Қар шығару жұмыстары қарқынды
Қылышын сүйретіп қыс келгенде Шығыс жұрты әбігерге түседі. Алтайдың ақ түтек бораны мен саршұнақ аязын былай қойғанда, апталап жауатын ақ ұлпасы қаланы да, даланы да қымтап тастайды. Осы кезде қар күреу жұмысы қызады. Жол аршып, аула-көшелерді қардан тазарту күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналады.
Әсіресе қалада көшелер мен жол жиегін қардан тазалау кезінде біраз келеңсіз жағдайлар туындап жатады. Нақтырақ айтсақ, жол жиегіндегі көліктер уақытша тоқтайтын орындарды тазалау мәселесі. Бүгінде аталған аумақтарды қардан тазалау коммуналдық қызмет пен кәсібін дөңгелеткен кәсіпкердің қайсының міндетті екенін біле алмай жүргендер баршылық.
Иә, биыл да әдеттегідей күздің соңы мен қыстың басында өңірімізде қар қалың түсті. Коммуналдық қызмет өкілдерінің тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеген күндері де есімізде. Алайда осындай қарбалас шақта қала көшелері қардан тазартылғанымен, жолдардың жиегі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Бұл әсіресе түрғын үйлердің аулаларына кіріп-шығатын, сауда нысандарының жанындағы көлікті уақытша қоятын аумақтарда, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолының бойында ерекше байқалады. Бұл жағдай жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің көру мүмкіндігін шектеп, әртүрлі оқыс оқиғаның болуына әсер етеді. Көшенің қарын күрейтін грейдерлер жол жиегіндегі көлік тұрақтары мен көпқабатты аулалардың кіреберіс аумақтарын бүлдіріп кетеді. Осының салдарынан көліктердің көбісі жүре алмай, өркештенген қарға асылып тұрғаны. Бірақ, коммуналдық қызмет мамандарының айтуынша, көп жағдайда қардың дұрыс шығарылмауына қала тұрғындарының өздері кінәлі көрінеді. Жүргізушілер көлігін жол жиегіне тастап кетеді. Осының кесірінен қар тазалайтын техника оларды айналып өтуге мәжбүр. Осылайша жол жиегіндегі автотұрақтар қардан тазартылмай қалып жатады. Тағы бір айта кетерлік жайт, жол жиегіндегі сауда және басқа да қызмет көрсету нысандарының маңындағы автокөлікті уақытша қоятын орындарды қардан тазарту мердігер кәсіпорындардың міндетіне жатпайды. Мұндай нысандардың іргелес аумақтарын қардан тазарту жұмыстары меншік иелерінің немесе нысандарды жалға алушылардың күшімен жүзеге асырылуы тиіс.
Демек, коммуналдық мекеменің міндеті аулалардың кіреберіс жолдары мен автотұрақтардың шетінде аяқталады. Ал күре жолдан күрелген қар үйінділерін тазартып, аулалардың, я болмаса, автотұрақтардың кіреберісін жайлы ету – меншік иесінің немесе жалға алушының, сондай-ақ пәтер иелері мен басқа да ұйымдардың міндеті. Сондықтан көлігінің астын соғып немесе басқа да оқыс оқиғаға ұшырап қалған жүргізушілер өзі тоқтаған автотұрақтың иесіне шағымын айта алады.
Қоса кетсек, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, қазіргі уақытта қаладағы барлық қар тазалайтын және шығаратын арнайы техникалар қыс маусымына толық дайын. Атап айтсақ, дәл қазіргі уақытта облыс орталығында 133 бірлік мамандандырылған қысқы техника жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар Өскемен қаласының аумағын қысқы кезеңде күтіп ұстауға «Ремдор», «Өскеменспецкоммунтранс» және «Вилла Люкс» сынды үш қосалқы мердігер ұйыммен шарттар жасалған. Ал «Таза Өскемен» кәсіпорны қазіргі уақытта жолдарды, әлеуметтік маңызы бар нысандарға, тротуарларға, аялдама кешендері мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне, сондай-ақ саябақтар мен скверлерге баратын жолдарды тазалау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар бір мезгілде аталмыш кәсіпорын қар шығаруға кірісіп, бұл жұмысты тәулік бойы жүргізуде.
Айзере Сұлтан