Саясат

Канадамен қарым-қатынас нығая бермек

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллармен және Канаданың Онтарио Үкіметінің экономикалық даму және инновациялар министрлігінің департамент директоры Виталий Порошинмен кездесті.

Канадамен қарым-қатынас нығая бермекКездесу барысында Канаданың Онтарио провинциясы мен Шығыс Қазақстан облысының арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ондағы озық технологияларды өңірімізге енгізудің мүмкіндіктері, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе алмаса отырып, тізе қосып жұмыс істеу жөнінде әңгіме өрбіді. Аймақ басшысы өңірде қолға алынып жатқан ауқымды жобалар туралы қысқаша мәлімет бере келіп, бірқатар ұсыныстарды алға тартты.

– Біздің облыстағы Зырян қаласы мен Қытай арасына теміржол салу жобасының болашағы өте үлкен. Зырян ауданының аумағында әлі де ашылмаған кен орындары бар. Олар неге осы күнге дейін барланбаған деген сұраққа келер болсақ, аталған жерлерге апарар жол болмағандықтан іс алға баспай отыр, – деді аймақ басшысы. Аталған теміржол құрылысы 1 млрд. 200 млн. долларға бағаланып отырғанын айтқан облыс басшысы бұл жобаны қолға алған тарапқа осындағы сланец кен орнын пайдалануға мүмкіндік туатынын, ал бұл қосымша кен орындарын іске қосуға жол ашатынын атап өтті.

– Қытаймен екі араға теміржол түсер болса, мұнда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік туар еді. Бүгінде осы аумақтағы кен орындарынан Қытаймен бірігіп газ өндіру жобасына кірісіп кеттік. Жыл сайын бұл жерден шамамен 500 мың тонна газ аламыз. Бұл өңірдегі газ қажетілігін өтеуге елеулі септігін тигізеді. Жобаға Қытай жағы да қызығушылық танытып отыр. Себебі оңтүстік көршіміз бұл жол арқылы Ресей мен Еуропаға тікелей жол табады. Қазіргі айналма транзит олар үшін тиімсіздеу болып отыр. Ал біз ұсынып отырған теміржол арқылы олар шамамен 10 күн уақытты үнемдемек, – деді өңір басшысы.

Ол канадалық меймандарға аталған теміржол 10 жыл көлемінде оны салған тараптың игілігіне берілетінін, онымен шетелден тасымалданатын жүк салығы да сол он жыл ішінде теміржолды салған тараптың қазынасына түсетінін жеткізді. Сондай-ақ Канаданың көптеген өңірлерінің табиғи жағдайы Шығыс Қазақстанға ұқсастығын еске салған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласында екі жақты әріптестікті дамытуға болатынын айтты.

Өз кезегінде канадалық меймандар да екіжақты байланысты нығайтудың мүмкіндіктері зор екенін тілге тиек етті. Стивен Миллардың айтуынша, оларды геологиялық барлауды дамытуға қатысты ұсыныс қызықтырған.

– Расымен де сіздердің облыстарыңыз бен біздің Онтарио провинциясының мүмкіндіктері ұқсас. Сол үшін де аталған провинциядан арнайы делегацияны әкеліп отырмыз. Әсіресе, тау-кен қорыту бағытында байланыстарымызды дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Бұл салада Онтарио мен Шығыс Қазақстан шынайы серіктестер деп айтуға болады. Екі арада жүріп жатқан келіссөздердің нәтижесінде нақты жобалар бойынша бірлесе жұмыс жасармыз деген үмітіміз бар, – деді Стивен Миллар.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button