Келешегі зор жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде жерлерді тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алулардың нәтижелері, Бородулиха ауданында және Риддер қаласында тауарлы-сүт фермаларын салу мен қалпына келтіру, сонымен қатар алдағы жылдарға жоспарланған археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары сынды мәселелер талқыға салынды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі жерлердің тиімді пайдаланылуы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубеков баяндады. Ол ауыл шаруашылығы жерлеріндегі тыңайған аумақтарының ұлғаюын есепке алмағанда қорытынды көрсеткіштердің оң қарқынға ие екенін атап өтті. Ал тыңайған жерлер – басты маңызға ие, сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігі және аграрлық секторды дамыту мәселелерін шешудің негізгі ресурсы.
– Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің аумағы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін жою және оларды қор жері санатына есепке алудың арқасында 2014 жылмен салыстырғанда 82,8 мың гектарға кеміді. Ең көп пайдаланылмай жатқан жерлер Аягөз, Зайсан және Тарбағатай аудандарында анықталып отыр, – деді Қонысбай Төлеубеков.
Жер қатынастары басқармасы басшысының айтуынша, жалпы облыс бойынша ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерде егістіктердің қысқаруы байқалады. Қор аумақтарының ұлғаюы Бесқарағай, Жарма және Тарбағатай аудандарында орын алған. Егістікті пайдалану облыс бойынша 97 пайызды құрайды, бұл – республикалық рейтингтегі жоғары көрсеткіш, яғни, біз көш басынан көрініп келеміз.
Қалалар мен аудандардың атқарушы биліктері өткізген түгендеу қорытындысы бойынша 2010-2014 жылы ауылшаруашылық айналымға енгізілген 948,3 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталған. Қабылданған шаралар оң нәтижелер берді, жер пайдаланушылар 453,9 мың гектар аумақтағы өз жерлерін қолдануға кіріскен, мемлекеттік меншікке 526,3 мың гектар жер қайтарылды, оның ішінде 403,6 мың гектары ауылшаруашылық айналымға тартылған. Жерлерді қайтару жұмыстары Жарма, Зайсан, Зырян аудандарында, Өскемен мен Риддер қалаларында жалғасуда.
– Суармалы жерлерге қатысты айтар болсақ, олар бүкіл облыс бойынша 200,7 мың гектар. Ең көп аумақтар Аягөз, Бесқарағай, Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандарында және Семей қаласында. Егер бұл жерлер тиімсіз қолданылса, оларды өз қаржысына қалпына келтіруге, тиімді пайдалануға қауқарлы инвесторларға беру тәжірибесі бар. Бүгінгі таңда мұндай 9 мың гектар жер қайтарылып алынған. Мемлекет меншігінде тұрған жерлерге аукциондар өткізу де маңызды іс. Айталық, 2015 жылы облыс қалалары мен аудандарында конкурстар арқылы 92,8 миллион теңгенің 940 жер телімі, аукциондар арқылы 230,0 миллион теңгенің 142 жер учаскесі ұсынылған, – дейді Қонысбай Төлеубеков.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмысын күшейтуді тапсырды. Мұндағы негізгі бағыт суармалы жерлерді қайтарып алу болуы тиіс.
– Мамырда суармалы және өзге де жерлерді сату жөнінде аукцион өткізу керек, ал кейін агроөндірістік сектор бойынша инвестициялық форум өткізуді ұйымдастырған жөн. Өткен жылы инвестфорум оң нәтижелер берді. Пайдаланылмайтын жерлер қайтарылып, инвесторларға ұсынылуы тиіс. Былтыр бұл ретте Үржар және Тарбағатай аудандарының әкімдері жақсы жұмыс істеді. Осы жылы аукционға кем дегенде 40 мың гектар суармалы жер қойылуы қажет, – деп атап көрсетті облыс әкімі.
Тауарлы-сүт фермаларының құрылысы және қайта құрылуы, тұрғындардан сүт жинау барысы туралы Бородулиха ауданы мен Риддер қаласының әкімдері есеп берді. Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акуловтың айтуынша, аудан бойынша тауарлы-сүт фермаларын дамыту бағдарламасына бес шаруашылық енген. Олар – «Новая заря» ЖШС, «Песчанка» ЖШС, «Е.Зәйтенов» ШҚ, «Красный Яр» ШҚ, «Алмақос» ШҚ. Жобалардың жетекшілерімен қаржыландыру, құжаттарды рәсімдеу мәселелері шешілген. Міндеттерді шешу бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ақырындап барлық шаруашылықтар толық қуатқа көшіп барады, қаржы игерілуде. Тек, «Красныя Яр» ШҚ жобасы бойынша мәселелер туындаған. Жобаны іске асырудың басында ірі қара 457 бас болған, алайда, сарыпқа байланысты ветеринарлық-санитарлық ережелерге сәйкес 364 басты союға тура келген. Қазіргі уақытта фермада 93 бас егілген жас мал бар. Ары қарай аналық мал басы сатып алынбақ.
– 364 бас малды союға көп ақылдың қажеті жоқ. Ал сол малды өсіру – үлкен мәселе. Бірнеше жылдың еңбегі зая кетті. Әлемдік тәжірибемен – вакцинациямен шұғылданған жөн. Ветеринарлық қызметтер тиімді жұмыс істеуі тиіс, оларға бақылауды күшейту керек, – деп атап көрсетті облыс әкімі.
Тауарлы-сүт фермаларын салумен және қалпына келтірумен қатар, Бородулиха ауданында тұрғындардан сүт жинау үшін сүт қабылдау бекеттері ашылуда. Бүгінгі таңда сегіз сүт қабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Сүттерді сатып алу ауданның барлық ауылдық округтерінде жүргізіледі. Кәсіпкерлер тұрғындардан тонналап сүт сатып алады, оны өңдейді және өңдеуші кәсіпорындарға ары қарай сатады.
Осындай жағдай Риддерде де орын алуда. Қала әкімі Жомарт Мұратов қалада сүт тапшылығы жоқ екенін атап көрсетті, тұрғындар сұранысы 100 пайызға дерлік өтелген. Шаруашылықтардың барлығы 7200 тонна сүт өндіреді. Қазіргі уақытта қалада «Эмиль» ЖШС, «Шығыс-Сүт» ЖШС, «Багратион» ЖШС, «Исток» ЖШС өнімдері саудалануда.
– Қаладағы сүт өңдеуші негізгі кәсіпорын – «Милка» ЖШС, онда сүт өнімдерінің 10-нан астам түрі шығарылады. Былтыр 4 мың тонна өнім өндірілді. Құтыланбаған табиғи сүт күніне бір тонна шамасында тұрғындар тарапынан қала базарларында сатылады, жазда литрі 170, қыста 200 теңгеден. Тауарлы-сүт фермалары бойынша инвестициялық жобалар толық қуатқа көшкенде «Милка» ЖШС-нің жүктемесі жылына 8 мың тонна сүтті, немесе жобалық қуаттың 55,5 пайызын құрайды, – деді Риддер қаласының әкімі.
Жомарт Мұратовтың айтуынша, өңірдегі сүтті сиырлар – 3162 бас, оның ішінде 718 бас шаруа қожалықтарында және 2444 бас тұрғындарда. Жергілікті ауыл шаруашылығы бөлімі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеген. «Дудкин С.Н.» ШҚ, «Достар» ШҚ, «Жамалханова М.С.» ШҚ, «Заря» ШС базаларында тауарлы-сүт фермаларын салуды және қалыпан келтіруді ұйымдастырудың адымдық жоспары дайындалған.
Өңір басшысының бағалауынша, тауарлы-сүт фермалары және сүт қабылдау бекеттері бойынша жағдай тұтас алғанда көңіл көншітерлік. Сонымен қатар, ол келешегі зор жобаларға билік тарапынан қолдау жасалатынын атап өтті.
Жиын барысында өңірдегі мемлекеттік сатып алулардың өткізілуі мәселесі қарастырылды. Мемлекеттік сатып алулар және коммуналдық меншік жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Можановтың айтуынша, оның мамандары процедуралар заңдылығының, сондай-ақ олардың мерзімдерінің сақталуына мұқият мониторинг жүргізіп тұрады. Бірақ осыған қарамастан, аяқталмаған проблемалық нысандар әлі де болсын бар.
Жалпы, Нұрлан Можанов атап өткендей, былтыр мемлекеттік сатып алулар бойынша жылпа сомасы 27 миллиард теңгені құрайтын 509 конкурс жүргізілген. Облыстық басқармалар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша жыл қортындысы – шамамен тоғыз миллиард теңгенің 123 конкурсы.
Мерзімдердің бұзылу фактілері анықталмаған, екі конкурстан басқа барлық конкурстар жарияланған. Олардың алғашқысы Семейдегі РК-1 қазандығын кеңейту жобасына қатысты. Қажетті мемлекеттік сараптама болмағандықтан, конкурс жарияланбаған. Риддер қаласындағы «Достар» шаруа қожалығының 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы үшін жетіспей тұрған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы бойынша конкурс өткізілмеді деп танылған, себебі – құжаттаманың кешіктіріліп қабылдануы.
Мемлекеттік сатып алулар бойынша электронды конкурстар өткен жылы 18,6 миллиард теңгенің 28 нысаны бойынша ұйымдастырылды. Олардың ішінде – Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Көкпекті аудандарындағы және Курчатов қаласындағы бес мектептің, сонымен қатар, Риддердегі бір балабақшаның құрылысы. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында конкурстық процедураларды өткізу бойынша жұмыстар Семейдегі жылумен қамтушы 10 нысанды, сондай-ақ Өскемендегі «Азия Авто Қазақстан» автозауытының инфрақұрылымын қамтыған.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ бірнеше өзекті мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда жауапсыз мердігерлердің қара тізімін құру қажеттілігі баяғыдан туындаған, солардың кесірінен аймақтың инвестициялық қоржыны жүздеген миллион теңгеден қағылуда.
– Мұндай мердігерлер бес жыл ішінде мемлекеттік салып алулар бойынша конкурстарға қатысу құқығынан айырылуы тиіс, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы мысал ретінде Семейдегі Ядролық медицина орталығын келтірді. Оның құрылысына 13 миллиард теңге салынған. Бірегей нысан әлі күнге дейін іске қосуға жарамсыз, өйткені, мердігер құрал-жадбдықтарды жеткізуге жауапты қосалқы мердігерді дұрыс таңдамаған, мұнымен қоса мемлекетке қомақты қаржы берешек болған.
Проблемалық жобалар ішінде Даниал АХМЕТОВ Жарма ауданындағы қазандықты, Зырян ауданындағы оңтайландыру орталығын да атады. Жалпы, мұндай аяқталмаған нысандар облыста өткен жылдың қорытындысы бойынша – 24.
Аймақ басшысының пікірінше, бәріне мердігерлерді мұқият іріктеуге, алдын ала сараптауға және анықтауға жауапты мемлекеттік құрылымдар кінәлі.
Шығыс Қазақстан археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті. Оның негізгі мақсаты – өңірдің табиғи-рекреациялық әлеуетін және табиғи-мәдени мұрасын сақтау және тиімді қолдану, зерттеу үшін барлық ресурстарды біріктіру және үйлестіру, сонымен қатар, мәдени құндылықтар мен артефактілерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова айтып берді.
Оның айтуынша, жұмыс үш жылға жоспарланған – 2016 жылдан 2018 жылға дейін және ғылыми форумды ұйымдастыру және өткізу, артефактілерді жариялау, тарихи-мәдени мұраны насихаттау бөліктерінен тұрады.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығындағы жұмыс тобы 17 барынша маңызды нысанды қарастырған және солардың тек төртеуі ғана бағдарламаға енгізілген. Біріншісі – Берел қорымының №2, 19 қорғандары. Жобаның жетекшісі – профессор, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев. Біздің дәуірімізге дейінгі 4-3 ғасырларға тиесілі Берел обасының бұдан бұрынғы зерттеулері байырғы көшпенділердің бірегей мәдениетін бүкіл әлемге паш етті. Катонқарағай жері әлі қанша құпиялар мен жұмбақтарды жасырып жатыр? Мұны білу – отандық және шетелдік озық археологтардың міндеті.
Мұнымен қоса, археологиялық зерттеулер бағдарламасына Зайсан ауданындағы Шілікті қорымы енгізілген, ол нысан да біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырларға тиесілі ежелгі сақ заманының ескерткіші ретінде ары қарай зерделеуді қажет етеді. Бұл жобаның жетекшісі – тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев.
Бағдарлама аясында Ұлан ауданында орналасқан Аблайкит ғибадатханасын археологиялық зерттеу де түбегейлі қолға алынбақ. Оның зерттелуі Жоңғар хандығы тарихының көлеңкелі тұстарына сәуле түсіреді деп сеніп отыр ғалымдар. Жұмыстар тарих ғылымының докторы, профессор, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Карл Байпақовтың жетекшілігімен жүргізіледі.
Ғылыми жұмыстардың төртінші бағыты бір жобаға жинақталған Абай, Аягөз және Тарбағатай аудандарындағы Қырықүңгір, Қырықоба және Елекесазы қорымдары. Зерттеулерді басқаратындар – тарих ғылымының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғылыми қызметкері Ердан Оралбай. Раушан Нұрмұханова атап өткендей, бұл ескерткіштер – сақ кезеңі тарихын қалпына келтірудің маңызды бір бөлшегі.
Осынау ауқымды зерттеу жұмыстарына еліміздегі озық археологтармен қатар Британияның, Италияның, Бельгияның, Мажарстанның, АҚШ-тың, Аустралияның, Түркияның, Қытайдың, Үндістанның және Ресейдің мамандары да тартылмақ. Ғылыми жаңалықтар Шығыс Қазақстанда өтетін археологиялық форумда талқыға салынатын болады. Табылған құнды жәдігерлерге кең қолжетімділік жасау үшін облыстық тарихи-өлкентанушылық мұражайда экспозиция құру жоспарлануда. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін осы жылы облыстық бюджеттен 100 миллион теңгенің бөлініп қойғаны белгілі.
– Бұл – өңірдегі туристік каластерді дамытуға арналған шара, – деп атап өтті облыс әкімі Дагниал АХМЕТОВ. – Мұнымен қоса, біз ең маңызды зерттеу жұмыстарын бастаймыз, бұл жұмыстар Қазақстан тарихын зерделеуге үлкен үлес қоспақ.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл бір реттік жоба емес. Бағдарлама аясында ғылыми зерттеулер жүйелі түрде жүргізіледі. Өскеменде барлық мәдени-тарихи құндылықтар, жәдігерлер жинақталатын бірегей тарихи орталық құру жоспарланып отыр.
Ержан Әбіш