Камилия ИСМАИЛОВА, Семейдегі татар орталығының жетекшісі: – Мінтемір Шаймиев бауырларының тірлігін көріп, риза болып қайтты.
Семейдегі Достық үйінде 16 этномәдени бірлестік тіркелген. Сонымен қатар, қазіргі күні бірлестіктер жанынан өнердің түр-түріне баулитын үйірмелер жұмыс істеуде. Жақында ғана 25 жылдығын атап өткен облыстық татар қоғамдық орталығының мерейтойына орай Семей қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Біз татар орталығының жетекшісі, «Дарынды балаларға арналған арнайы балет мектебінің» директоры Камилия Исмаиловаға мереке қарсаңынды жолығып сұхбаттасқан едік.
-Камилия Рашитқызы Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ұлт жоспары – қазақ¬стандық арманға бастайтын жол» мақаласында Ассамблея жұмысының басты бағыттарын айқындап берген еді. Бүгінде татар орталығы қандай жұмыстардың бел ортасында жүр?
– Жыл сайын Семей қаласындағы татарлар Түйемойнақ аралына жиналып, өздерінің ұлттық мерекесі – Сабантойды атап өтуді дәстүрге айналдырған. Өткен бір Сабантой есіме түсіп отыр, оның басқалардан өзгешелігі сол, Татарстанның бұрынғы президенті Мінтемір Шәймиев келген еді. Ол бізде өмір сүріп жатқан татар бауырларының тірлігін көріп, риза болып қайтты Отанына. Себебі, бүгінде 20 мыңнан астам татар өз тағдырын Шығыс Қазақстанмен байланыстырып отыр.
Әдетте Сабантойға халық таң азаннан жиналады. Дәстүр бойынша әркім мұнда өз самаурынымен келіп, отбасымен жайғасады. Татар халқы – Семейдегі белсенді ұлт өкілдерінің бірі. Бірде-бір мереке олардың қатысуынсыз атап өтілген емес. Әсіресе, Сабантойға белсене атсалысады. Соның арқасында жұрт күні бойы ән салып, би билеп, спорттық ойындарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салады. Бүгінгі күні татар халқының ұлттық мерекесі өңірімізде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіретін кезекті мейрамға айналған. Мереке татар халқының көпжылдық дәстүрлерімен таныстырып, ұлт достығын нығайта түседі.
Қазақстанда халықаралық аймақтық байланыстарды дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, Ресеймен байланысымыз нәтижелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы Татарстандағы Шығыс Қазақстан облысының күндері өткен. Нәтижесінде өндіріс, инновациялық технологиялар, орман шаруашылығы, көлік саласы, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, білім беру салаларындағы серіктестік жүзеге асырылуда.
– Сабантой — татарларда ғана емес, түркі халықтарында, атап айтқанда, татар, башқұрт, ішінара қазақтарда тойланатын мейрам. Сабантой мейрамы 90-жылдардан бастап Татарстан Республикасында мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі екен. Семейде өздеріңіз ұйымдастыратын Сабантойда ұлттық салт-ғұрыпқа байланысты нелер қамтылды?
– Бұл – татар халқы ұлттық дәстүрлерін ұлықтайтын күн. Ұлттық тағамдар әзірленіп, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді еске түсіріп, театрландырылған қойылымдар көрсетеді. Сондықтан болар, Сабантой – татар халқының шоқтығы биік мерекесі. Мереке біздің қалада жыл сайын кең көлемде аталып өтіледі. Сабантой-еңбек мерекесі. Қазақстан халқын бір мақсатқа біріктіріп, тұрақты қоғам құруға бағытталған іс-шаралардың бірі. Осыдан екі жыл бұрын, тұңғыш рет «Сабантой-2014» туы көтерілді. Ту көтеру құрметі татар этномәдени орталығының құрылуына себепкер болған Ғазиз Ахмеров пен көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионы Камила Сафинаға бұйырды. Мерекеде татар халқының дастарханы жайылып, ұлттық өнерлері көрсетілді, қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралардан Достық үйінің өзге этномәдени бірлестіктері де қалыс қалмады. Мәселен, мерекеге арнайы өздерінің қолөнер көрмелерін ұйымдастырған өзбек бірлестігінің төрайымы Роза Михайловна: «Бұл – баршамызға ортақ мейрам. Біз әрқашан бірлік танытып, бір-біріміздің мәдениетімізге құрметпен қарауымыз керек. «Мәңгілік Ел» болуды қалаған халық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ортақ мақсат жолында бірігеді»,- деді. Ал қариямыз Рашида Хасанова «Сабантой – Семейдегі түрлі ұлттардың өзара татулығы ћәм достығының дәнекерлеушісі іспеттес» деді, мен олардың айтқанымен толық келісемін.
