұмыртқасында пайдалы витаминдер, атап айтқанда, темір 4,5, кобальт 2,2, В-2 витамині 2,2 есе көп. Жапондар балалардың иммунитетін көтеру, олардың денсаулығының мықты болуы мақсатында балалар мен мектеп оқушыларына жұмыртқа ішуді тегін ұйымдастырған. Біз неге кенже қалдық? Демек, бөдене өсіруге ден қойсақ, келешек ұрпақтың денсаулығы мықты болмақ. Аманшылық болса, әзірше бөдене жұмыртқасын сатудан пайда көрген емеспін. Оның басын 1 мыңға жеткізсем деген мақсат бар. Жұмыртқаларды жұрт іздеп жүріп сатып алады. Зайсандағы дүкенге тапсырып, жеке адамдарға сатып жатырмыз. Қараталдағы Серік пен Анаргүл де көмектеседі. Жеңілдікпен несие алып, келешекте бөдене өсірумен мықтап шұғылдансам, пайда табу емес, жас ұрпақтың ойы сергек, денсаулығы темірдей мықты болар еді, – дейді көгедайлық азамат Ербол Жұмабаев.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button