ҚАЙДА ХАБАРЛАСУ КЕРЕК?
Күн құлақтанып шықса, не боран, не аяз болады деп болжаған екен ауа райын табиғат құбылыстарына қарап білген бабаларымыз.
Қақаған қыста, қарлы боранда, көктайғақта жолда қалып қалмас үшін көлік жүргізушілері ауа райы болжамына қарап, «сақтансаң – сақтаймын» дегенді естен шығармағаны абзал дейді жол қызметінің мамандары. Абайламаса, ашық күн әп сәтте алай-дүлей болып, қыс ішінде кенеттен басталған боран мен қарлы бұрқасын діттеген жерге жеткізбей, жолда қалдыруы мүмкін. Жолаушылар БАҚ арқылы немесе телефондағы «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы облыстық, республикалық жолдардың жағдайынан хабардар болып отырғаны жөн.
Егер облыс аумағындағы жол бойында келе жатып, жолды қар алып қалып, көлік тоқтап, қиындыққа душар болсаңыз сол мезеттегі жағдайды, бағдарды, орналасқан жерді бақылап, құтқару қызметіне – 112 нөміріне және «ОблШығысЖол» мекемесінің тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметіне: (8 7232) 57 42 52; 8 705 798 05 99 телефондарына хабарласу керек. Таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін мекеме қызметкерлері, кешкі 6-дан таңғы 8-ге дейін диспетчерлік қызмет операторлары телефон қоңырауларын қабылдайды.
Жамал ЕРМЕН