-Татар халқында қазақтар сияқты қалыптасқан дәстүр – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету деп едіңіз, осыны таратып айтып өтсеңіз.
– Татар орталығының әр күні қым-қуат тірліктерге толы, мәселен, осыдан сәл ғана бұрын қалада грек-рим күресінен Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген жаттықтырушы Ром Ильматовтың жүлдесіне арналған Шығыс Қазақстан облысының ашық турнирі өтті. Ром ағаны да және соған орай көптеген өзге де қарияларымызды мерейлі мерекелерімен, туған күндерімен құттықтадық. Міне, осының өзі үлкенге құрмет. Ал кішіге ізет көрсетуге келсек, қаладағы балет мектебі шаңырағында «Татар қызы» сайысы және Юнус Ахметзянов атты татар аспазшысының құрметіне арналған сайыс өтті. Сайыста татар қыздары ғасырлық тарихы бар татар халқының ұлттық ерекшеліктері мен дәстүрлерін дәріптеді. Қаладағы №1 мектептің мұғалімдері Зульфия Бехтольд пен Рауфа Нуруллина осы шараларға белсене атсалысты. Арулар сайысында қатысушылардың ешқайсысын да ренжітпеуге тырыстық. Қыздар сайыс шарты бойынша алдымен өздерін таныстырып, кейін татардың ұлттық тағамдарын дайындаудан жарысты. Қазылар алқасы алдын ала дайындалған аспаздық дәмдердің қайсысы үздік екенін таңдады. Дәстүрлі киім үлгісін таныстыру да байқау шарттарының бірі болды. Қатысушылар зияткерлік бөлімде татар мақалдарының мәнін ашуға күш салса, шығармашылық сайыста ән айтып, би биледі. Гран-приді Фатыма Шагабутдинова жеңіп алды. Алдағы уақытта осындай игі шараларды өткізуді жалғастыра бермекпіз.
– Қазақпен түбі бір туыс халық тілі мен дәстүрінен ешқашан ажыраған емес, ендеше осы орайда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
-Жақында «Татар халқының тарихи-мәдени мұралары және қазіргі заман» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Бұл шараның бастамашысы және ұйымдастырушылары – біздің татар қоғамдық орталығымен бірге татарлардың әлемдік конгресі және Семей қаласының әкімдігі. Шараға ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Аталмыш шараны өткізудегі мақсат – әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашыраған татар ұлтының этникалық мәдениетіне қоғамның, зиялы қауымның назарын аудару, оның бай мұрасын сақтау. Халықаралық ғылыми конференцияға Мәскеу, Қазан, Алматы, Өскемен қалаларынан 40-тан аса құрметті меймандар, татарлардың халықаралық конгресінің атқарушы хатшысының орынбасары Данис Шакиров, Татарстанның Қазақстандағы төтенше өкілі Р. Валиуллов, татар қоғамдық қоры президиумының мүшесі Р.Хасанова да келді. Халықаралық конференция жалғасы татар қоғамдық орталығының 25 жылдығына арналды. Бұл шарадан соң күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көркейіп келе жатқан Ертіс жағалауында татар ақыны, публицист Ғабдолла Тоқайдың ескерткішіне тас қалау рәсімі өтті. Бауырлас татар халқының ұлы перзентіне арналған шараға Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, татарлардың әлемдік конгресі төрағасының бірінші орынбасары Данис Шакиров, сонымен қатар, халық қалаулылары мен шаћарымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.Татар халқы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген, өз шығармаларымен татар әдебиетіне үлкен өзгеріс әкелген, бүкіл түрік жұртының демократ ақын-жазушыларына зор әсер еткен Ғабдолла Тоқайды ұлттық мақтанышы санайды. Ғабдолла Тоқтай өлеңдері қазақ тіліне де аударылған. Оның шығармашылығы туралы М.Әуезов, С.Мұқанов мақалалар жазды. Сондықтан да Ғабдолла Тоқай есімі қазақ халқына етене жақын.
Семей өңірінде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері өмір сүреді. Олар тілі мен салт-дәстүрін сақтап, мәдениетін байытуда. Солардың қатарында татар халқы да бар. Өз арасынан шыққан тума таланттарды да ұлықтап отырады. Бұл ретте татар мұражайының 20 жылдығын да атап өткенімізді айтқым келеді.
-Сіз татар орталығының жетекшісі болумен қатар, елімізде балет мектебін де тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі болдыңыз, себебі, Қазақстанда мұндай мектеп саусақпен санарлық, үшеу ғана. Бір сөзбен айтқанда, ел мәдениетіне қомақты үлес қосқан жансыз. Осы балет өнері туралы не айтар едіңіз?
