Ауыл шаруашылығы

Көрсеткіштер көңіл көншітеді

    Биыл Ұлан ауданына тартылған инвестиция көлемі 12,4 млрд теңге болды. Бұл туралы аудан әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуы баяндалған баспасөз мәслихатында айтылды.

    – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы дамып келе жатқан еліміздің, оның ішінде Ұлан ауданының кейінгі жылдары жетістіктерге жетуіне, алға қойған үлкен міндеттерді оң нәтижемен орындауға мүмкіндік берді. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік, өңірлік бағдарламаларда, сондай-ақ Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген басымдықтарды және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау, – деді аудан әкімі.

Нақты сандарға тоқталсақ, 2015-2017 жылдары ауданның даму бюджеті 2,3 млрд. теңге болса, соңғы үш жылда ол 3,7 млрд. теңгеге дейін өскен. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаражат 11,4 есе өскен. Айталық, 2015-2017 жылдары 220 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, соңғы үш жылда бұл мақсатқа 2,5 млрд. теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен Ұлан ауданы облыста бірінші орынға шықты. Былтыр бизнесті тиімді жүргізу рейтингісінде де алдыңғы орында болды. Аудан әкімі атап өткендей, мұның барлығы бірлігі жарасқан аудан халқының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі.

Биылғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткішердің барлығы дерлік жоғары деңгейде. Айталық, өндірістік өнім көлемі 21,8 млрд. теңгеге жеткен, өсім – 106,1 пайыз. Құрылыс жұмыстары 155 пайызға өсіп, 11,8 млрд. теңге болды.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды саласы. Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37,3 млрд теңге болды, өсім – 108 пайыз. Ауданда қазір 64,4 мың бас ірі қара, оның ішінде 28,2 мың бас сиыр, 85,4 мың қой-ешкі, 31,4 мың бас жылқы мен 11,4 мың шошқа тіркелген. Құс саны – 1 млн. 896 мың. Ауданда алты мал сою пункті, 13 мал сою алаңы бар. 13 сүт қабылдау пункті мен 15 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде биылғы он айда ауданда 37,6 мың тонна ет, 62,7 мың тонна сүт, 21 млн. 503 мың дана жұмыртқа өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес-алты пайызға жоғары.

– Біздің басты мақсатымыз – облыс орталығын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар. Бастысы,  жер-су әлеуетін дұрыс пайдаланып, қарқынды технологияларды енгізу есебінен өндіріс тиімділігін арттыруымыз қажет, –деді аудан әкімі.

Дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Жиыны 38,4 мың гектар егін орылды. Өнімділік – гектарынан 7,5 центнер. Биыл жауын-шашынның аз болуы салдарынан өткен жылмен салыстырғанда өнімділік біршама төмендеген. Жалпы, 28,8 мың тонна астық жиналды. Майлы дақылдар 38 мың гектар жерге егіліп, қазір түгел жинап алынған. Өнімділік – гектарынан он центнер. Ауданда 214 мың тонна шөп, 11 мың тонна пішендеме және 31 мың тонна сүрлем дайындалып, жоспарланған мақсат толығымен орындалған.

Ауданда ауыл шаруашылығы басым бағытқа ие болғандықтан, өзекті мәселенің бірі – жер мәселесі. Ауданда 597 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар, оның ішінде: 35,6 мың гектар шабындық, 382 мың гектар жайылым, 139 мың гектар егістік. Биыл 7667 гектар, яғни 46 жер телімі аудан балансына алынған, олар: жалға беру шартын бұзу арқылы, қайтыс болған кісілердің жерін алу немесе жалға беру мерзімінің аяқталуына орай алынған жерлер. Оның ішінде 23 жер телімі конкурс арқылы қайтадан жаңа шаруашылықтарға үлестірілген.

– Жерді пайдаланбайтын жағдайлар анықталған болса, оның иесіне жер салығы он есе ұлғаяды. Бұл телімдерді біз сот арқылы мәжбүрлеп алатын болсақ, онда ол азамат алдағы үш жылда мемлекеттен басқа жер алу құқығынан айырылады. Сондықтан да алған жерлерді уақытында дұрыс пайдалана алмайтын болса, өз еріктерімен қайтарғаны жөн. Өйткені кезекте мал өсіремін, егін егемін деген басқа да жерлестеріміз көп, соларға үлестіріп беруге дайынбыз, – деді аудан әкімі.

Айжанат Бақытқызы 

Осы айдарда

Back to top button