Ел жаңалықтары

Көркейген ел көз қуантады

Көркейген ел көз қуантып, көңіл жасартады. Әсіресе бір емес, бірнеше ғимараттар мен саябақтар бой көтеріп, көптеген мекемелер күрделі жөндеу жұмыстарынан өтсе, халықтың қуанышы да еселене түседі. Абай ауданында осындай ауқымды істер жүзеге асты.

Мұның барлығы – облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауы мен аудан әкімі  Жар қынбек Байсабыровтың ынта-жігерінің арқасы. Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы атқарылған іс-шаралар бүгінгі таңда оң сипатқа ие болып, толыққанды жүзеге асты.

Ауданымыз бойынша жұмыспен қамту бағытындағы іс-шаралардың арқасында жұмыссыздық мәселесі шешілді. Бағдарлама ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға, жұмыссыз азаматтарды, жастарды жұмыспен қамтып, барынша жақсы жағынан әсер етуде. Тұрғындардың өмір сапасын арттырып, әлеуметтік қорғаудың басты негізіне айналды десек те артық емес.

Аудан бойынша биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 28 аудандық, 1 облыстық жоба іске асырылды. Биылғы жылмен тұспа-тұс келген даңқты ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында елді мекендер ерекше көркем өзгеріске ие болды. Мәселен, ауданымыздың кей ауылдарында мектептер  жөндеуден өтсе, енді бір ауылдарында көше жолдары түзеліп, жарықтандыру және су құбырлары жаңартылды.

DCIM100MEDIADJI_0020.JPG

Мемлекеттік бағдарлама Қасқабұлақ, Орда, Архат елінен бастау алып, Саржал, Медеу, Тоқтамыс, Кеңгірбай би, Көкбай, Құндызды ауылдарын толық қамтып, ауданның көз тоймас көрікті орындарының санын арттырды. Менмұндалап, келген жанға кең құшағын жайып жатқан Қарауыл ауылы және бар.

Аталған жоба барысында ерекше жөндеу жұмыстарына ие болған Мамай орта мектебіне толықтай жөндеу, сондай-ақ С.Бекбосынов орта мектебінің, Көкбай орта мектебінің, Медеу орта мектебінің  шатырларына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Медеу, Ш.Әбенов, М.Әуезов  пен Ж.Молдағалиев атындағы мектептерінің оқушылар жуынатын бөлмелері толық жөндеуден өтті. Сонымен қатар  барлық мектептердің ішіне санузелдер орнатылды. Ал аудан орталығы  Қарауыл ауылындағы Зере, С.Сүндетбаев, О.Құтжанов, С.Бекбосынов, Әйгерім көшелері жарықтандырылса, Тоқтамыс көшесіне жарықтандырумен қатар, жолына орташа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Саржал ауылындағы Матаев көшесі, Құндыздыдағы Ақтамберді көшесі, Кеңгірбай би ауылындағы Айпара көшесі, Көкбай ауылындағы Көкбай көшесі мен Тақыр өзенінде орналасқан көпір жөнделді.

Қыруар жұмыс қарқыны мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қарауыл ауылындағы аудандық мәдениет үйі мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты, хоккей алаңы  жаңарды.  Қасқабұлақ пен Архат ауылдарындағы су құбырлары да назардан  тыс қалмады.  Су құбырларының жиі жарылып, әлекке түсіретін тұстары қайта  ауыстырылды. Қарауыл ауылындағы 27 пәтерлік көпқабатты үйдің алдына  тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоршау орнатылды, брусчатка төселіп, балалардың ойын алаңы жасалды.

Құнанбай көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аспалы шамдармен көмкерілген аллея да ерекше түрге енді. Сонымен қатар «Абай алаңы» саябағы абаттандырылды.

Жер кіндігі Жидебайдағы баба рухы мәңгілік тыныс тапқан Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені және ақынның мұражай-үйі ел мақтанышы боларлықтай жаңа нысанға айналды.   Нысан заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен көмкеріліп, адам танымастай өзгерді. Кіреберісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолына, үстіне шығаратын жеріне дейін гранит тастар жайылды. 200-ге жуық шырша түптері егіліп, амфитеатр төбесі күмбезделді.

Жалпы,  29 жоба аясында  бүгінгі күні 613 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 328 адам жергілікті аудан тұрғындары ішінен  халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы жұмысқа жіберілді. Жөндеу жұмыстары  аяқталғаннан кейін 27 адам тұрақты жұмысқа орналаспақ.

 Бурхан Мұратов,

 Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button