-Жыл соңында Абай театрында балет бишілері қорытынды концерт береді. Балет қойылымдары кезінде залымыз лық толады. Қазір аймақтарда қазақ би өнерінің қарқынды дамып отырғанын байқап отырмыз. Сондықтан да біз классикалық бимен қатар ұлттық би өнеріне де тәрбиелеудеміз. «Нұр Отан – Қазақстан жаны» жобасы аясында Тәуелсіздік күніне арнап «Отан шуағы» атты қазақ балетін ұйымдастырдық. Өскеменде «Нұр Орда» мектебі аясында хореографиялық класс ашып отырмыз. Алдағы уақытта Семей қаласында интернат үйін салу да жоспарымызда бар. Сонда алыс ауылдардағы талантты балалар да балет өнерін үйреніп, салауатты өмір салтына дағдыланар еді. Біз ұйымдастырған «Бидің ғажайып әлемі», «Әлем халықтарының билері» жобасына 5000-нан аса ауыл баласы қатысты. Олардың бұл өнерге деген қызығушылығы өте жоғары. Былтыр «Без границ» атты балалар мен жасөспірімдердің фестиваль-конкурсында бірінші дәрежелі үш дипломға ие болдық. Бұлардың барлығы да қасиетті Абай, Шәкерім, Мұхтар елінің дарынды тұлғалары екендігін дәлелдеп, Мәскеуде, Франция, Швейцария, Латвия, Болгария, Финляндия, Испания, Түркия сияқты түрлі елдердің байрақты сындарында бәйгелерге қол жеткізген, болашақтарынан көп үміт күттіретін жастар.
Біздің жыл сайын халықаралық сайыстарда осындай деңгейге көтерілуімізге облыс әкімі Даниял АХМЕТОВТІҢ, қала әкімі Ермак Сәлімовтің қосқан үлесі зор дей аламын. Сондай-ақ, Мәскеуде өткен «Өнер планетасы-ЭТНОтайм» конкурсынан Гран-при алып келді. Балет – үздіксіз жаттығуды, темірдей төзімді, белгілі бір жетістікке жету үшін уақытты қажет ететін өнер. Балет – бекзат өнер. ХVІІІ ға¬сырда өмірге келген классикалық осынау би¬де сәулет өнері мен кескіндеме өнерінің үлес салмағы басым. Осында еңбек етуші Зарина Жүнісбекова тәжірибелі биші ретінде балаларды ұзақ жылдардан бері тәрбиелеп келеді. Виолета Костенко, Камила Домагова, Диляра Мұхамадиева, Александра Ли-зун-сян Мәскеуде классикалық хореография биі бойынша Гран-приге қол жеткізсе, ұлттық би өнері аталымында бірінші орынға шыққан. Айта кету керек, «Өнер планетасы-ЭТНОтайм» конкурсы «Қалалар өмірі» фестивалі аясында Мәскеуде жыл сайын өтеді. Мақсаты – ұлттар арасындағы достықты өнер арқылы насихаттау. Қазақстандық, яғни, Семей балет мектебі биыл бірінші рет бас бәйге алып отыр, бұған дейінгі жылдары аталмыш өнер додасында Швейцария, Франция, Италия, Болгария, Латвия елдерінің өкілдері бас бәйге алып отырған. Ал Астана қаласындағы Оқушылар сарайында өткен «Fiestalonia – Қазақстан» халықаралық конкурсын Астана қаласының әкімшілігі, еліміздегі Испания корольдігінің елшілігі және Еуропадағы Fiestalonia Мilenio деп аталатын арнайы комитет ұйымдастырыпты. Халықаралық бәйгеде «Аққу»деген биді билеп шыққан Ақбаян Серіққазинова «Ұлттық би» номинациясында Гран-приді жеңіп алды. Семейдегі балет бишілері шет елге, яғни Финляндияға шығу үшін Елтаңбадағы қыранды таңдап алыпты. Қыран бүркіт өз балапандарының қанатын қатайтуға ұмтылады. Балапандардың биін үйретуге екі айдай уақыт кетті. Содан кейін костюм тігіліп, музыка таңдалынады. «Қыран бақыты» биіне шет елдерде қол соғып, таңданбаған адам қалмады. Финляндия астанасы – Хельсинкиде өткен халықаралық «Планета жастығы» фестивалінде Семей балет мектебінің түлектері бірінші орынды жеңіп алып, бірінші дәрежелі дипломды иеленді. Балериналар негізінде бес жастан бастап дайындалады, бірақ мұнда 5-10 жастағылар іріктеліп, қабылданады. Қазір балет мектебіне жазылушылардың саны күн өткен сайын артуда.
Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова