Саясат

Кенді өлке кемел істерімен мақтанады

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Зырян ауданында болды. Аймақ басшысы күздік бидай ору науқанымен танысып, геология-минералогия ғылымының докторы, академик Арықтай Қайыповқа арналған ескерткіш мемориалдың ашылу салтанатына қатысты.

Кенді өлке кемел істерімен мақтанадыСонымен қатар, облыс Әкімі Зырян қаласындағы терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген көпқабатты үйді көріп, «Теплоцентраль» кәсіпорнының қазандығында болып, хоккей модулі құрылысының жұмысымен танысты.

Шаруалар жанармай құнының шарықтағанына алаңдаулы

Облыс Әкімінің іссапары «Мойылды-Байқоңыр» шаруа қожалығының егістік алқаптарын аралаудан басталды. Мұнда қазір күздік бидай орылуда. «Нью Холланд» атты бельгиялық бес су жаңа комбайн екі жүз гектар күздік бидайды оруды аяқтап қалыпты. Аймақ басшысы жұмыс барысын бағамдап, диқан қауымын алаңдатқан мәселелердің мән-жайына қанығу үшін егістік алқабына аялдады. Астық жинау науқанының бүгінгі жағдайы туралы облыс Әкіміне «Нивы-Чапаево» шаруа қожалығының жетекшісі Жанатбек Бұғыбаев мәлім етті.

– Біз «Шығысагрохолдинг» мекемесі арқылы өз серіктестерімізге күздік бидайды оруға көмек көрсетіп жатырмыз. Есебімізше, гектарынан шамамен жиырма центнердей өнім алынуы тиіс. Егінді заманауи комбайндар оруда, оларды біз өз қаражатымызға, сондай-ақ кейбірін «Қазагро» холдингінің көмегімен сатып алғанбыз. Жалпы алғанда комбайндарды сатып алу үшін ғана жүз миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Мұндай озық үлгідегі бір комбайн бұрынғы үш комбайнның жұмысын атқарады. Әрине, жұмысқа кедергі келтіріп отырған мәселелер де бар. Олар – жанармай мен қосалқы бөлшектер құнының шарықтап кеткені. Тіпті, кейде тапқан табысымыз аталмыш шығындардан артылмай жатады. Дизель отынының бір литрі жүз теңгеден асады, ал бидайдың келісі – отыз теңге. Қосалқы бөлшектердің бағасы да аспандап тұр. Осы ретте мемлекет тарапынын қолдау көрсетілсе, жақсы-ақ болар еді, – дейді қожалық басшысы.

Облыс Әкімі шаруалардың өзекті мәселелеріне жан-жақты қанығып, оларды шешуге қажетті барлық шараларды қабылдауға уәде етті. Әрине, нарықтық экономика жағдайында қосалқы бөлшектер мен жанармай бағаларын реттеу қиын, дей тұрғанмен мемлекеттік құрылымдар тарапынан бұл ретте нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, егін егу мен ору науқандарына арналған төмен бағадағы жанармай қоры құрылған, бұл қордың көлемі алдағы уақытта кеңеюі ықтимал. Аймақ басшысы шаруалардан лизингке алынған техникалардың қаншалықты тиімді екенін де сұрады. Жаңа және ескі комбайндардың айырмашылығын «Нивы-Чапаево» шаруа қожалығының жұмысшысы Иван Менин айтып берді.

Атап өтерлік жайт, биыл комбайн-шылардың еңбекақысы жылдағыдан анағұрлым жоғары. Шаруа қожалықтары басшыларының айтуынша, олар күніне бес мыңнан он бес мың теңгеге дейін таба алады. Облыс Әкімі шаруаларды еселі еңбек етуге, жаңа технологияларды көптеп енгізіп, өнім көлемін ұлғайта түсуге шақырды.

Жылу мәселесі – жіті назарда

Зырян қаласын жылумен қамту мәселе-сіне облыс басшылығы тарапынан жіті назар аударылып келеді. Аймақ басшысы «Теплоцентраль» мемлекеттік кәсіпорнына қарасты қазандықта болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, көмір қорының мөлшерін көрді.

