Өңірлік даму

КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРЕДІ

Облыстық ақпараттық орталығында баспасөз мәслихатын өткізген Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов ауданға шекаралық өңірді дамытудың кешенді бағдарламасы жаңа серпін әкеліп отырғанын атап айтты.

        ЖОБАЛАР ХАЛЫҚТЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАСАЛДЫ

Күршім ауданын дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы аудан, ауыл округтері  тұрғындарының талап-тілектері, өтініштері мен ұсыныстарын, ауданның өзіндік ерекшеліктерін назарға ала отырылып жасалыныпты. Жыл өткен сайын жалаңаштанып бара жатқан шекаралық аймақтағы, шалғайдағы  жұрттың көңілін қапаландырып жүрген күрмеуі көп мәселенің бірі – денсаулық сақтау саласы мен ауызсуға байланысты  болатын.

Биыл және алдағы жылдарда жүзеге асырылатын кешенді бағдарлама аудан ауылдарын жарықтандыру, ауданішілік жолдарды жөндеу, Марқакөл мен Күршімдегі ауруханаларды білікті маман, озық құрал-жабдықтармен қамту, аудан ауылдарын  толық орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау, мал, егін шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту есебінен жұмыс орындарын ашу тәрізді әр саланы, әрбір округті қамтыған өміршең жобалардың басын біріктіріп отыр.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл Күршім аудандық ауруханасы мен Марқакөл ауылдық ауруханасына 168 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Күршім аудандық  ауруханасының босандыру бөлімшесін екінші деңгейге көшіру шаралары жүргізіліп жатыр, бөлімшеге биыл  87 млн теңгенің қажетті жабдықтары сатылып алынған. Марқакөл аудандық ауруханасының анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінің материалдық –техникалық базасы толықтырылып, жаңа буынды 19 бірлік құрал-жабдықпен жаңаланған.  Ауруханаға   24 млн  теңгеге екі өкпені жасанды демалдыру аппараттары сатылып алынған. Күршім ауданы орталығына оттегі стансасы орнатылып, тұрғындарға ПТР талдауларын жүргізетін орталық ашылған.

Осы уақытқа дейін Күршім ауданындағы  44 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған ауызсумен  қамтамасыз етілсе,  биыл бірнеше ауылға орталықтандырылған  су желісі  тартылып, ауыл тұрғындарының таза сумен қамтылу деңгейі 83 пайызға жетіп отыр. Марқакөл ауылына 4,8 шақырым ауызсу құбыры тартылып, іске қосылған. Қалжыр ауылына 500 млн. теңге  қаражатқа  су құбыры желісі тартылып, қазіргі күні ауыл тұрғындары  орталықтандырылған суға қосылып жатыр. Ұраңқай, Бұғымүйіз, Бөкенбай, Теріскей Бөкенбай, оң жақ Қалжыр  ауылдарына су тазартатын алты блок- модульді  су стансалары орнатылған.  Маралды, Барақ батыр ауылдарына сумен қамту жүйесін тарту  бойынша мердігерлер анықталып,  қаражат бөлініп, құбыр тарту  жұмыстары басталған.

Аудан әкімінің айтуынша, таза сусыз отырған Төсқайың, Алғабас ауылдарына  орталықтандырылған сумен қамту жүйесін орнатудың жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр, келесі жылы сараптамадан өткен соң бұл  екі ауылға да су тартылып, ауданды дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыру барысында алдағы үш жыл ішінде аудан ауылдарын сумен қамту 100 пайызға жетпек.

  ӨҢІРДЕГІ  ЖАҢА ӨНДІРІС ОШАҒЫ

Күршім ауданын дамытудың кешенді жоспарында ауданішілік автокөлік жолдарын жөндеуге баса назар аударылып отыр. Өткен он айда  1 млрд. 221 млн. теңгеге өңірдегі 39 ауыларалық жолға асфальт төселіп, Боран ауылына  кіреберіс жол, Күршім – Алғабас, Күршім–Үлкен Нарын  жолдары мен Марқакөл, Қалжыр, Күршім ауылдары көшелерінің жолдары  жөнделген.

2020 жылы Күршім ауданында өндірістік қуаты жылына 350 мың тонна кен өндіруге жететін Қаршыға кен орнының тау-кен байыту комбинаты іске қосылды. Жаңа өндіріс ошағы жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмысқа тұруына өз ықпалын тигізбек.  Балық аулап, өңдеумен айналысып отырған «Төретоғам» балық зауытының өнімдері Қытай, Ресей, Литва елдеріне экспортқа шығарылып жатыр. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша «Төретоғам» балық зауыты 200 млн. теңге несие алып,  кәсіпорынды  қайта жаңғыртып, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырып жатыр.  Ауыл шаруашылығымен қоса, Күршім жақта  осылайша қайта өңдеу, өнеркәсіп саласы да қаз-қаз басып келеді. Өткен он айда ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 млрд. 624 млн теңгені құрап, былтырғыдан  екі есеге өскен.  Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 828 бірлікке жетті.

ДӘУЛЕТІНЕ СӘУЛЕТІ САЙ БОЛМАҚ

Сәулеті мен дәулеті келіскен, жағдайы жасалған көрікті  ауылда тұруды кім армандамайды? Урбанизация заманы десек те,  ауылда тұрақтап қалмай, барса  қайтып кетіп жатқан жастарға, жас мамандарға  жетпей жатқаны осы жағы. Аудан әкімі Дулат Қажанов  Күршім  ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында  әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жақсартумен қатар, ауылдарды абаттандыруға да үлкен назар аударылып жатқанын баяндады.   Абаттандыру жұмыстары  аясында биыл Күршімде балаларға арналған төрт ойын алаңы пайдалануға берілген. Аудан орталығы толығымен абаттандырылып, заманауи сазды субұрқақ салынып жатыр. Күршімдегі  Тоқаев, Абылайхан көшелеріне  жиектас, жүргінші жолы салынып,  жол-көлік  қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қашалар орнатылған. Аудан орталығына сегіз аялдама, Алғабас ауылына жасанды жабыны бар футбол алаңы,  ашық жаттығу алаңдары салынып, ел игілігіне пайдаланып жатыр. Марқакөлдің  орталық көшелеріне жиек жол, жиек тас, субұрқақ, балалар алаңы салынып, пайдалануға берілген. Күршім және Марқакөл ауылдарының орталықтарында   ұлт ұстазы, ақын Абайдың ескерткіші бой көтерді.

Биыл Марқакөлдегі ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,   Ақжайлау, Ақсуат, Жолнұсқау, Барақ батыр ауылдарының клубтары ағымдық жөндеуден өтті. Аудан орталығындағы    «Сарытау» стадионы жөнделіп, стадионға заманауи футбол жабындысы төселген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша білім беру нысандарын, барлығы 32 нысанды  жөндеуге 983 млн теңге қаражат бөлініп, игерілген. 2021 жылы Ұраңқай ауылына  80 орындық жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. «Көшіп келді» дейтіні жоқ, «көшіп кетті» дегені көп қияндағы бұл ауылға жаңа мектеп салынса, талай жылғы тағы бір түйінді мәселе шешілмек.

–Шекаралық аймақтағы ауданымызды нығайтып, өркендетуге арналған, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған іс-шаралар әрі қарай жүргізіле бермек. Осы орайда әлі талай жұмыс күтіп тұр. Биыл ғана ауданға 74 адам көшіп келген,  біздің ауданымыз үшін бұл статистиканың өзі де жағымды, – деді баспасөз мәслихатында өңірде шағын және орта бизнесті, туризмді, сүт өндірісін дамытудың келешегі туралы айтып, сауалдарға жауап берген аудан басшысы.

Күршім ауданын, соның ішінде шекарада жатқан Марқакөл өңірін дамытудың 2020 – 2024 жылдарға арналған кешенді бағдарламасындағы  жобаларды жүзеге асыруға барлығы  58,6 млрд. теңге жұмсалмақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button