Кене шаққандар көп
Облыста екі адам кене энцефалитін жұқтырды. Қазір олардың жағдайы қалыпты, тиісті ем қабылдап жатыр дейді мамандар. Жалпы осы күнге дейін өлкеде 2074 тұрғынды кене шағыпты. Оның 700-ден астамы балалар. Ал кенеден келер кеселдің алдын алу мақсатында екі мыңға жуық адам арнайы екпе салдырған.
Сала өкілдерінің айтуынша, табиғат аясында демалу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайтындар көп. Демалыс базалары мен балалардың жазғы лагерьлерінде сақтық шаралары қолға алына бастады. Осы күнге дейін 800 гектар аумақта залалсыздандыру жүргізілді. Негізінен қансорғыш жәндіктер облыстағы тоғыз ауданда көп кездеседі. Дегенмен кене энцефалитін тарататын түрлері таулы және орманды өңірлерде екен. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанованың айтуынша, кене энцефалиті кең тараған қауіпті аймақтар қатарына Риддер қаласының маңы мен Катонқарағай ауданы жатады. Жалпы кене шағып, медициналық көмекке жүгінген адамдардың 59%-і осы аудандардың тұрғындары.
Лаура Тілеубайқызы