Кәсіпорын директоры Николай Рыльский облыс Әкіміне қыс маусымына дайын-дықтың барысы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Атап айтсақ, биыл шағын шаһарларды дамыту бағдарламасы бо-йынша Зырян қаласының жылу жүйелерін жөндеуге 70 миллион теңге бөлінген. Аталмыш қаржының бір парасы тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға, ал бір парасы қазандықты жөндеуге бағытталған. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.

Алайда, отын сатып алуда мәселелер бар. Жеткізуші компания көмірді ай сайын сатып алуды талап ететін көрінеді. Ал қазандық қатты отынды жаз кезінде алғысы келмейді, себебі, күн көзінде жатқан көмірдің сапасы төмендейді. Аймақ басшысы көмір сатушы мекемелермен бұл мәселені шешуге уәде етті.

Осы жылы Зырян аудандық қазандығына екі бірдей турбогенератор орнатылуда. Жоспарға сәйкес әрбір генератор сағатына 3 мегаватт электр қуатын өндіретін болады. Яғни, қазандық электр энергиясымен өзін ғана қамтып қоймай, өзге кәсіпорындарға да сата алады. Жылу қазандығы электр қуаты үшін жылына 140 миллион теңге шығындап келген, енді бұл қаржы кәсіпорында қалмақ. Қондырғылар келесі жылдың күзінде іске қосылуы тиіс. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады.

Облыс Әкімі кәсіпорын директорынан тұрғындардың жылуға қанша қарыз екенін де сұрады.

– Тұрғындардың бізге шамамен 27 миллион теңгедей берешегі бар. Соттасып та жатырмыз. Тарифтерді 30 пайызға көтеру туралы өтініш бергенбіз, бірақ 10 пайызға ғана өсіруге рұқсат алдық. Ал көмірдің бағасы бір жылда 14 пайызға қымбаттады, – дейді Николай Рыльский.

Аймақ басшысы Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімовке бұл мәселені бақылауда ұстап, антимонополиялық комитетпен жұмыс жүргізуді жалғастыруды тапсырды.

Зырянда да хоккей модулі бой көтереді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарының соңында Зырян қаласындағы алдағы уақытта хоккей модулі салынатын алаңға аялдады. Жоспар бойынша ғимарат келесі жылы іске қосылуы тиіс. Қазір мердігер ұйым құрылыстың іргетасын қазуда. Жобаға демеушілерден 275 миллион теңге қаражат жиналған. Қаржының алғашқы легін құрылысшылар жуырда ғана алып, жұмыс енді жандана бастапты. Аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Ольга Кашунның айтуынша, материалдардың басым бөлігі Өскеменнен жеткізілмек. Бұл құрылысты тездетіп аяқтауға кедергі болып отыр. Сондай-ақ, ғимаратқа коммуникация тарту жұмыстарына қаражат қарастырылмапты, себебі, барлық қаржы модульді салуға ғана көзделген. Осы орайда облыс Әкімі құрылыстың барлық шығынын алдын ала есептеу керектігін ескертті. Енді коммуникация тартуға қажет ақшаны аудан әкімдігі іздестіруі тиіс.

– Біз Зырян қаласына осы модульді салу үшін демеуші таптық, ол – «Қазцинк» кәсіпорны. Жоба бизнестің әлеуметтік жа-уапкершілігі аясында іске асуда. Қосымша қаржы енді бөлінбейді. Бірақ модульге жылу, су және кәріз құбырлары тартылуы қажет, мұз құятын машина алынуы керек. Құрылыс жылдам әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Өйткені, бұл нысанды біз өзіміздің балаларымыз үшін салып жатырмыз. Қайталап айтамын, ешқандай қосымша қаржы қарастырылмайды. Егер қаржы жетпей жатса, оны өздерің табатын боласыңдар, – деп қадап айтты аймақ басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button