Ауыл шаруашылығы

Көшбасшы болуға әлеуетіміз әбден жетеді

Семейге жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев майлы дақылдарды өңдеуге арналған зауытта болды. Күнбағыс, рапс, соя, зығыр дәндерін қайта өңдейтін қуатты да заманауи кәсіпорынның болашақта Орталық Азияда көшбасшы болуға әлеуеті әбден жетеді.

Зауыттың жұмыс қуатына тоқталсақ, жылына 150 мың тонна өсімдік майын, 120 мың тонна күнбағыс ұнтағын, 50 мың тонна күнбағыс қабығынан отын түйіндерін және 1 300 тонна фосфатты концентрат шығаруға мүмкіндігі бар.

Құрылысты аяқтау және оны жұмысқа қосу осы айға жоспарланған. Сондай-ақ қалада бұл зауыттан бөлек Шығыс Қазақстандағы ең үлкен және заманауи элеватордың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның бос өндірістік алаңдарының сақтау көлемі 60 мың тонна астыққа есептелген. Бұл жоба келісілген мерзімде аяқталып, елімізде әлемдік деңгейдегі экологиялық таза өнімдер шығаратын зауыт пайда болатынына сенім мол. Құрылыстың бас мердігері – «Азия» ЖШС. Бұл компания өңірімізде көптеген құрылыс нысанын салған, ең бастысы тапсырысты дер кезінде әрі сапалы орындайтын мердігер ретінде танымал. Бұған дейін де бірқанша жобаны жоғары деңгейде іске асырған серіктестік аталмыш кәсіпорынды да межелі мерзімде өткізуді көздеп отыр.

Иә, жоғары сапалы күнбағыс майын шығаратын зауыттың Орталық Азияда теңдесі жоқ болатынын атап өткен жөн. Жобаның басты мақсаты – майлы дақылдарды қайта өңдеуде жоғары технологияның көмегімен максималды автоматтандырылған зауыт құру. Ол үшін «Qazaq Astyq Group» ЖШС «Elica», «Maysilo», «Tan» секілді әлемге әйгілі брендтерден соңғы үлгідегі технологиялық қондырғылар сатып алды. Кәсіпорынның химиялық және дайын өнімдердің әлемдік стандартқа сәйкестігіне қатаң бақылау жүргізетін өзінің зертханасы болады.

Зауыт құрылысы былтырғы сәуірде басталған. Қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызы атқарылды. Электр және автоматиканы реттеу ғана қалды. Келер жылдың мамырында жобалық қуатына шығуы тиіс.

– Бүгін бізде май шығару цехының жұмысы аяқталды, экстракция 90% аяқталды, элеваторды 15 желтоқсанда іске қосамыз. Зауытта 250 адам жұмыс істейтін болады. Штатты құрып қойдық, қазір 150 адам жұмыс істеп жатыр. Ақпан айында штат толық жасақталады деп ойламын. Біз шаруашылықтармен байланыс орнатып жатырмыз. Енді олар өз өнімдерін өткізуге жүз пайыз сенімді. Сондай-ақ біз оларға жоғары көлемде өнім алу үшін егу жұмыстарын қалай жүргізу кажеттігі туралы кеңестер береміз. Зауытқа қандай шикізат әкелетіні біз үшін өте маңызды. Француздық компаниямен облысқа арнап дақылдар шығару туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әкімдік дақылдар қорына арнап жер бөлді, – дейді зауыттың директоры Еркінбек Досқұжанов.

Атқарылған жұмысты облыс әкімінің орынбасары жоғары бағалады.

– Маңызды нысан, көп жұмыс істелгені көрініп тұр. Осындай ірі жобалар облысымызға қажет. Дәл осындай жұмыс қуаты бар зауыт құрылысы Предгорный кентінде де жүргізілуде. Бұл екі зауыт іске қосылған кезде өңірдегі шаруашылықтардың бүкіл шикізатын өңдей алады. Ең бастысы біз өз өнімдерімізді ешқайда сатпаймыз, бұл меніңше өте дұрыс және орынды шешім, – деп атап өтті Ержан Нұрбаев.

Оның айтуынша, қомақты қаржы құйып, іске асырылып жатқан бұл жоба болашақта өзінің жемісін береді. Зауыт іске қосылғанда облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері өнімдерінің сапасын арттыруға тырысады, бұл өз кезегінде бәсекелестік туғызады. Сапалы өнімнің бағасы өседі, импорт алмасуға ден қояды. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы саласын алға жылжуға итермелейтін факторлар.

– Бүгінгі таңда өңірімізде еліміздегі күнбағыстың 66%-ы өндіріледі. Аталған екі зауыт іске қосылғанда жалпы өндірістің көлемі еселене түседі. Үлкен жұмыс атқарылған, жақын уақытта зауыт іске қосылады. Бұл қалақұраушы кәсіпорын болады, қосымша жұмыс орындары ашылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шығыс Қазақстан облысы күнбағыс дақылын және өсімдік майын өндірушілердің негізгі шикізат жеткізушісі болып саналатынын атап өткен жөн. Еліміздегі тазартылмаған майдың 80%-ы, тазартылған майдың 50%-ы біздің өңірде өндіріледі. Жыл сайын облысымызда 380 мың гектар алқапқа күнбағыс егіледі. Осындай артықшылықтар Шығыс Қазақстанның келешекте майлы дақылдар өндірісінде көшбасшы болуына зор мүмкіндік береді.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button