Керекуліктер Кенді Алтайға қонаққа келді
Бүгін Өскеменде Павлодар облысының Шығыс Қазақстандағы күні өтеді. Бағдарламада өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының, білім мен мәдениет салаларының нысандарын аралау, екі жақ кәсіпкерлерінің іскерлік кездесуі және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою сияқты маңызды шаралар жоспарланған.
Бүгін, мамырдың 3-інде Шығыс Қазақстандағы Павлодар облысының күні өтеді. Кемеңгерлерімен мақтанатын Кереку өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді.
Естеріңізге салсақ, еліміздің және шет мемлекеттердің өзге аймақтарымен түрлі салалар бойынша, атап айтсақ, өндірістік технология, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында өзара тиімді байланыстар орнату, тәжірибе алмасу дәстүрі біздің Шығыста кейінгі үш-төрт жылдан бері ғана іске асырылып келеді.
Бұл игі бастаманың авторы – облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. Аймақ басшысы бұл шаралардың басы-қасында бірге жүріп, делегацияны Қазақстанның барлық дерлік өңірлеріне өзі бастап барды. Алғашқы сапарлар қазақстандық үлесті ұлғайту мәселесіне қатысты болды. Сол жұмыстың нәтижесінде еліміздің көптеген ірі кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған-ды.
Жерлестеріміз Шығыс Қазақстанның мәдени күндерін елордамыз – Астананың төрінде өткізді. Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарына сапарлап, Ресейдің Алтай өлкесіне, Татарстан Республикасына барып қайтты. Аймақтың жетістіктерін айшықтап, табыстарын паш еткен осынау іс-шаралардың екіжақты маңыздылығын атап өткен орынды. Шығыс өңірі осы аймақтардан қарымта сапармен келген қонақтарды да құшақ жая қарсы алып, меймандос көңілімен қабылдады.
Ендігі кезек ерке Ертісті тел емген терістіктегі көршіміз – керекулік ағайындарға келіп жетті.
– Павлодар облысы ірі өнеркәсіп орындарымен де белгілі. Еліміздің басты индустриялдық аймақтарының біріне жататын Керекуде дәстүрлі күрделі өндірістер мен минералдық және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-ның экономикалық кеңістігіндегі аса ірі аумақтық-өндірістік кешен қалыптасқан. Алабы ат шаптырым аумақты тұтас алып жатқан әлемге әйгілі Екібастұздың көмір кеніші де ел экономикасына табысты жұмыс істеп келеді. Облыстың орасан зор табиғи-ресурстық әлеуеті, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы, жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті, оның Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы рөлі түрлі елдердің өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің мұқият назарын аударуда.
Енді осы өңірдің кәсіпорындарымен барынша тығыз ынтымақтастық орнату мүмкіндігі Шығыс Қазақстан бизнесмендеріне де ұсынылып отыр. Павлодар облысының Шығыс Қазақстандағы күні аясында «Ертіс» және «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арасында жалпы құны 112 миллион теңге болатын келісімге қол қойылмақ. «Қазцинк-Ремсервис» пен «КЭМОНТ» кәсіпорындары павлодарлық «Қазэнерго-кабель» акционерлік қоғамымен 200 миллион теңгенің келісіміне қол қоюды көздеп отыр.
«Востокмашзауыт» кәсіпорны болса «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» серіктестіктерімен келіссөздер жүргізуде. Бұл тізімді ары қарай да жалғастыра беруге болады, алайда асығыстық жасамайық, мұның бәрі бүгін өтуге тиіс шаралар.
Бүгін керекулік делегация өнеркәсібі өрге басқан Өскеменге ат басын тіреп, мұнда кең көлемді танысу бағдарламасы аясында іргелі кәсіпорындарды аралайды. Дәлірек айтсақ, «Азия Авто» АҚ мен Үлбі металлургиялық зауытына барады. Аймағымыздың жаңа айшықты нысаны – Өскемендегі облыстық мешітте болады. Бұл сәулет туындысы үлкендігі жөнінен Астанадағы «Нұр Астана» және «Хазірет Сұлтан» мешіттерінен кейінгі үшінші орынды иеленеді.
Сонымен қатар, меймандар елімізде тұңғыш болып біздің Шығыста бой көтерген, ерекше нысандардың бірі – этноауылды аралайды, «Іргетас» атты инженерлік бейіндегі зертхананың жұмысымен, елімізде ең алғаш рет Өскеменде салынып жатқан Жеңіл атлетика манежінің және Жекпе-жек сарайының, сонымен бірге Жабық бассейннің құрылысымен танысады.
Бұдан соң Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары кәсіпкерлерінің кездесуі, ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі жоспарланған. Осы күні керекулік көршілер Глубокое ауданындағы сүт-тауарлы фермада болып, сондағы жаңа технологияларды да көреді. Мәдени күнді Өскемен шаһарында өтетін павлодарлық өнер ұжымдарының концерті түйіндемек.