Кадрларға қойылар талап күшейеді
Ұлттық баспасөз клубында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының және тәртіптік кеңестің өткен жылы атқарған жұмыстары жайында басқарма бастығы – тәртіптік кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мәлім етті.
Басқарманың былтырғы жұмысы мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құрылған. Тәртіптік кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамаларын насихаттау мақсатында 27 елді мекенде қабылдау өткізген. Олардың қатарында Семей, Риддер қалалары мен Көкпекті, Бесқарағай, Үржар, Тарбағатай және Ұлан аудандарының елді мекендері бар.
Басқарма мемлекеттік қызметтің беделін көтеру жұмыстарын жүйелі жүргізеді. Осы мақсатта облыс көлемінде «2012 жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» байқауы ұйымдастырылып, мемлекеттік мекемелерде «Ашық есік күні» акциясы өткізілген. Өскеменнің іргесінде орналасқан Ботпай тауындағы мемлекеттік рәміздер мемориалында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданғандардың салтанатты ант беруі дәстүрге айналған. Өңірде тұңғыш рет «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілерінің Құрмет кітабы» шығарылған.
Былтыр 1686 әкімшілік мемлекеттік қызметкер аттестациядан өткен. Нәтижесінде 1571 (93,2%) мемлекеттік қызметкер атқаратын қызметіне сәйкес деп танылса, 27-сі жоғарғы лауазымға кадрлық резервке ұсынылған. 74-і қайта аттестациялауға жіберілген. Аттестациялаудың қорытындысында 14 адам атқаратын қызметіне сәйкес емес деп танылған. Сонымен қатар, біздің өңір республикада мемлекеттік қызметкерлердің саны жағынан ең көп облыс болып саналады.
– Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы Елбасының Жарлығымен 2011 жылдың шілдесінде бекітілді. Онда мемлекеттік қызметтің әрі қарайғы дамуының негізгі бағыттары көрсетілген. Оның басты мақсаты – еліміздегі кәсіптік мемлекеттік қызметті құру, осы саланың жұмысын жетілдіру. Өткен жылдың желтоқсан айында ел Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылдады. Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң үстіміздегі жылдың 26 наурызынан бастап республикамызда жұмыс істейтін болады, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы – тәртіптік кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлерге қызметке келуге, конкурстардан өтуге, қызметке алынуда, жұмыс барысында қойылар талаптар күшейтіледі. Қазақстанда кәсіби мемлекеттік аппарат құрылмақ. Сөйтіп, мемлекеттік қызметкердің атқарған жұмысының сапасы айқындалмақ. Бұл жиында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап берілді.