Кеденнің кедергісіз болғаны жөн
Кеше республикалық «Кеден – бизнеспен ашық диалог» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы шеңберінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ және Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаевтың, сондай-ақ комитет құрылымдары жетекшілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Басқосуға облыстың өкілдерімен қатар Павлодар облысы сыртқы экономикалық қызмет мамандары да қатысты. Кездесудің басты мақсаты – кеден органдарындағы кедендік әкімшіліктендіру жұмыстарын жетілдіру, осы мәселеде бизнес өкілдеріне барынша ыңғайлы жағдай тудыру. Сонымен қатар, кедендегі екі жақты әріптестікті нығайтып, кедендік бақылау және оны жүзеге асыруды оңтайландырып, аталмыш қызметтердің айналасындағы мәселелерді талқылау.
Күн тәртібіне қойылған түйткілдерді тізбелей келе облыс Әкімі кеден қызметінің маңызды деген тұстарына тоқталып өтті.
– Кеденшілер мен кәсіпкерлер арасындағы мұндай кездесулер екі жақ үшін де пайдалы. Біздің облыс соңғы жылдары жоғары қарқынмен даму үстінде. Біз бүгінде көптеген алыс және жақын шетелдермен, әрине, ең алдымен, Кедендік одаққа кірген көршілерімізбен тығыз қарым-қатынас жасап, ынтымақтастық орнатудамыз. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын сауда-саттық, алыс-беріс ұлғаюда. Сондықтан біздің кәсіпкерлер білікті кеден мамандарының көмегіне жүгініп, олардан ақыл-кеңес алып отыруы керек. Кәсіпкерлердің осы мәселедегі сауаттылығы, олардың бизнесінің дамуына зор ықпалын тигізетіні анық, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Сондай-ақ, облыс басшысы аймақтық көлік-логистикалық жүйесін құру бойынша жоспарларын тілге тиек етті. Бұл жоспарға «Бақты», «Майқапшағай», «Шемонайха», «Риддер», «Ауыл» сияқты шекаралық сауда аймақтары кіреді. Сонымен қатар Семейдегі логистикалық кешен, «Зырян – Майқапшағай» теміржол желісі және басқа да көптеген инфрақұрылымдар мен кешендердің құрылысы алдағы уақыттың еншісінде екенін жеткізді. Облыс Әкімінің айтуынша, қуатты көлік-логистикалық жүйесін құру өлкеміздегі сауда-саттықты одан әрі дамытып, көрші және басқа да мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайта түспек.
Қазіргі уақытта Бірыңғай экономикалық кеңістік шекарасы арқылы тасымалданатын тауарларға кедендік рәсімдерді жүзеге асыруда көптеген түйткілі мол мәселелер кездесуде. Әкелінетін тауарлардың көлеңкелі жолдармен декларациялануы немесе делдалдардың заңсыз бизнесі ел экономикасына өз салқынын тигізетіні анық.
Басқосу барысында баяндалған мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Кедендік шекара арқылы жүзеге асырылатын тауар тасымалы жылдамдығының төмендігі де кеден саласының күн тәртібінен түспей тұр. Мұндай жағдайлар мемлекет бюджетіне кедендік төлемдер мен салықтардың жеткіліксіз түсуіне әкеп соғатыны анық. Сонымен қатар шекарадағы өткізу бекеттеріндегі бақылау органдары талап ететін рұқсат қағаздарын және бақылау органдарын қысқарту, жанама салықтарды әкімшіліктендіру құзыретін салық органдарына беру, кедендік рәсімдер бойынша мемлекеттік стандарттарды әзірлеу және енгізу, бизнес үшін интеграцияланған кеден тарифін әзірлеу сияқты көптеген мәселелер – кеден қызметінің басты назарында. Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев өз сөзінде ең қажет бес қағиданы атап өтті, ол: жылдамдық, қызмет, тұрақтылық, сенім және баға.
– Осы бес қағиданы негізге ала отырып, біз өз саламызда айтулы жетістіктерге жете аламыз, – деді кедендік бақылау комитетінің төрағасы. Сондай-ақ, Мәжит Есенбаев дөңгелек үстелге қатысушы кәсіпкерлер тарапынан қойылған Кедендік одақ мәселелері төңірегіндегі көптеген сұрақтарға жауап берді.
Жалпы, бүгінгі кеден қызметінің басты міндеті – халықаралық сауда-саттықтың дамуы жолында әлемдік тәртіпке сай жағдай жасау. Кедендік операцияларды оңтайландырып, уақытты ұту. Кедендік рәсімдерге байланысты бизнес үдерістерін толық автоматтандыру. Дөңгелек үстелге қатысушылар күн тәртібіндегі тақырыптарды талқылап, өзекті ойларын ортаға салды.