Кенді Алтайда қанша шикізат қоры қалды?
Шығыс Қазақстан – еліміздегі ең ірі қазба байлықтары орын тепкен өңір. Кенді Алтайдың қойнауында қорғасын, мыс пен мырыш, алтын мен көмір, мұнай мен газ да бар екенін жиі ауызға аламыз. Ал оларды барлау, зерттеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Кеніштеріміздегі кен қорлары қашанға дейін жетеді?
Геологиялық барлау қайта қарқын алды
Кезінде Кенді Алтайды кезген геологтардың күшімен табылып, кеніштерге айналған қазба орындарының игілігін ел осы уақытқа дейін көріп отыр. Қалбадағы сирек металдар мен алтынның, Семей өңіріндегі, облыстың оңтүстігі мен шығысындағы бүгінгі бірнеше ондаған кен орындарының бәрі – кеңестік заманда ашылған қазыналарымыз. Солар арқылы Қазақстан түсті металлургиясының, алтын өндірісінің сенімді минералды – шикізат базасы құрылды. Біздің облыстың экономикасы, болашағы осы салаға бағыттала дамытылды.
Бірақ Одақ ыдыраған соң геологиялық барлаулар мүлде баяулап, таусылып бара жатқан кеннің орнын толтыру, геологиялық іздестіру, зерттеу жұмыстары біраз уақытқа дейін тоқтап қалды.
Қазір облыста 243 жер қойнауын пайдалану нысаны жұмыс істеп жатыр. Қатты пайдалы қазбаларды зерттеп, барлаумен 208 нысан айналысуда. Соның 32-сі – алтын, 28-і – түсті металл қазба орындарын барлауда.
Облыста 2010 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы нысандар саны жыл сайын артып, 9,5 пайызға көбейіп отыр. Салаға жұмсалып жатқан қаражат та ұлғая түсуде. Шығыстағы геологиялық барлау жұмыстарына арналып биыл республикалық бюджеттен 2 млрд. 50 млн. теңге бөлінген.
– Осыдан екі жыл бұрын Президент Үкімет отырысында еліміздің минералды-шикізат базасын нығайту үшін геология саласын қайта түлетіп, дамыту қажеттігін тапсырды. Содан бері мемлекеттен бөлінетін қаржы көбейе бастады, – дейді «Востказнедра» Шығыс Қазақстан облыстық аймақаралық жер қойнауын пайдалану және геология департаментінің басшысы Талғат Сатиев. – Үкіметтің тапсырмасы бойынша минералды-шикізат базасындағы ең озық технологиялар мен заманауи тәсілдерге негізделе жасалған «Қазақстандағы геология саласының 2030 – жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» қабылданды.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да геологиялық барлауға баса мән беру қажеттігін, еліміз геологиялық барлау саласында әлемдік нарыққа шығуы тиіс екенін атап айтқан болатын. Тиісті заңнамаларды жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инженирингтік компаниялардан инвестиция тарту керектігі міндетін де қойды.
Бүгінгі күні облыс көлемінде аталмыш салаға шеттен келіп жатқан қомақты қаржы жоқ болғанымен, басталған барлау жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр. «Қазақстан Республикасының минералды-шикізат кешенін дамытудың 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасы», сонымен бірге елімізде қабылданған аймақтағы моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында болашағы бар бірінші кезектегі учаскелер бюджеттің және жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың өз қаржысы есебінен зерттелініп жатыр.
Департамент басшысы өткен жылдың қаңтарында Премьер-Министр Серік АХМЕТОВТЫҢ біздің облысқа келген жұмыс сапарында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ ұсынысымен экономикалық негізін тау – кен металлургия саласы құрайтын облыстағы моноқалалардың проблемаларын шешу үшін мемлекет бюджетінен қосымша қаржы бөлдіруге қол жеткізілгендігін айтты. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша енді Зырян ауданындағы Момонтов – Щебношинск, Игнашехинск, Еремеев қазба орындары нысандарында іздестіру жұмыстары басталмақ. Қазір жобалық сметалық құжаттары жасалынып біткен, үш учаске де биылдан бастап зерттеуге алынбақ.
«Қазцинктің» негізгі шикізат қоры орналасқан осы Зырян ауданында биыл тағы да екі нысанға геологиялық барлау жүргізудің жобалық-сметалық құжаты жасалынады. Риддер қаласының болашағы да «Қазцинк» кәсіпорнының қазба байлықтары орындарын түбегейлі зерттеп, өңдеумен тығыз байланысты.
Жалпы, соңғы он жылда Шығыс Қазақстан аумағында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жүргізілген геологиялық барлаулар нәтижесінде аймақта миллиондаған тонна мыс пен полиметалл, мыңдаған тонна сирек кездесетін металл, жүздеген тонна алтын қоры жатыр деп болжанған болашағы бар алаңдар анықталыпты.
Жылына 11 млн. тонна кен қазып, өңдеп келе жатқан облыстағы «Қазцинк», «Қазақмыс корпорациясы» компаниялары да өздерінің шикізат қорын толтыру үшін геологиялық барлау жұмыстарына қаржы салып келе жатыр. Былтыр «Қазцинк» компаниясы оған 3,5 млрд. теңге жұмсаған. «Қазцинк» ЖШС қолданыстағы қазба байлықтары орындары шегімен қоса Соловьев қимасындағы жаңа алаңдарды барлауда. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Юбилейный-Снегирихинский», «Анисимов қайнары» қазба орындарында геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауда.
– Биылғы ақпан айының аяғында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен «Қазцинк» компаниясы арасында «Кенді Алтайдағы минералды шикізат базасын дамыту» жобасын жүзеге асыру барысында геологиялық барлау бағдарламаларының тиімділігін арттырып, облыстағы минералды-шикізат қорын ұлғайтудың тиімділігін арттыруға арналған ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Біздің өңірді екі жақ «қанатқақты жоба» ретінде алып отыр, егер жетістікке жеткізіп жатса, өзге өңірлерде де жүзеге асырылатын болады. Жобаны жүзеге асыруға әлемдегі озық геологиялық барлау технологиялары пайдаланылмақ, – деген «Востказнедра» жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау департаментінің басшысы Талғат Сатиев Шығыс Қазақстан жерінің қазынасы толық анықталмағанын, әлі талай пайдалы қазба орындары ашылатынына сенім артылып отырғанын жеткізді.
Меморандумда көрсетілгендей, «Қазцинк» компаниясы алдағы төрт-бес жыл ішінде облыс және еліміз бойынша геологиялық барлау жұмыстарына 15 млрд. теңге жұмсауды міндетіне алған.
Қаржы көбейіп жатқанымен, кәсіби маман жетпейді
Геологтар Шығыста қазба байлығы орындарының көптігіне күмән келтірмегенімен, олардың бәрі жеті қат жердің түбінде жатыр, аршып алынуы қиын да күрделі деседі. Себебі, осы уақытқа дейін жер бетіне жақын жатқан қазба орындарының барлығы дерлік анықталып біткен, пайдаланылуда. Бірнеше метрге дейін бойлайтын жер қыртысында жатқан тау жыныстарын зерттеп, барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізу бұрынғыдан да көп қаржыны, техникалық күшті талап етуде. Бәрінен бұрын бұл іске білгір маман керек.
Байырғы геолог Олег Навозовтың геологиялық барлау жұмыстарын жүргізумен айналысып келе жатқанына 50 жылдан асыпты. 1961 жылдан бері тау-тасқа шығып, Шығысты шарлаумен жүрген қарт геолог бүгінде өңіріміздегі белгілі геологиялық барлау компаниясы «Топаз» ЖШС бөлімшелерінің бірі – « Ертіс геологиялық түсіру партиясының» жұмысын басқарып отыр.
Бөлімше қазір Зайсанның сол жағалауынан Бұқтырманың жазығына дейінгі 11 мың шаршы шақырым арасындағы алаңдарда тантал, вольфрам секілді сирек кездесетін металдар сияқты қазба байлықтары орындарына барлау жұмыстарын жүргізуде екен.
Геология саласының жілігін шағып, майын ішкен майталман геолог кәсіпорындағы талай жасқа тәлімгер болып жүр.
– Бізде зерттелмей жатқан қазба байлығы орындары жетерлік, бірақ оларға жету жолы барған сайын күрделеніп барады. Тым тереңде жатыр. Ал, кен шикізатының қоры болса, үсті – үстіне таусылып келеді. Әрі кетсе он жылға жетер. Сондықтан барлау жұмыстарын жеделдете әрі тиімді жүргізу қажет. Барлауға жақсы технологиямен бірге мықты маман қажет. Басқа мамандықты айта алмаймын, ал тәжірибелі геолог болу үшін бұл шаруамен кемінде 15 жыл айналысу керек. Қазір геологиялық барлау саласында тәжірибелі мамандар саусақпен санарлықтай. Алдымызға келіп жатқан жастардың кәсіби білімі төмен, тәжірибесіз. Сөйте тұра келе салып қанша еңбекақы алатынын сұрайтындар да көп. Талпынысы барларды үйретіп, қолдау көрсетудеміз. Жоғары, орта оқу орындарының беріп жатқан білімі мандымай барады. Бұрын Семейдегі геологиялық барлау техникумынан келген жас мамандардың білім деңгейі өте жоғары болатын, қазір олай емес. Жоғары оқу орындарындағы студенттер жылына кем дегенде үш ай өндірістік тәжірибеден өтіп, оқып-тоқығанын пысықтап, тәжірибе жинақтап келіп жатса өздеріне де, бізге де жақсы болар еді, ең алдымен олардағы бүгінгі білім беру жүйесін өзгерту керек, әйтпесе, бұл салаға маман даярлау сапасы құлдырай бермек. Қазір барлауларды жүргізуде GРС ғарыштық байланыс жүйесіне, заманауи өзге де жабдықтардың көмегіне сүйенудеміз. Технология қанша жерден керемет болғанымен бәрі де маманның кәсіби шеберлігімен атқарылады. – дейді Олег Навозов.
Болат Бағадаев техникалық жағынан толық жарақтандырылған «Топаз» ЖШС-нің қазір кез келген күрделі нысандарды барлап, зерттеуге мүмкіндігі жетіп отырғандығын айтады. Компанияның геологиялық, генетикалық, геофизикалық, басқа да талдаулар мен зерттеулерді жүргізетін халықаралық стандарттар талаптарына сай бірнеше зертханалары бар. Барлау жұмыстарына қазіргі заманғы құрал-жабдықтар пайдаланылуда. Кәсіпорын геологтары облыс аймақтарымен бірге Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Астана өңірлерінде геологиялық жұмыстар жүргізуде.
Қазақстанда сәуір айының алғашқы жексенбісі Геологтар күні болып аталып келеді. Табиғат тартуын ел игілігіне жаратып жатқан ерекше мамандық иелерімен төл мереке қарсаңында жолығып, әңгімелескен біз олардың қиын да қызықты еңбектеріне табыс тіледік.
Жанаргүл Мұқатай