Көпбалалы аналардың өтінішіне құлақ асты
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен ZOOM платформасында көпбалалы аналар мәселесі жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Диалог форматында өткен онлайн кездесуде көпбалалы аналар өздерін толғандырған проблемаларды ортаға салды.
-Көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен жұмыс жөніндегі комиссия өзекті мәселелерді талқылайтын тиімді алаңға айналды. Бүгінгі таңда менің тапсырмам бойынша облыстың қалалары мен аудандарында осындай жергілікті комиссиялар жұмыс істейді. Олардың құрамының сексен пайызы қоғам белсенділері мен көпбалалы аналардан тұрады. Жыл басынан бері қалалық және аудандық комиссиялар 59 отырыс өткізді. Онда жергілікті мәселе шешіліп, облыстық және орталық деңгейде араласуды талап ететін проблемалар көтерілді. Бүгін біз отырысты диалог форматында өткізуді жөн көрдік, – деген облыс әкімі сөз кезегін аналарға берді.
Облыстық «Ақжүніс» аналар қоғамының жетекшісі, өскемендік Жұлдыз Ақтанжанова «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы бойынша баспана алуда зейнетақы төлемін көпбалалы жанұялар үшін міндетті етпеуді республикалық деңгейде шешіп беруді өтінді.
-Бір жағынан сіздің сөзіңіз дұрыс. Екінші жағынан кейін зейнетке шыққанда, жағдай қандай болады, оны да ескеру керек. Мүмкін басқаша жолы бар шығар, жеңілдетілген. Алдағы аптада менің орынбасарым Әлішер Мархабат министрлікке барып, осы мәселемен айналысады, – деді Даниал Ахметов.
Семейлік төрт баланың анасы Күнсұлу Торғаева мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінетін гранттың көлемін 200 АЕК-ден 400 АЕК-ге дейін көтеруді сұрады. Өйткені бөлінген қаражат ойға алған жобаны аяғына дейін қаржыландыруға жетпейді. Көпбалалы ананы толықтай қолдаған облыс әкімі бұл мәселені өзі тікелей Премьер-Министрмен талқылап, оңды шешілуіне ықпал ететініне уәде етті. Аягөзден сөз алған тағы бір көпбалалы ана үй кезегін ХҚКО мен үкіметтің Egov.kz сайттарынан ашық көре алатындай жағдай жасауды сұрады.
- Бұл мәселені аналар комиссиялары толықтай өз басқаруларына алу керек. Тек үй кезегін ғана емес, сонымен қатар салынып жатқан үйлердің сапасын да тексеріңіздер. Бұл сіздердің құзіреттеріңізде, – деген Даниал Ахметов көпбалалы аналардың баспанамен қамтамасыз етілуіне жеке тоқталды.
Қазір облыста 2057 көпбалалы отбасы кезекте тұр. 2018 жылы бар болғаны бес-алты үй берілсе, 2019 жылы 563 пәтер берілген, биыл 1045 баспана беру жоспарланыпты.
-Биыл тек қана аудандар орталығында 36 мың шаршы метр бірқабатты үй саламыз, біздің жоспарымыз бойынша кезектегілер екі жылда түгел баспаналы болады. Келесі жылы 100 мың шаршы метр баспана салмақшымыз. Кезекке тұрып жатқандардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл қуанышты. Демек, көпбалалы отбасылар Президент берген тапсырмалардың орындалуына сенеді деген сөз, – деп атап өтті облыс басшысы.
Біздің жақта қыс ұзақ екені белгілі. Мақаншыдан хабарласқан Мұқаметқалиева көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балаларына берілетін жаздық аяқ киімді қыстық аяқ киімге ауыстырса деген өтінішін жеткізді.
-Әрине, бұл қиын емес шығар. Жаздық аяқ киімді қыстыққа. Бірақ біз бұл мәселені басқаша шешуге тырысамыз. Қосымша қыстық аяқ киім берудің мүмкіндігін қарастырайық. Бір айдан кейін нақты жауап берейік, – деді облыс әкімі.
Өскемендік Гүлнұр Сағынханқызы жібек маталар қалашығындағы 19-шы, Ақмердегі 23-ші, Нұрлы көштегі 28-ші шағын аудандардағы интернет мәселесін көтерді.
-Нақты айтсам, Әл-Фараби, 46 мекенжайында қашықтан сабақ оқуды қойып, ұялы байланыс жоқ. «Қазақтелеком» ала жаздай уәде бергенімен, әлі күнге орындамады. Жаз бойы қалалық әкімдікке жеке де, топпен де шағымдандық, нәтиже жоқ, – деді арызданушы ана. Облыс басшысы өзінің орынбасары мен қала әкімі Жақсылық Омарға тапсырма беретінін жеткізді.
-Қазіргі балалар қашықтан оқып жатқан кезде бұл өте өзекті мәселе. Жыл аяғына дейін деген жалпылама жауап керегі жоқ. Тұрғындармен кездесіп, қай үйдің дәл қай айда, қай күні жоғары жылдамдықты интернетке қосылатыны туралы кесте жасалуы тиіс, – деп тапсырма берді Даниал Ахметов.
Семейлік Марина Куликова жоғары оқу орындарына грант бөлінгенде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан түлектерге басымдық берілсе деген тілегін жеткізді.
Бұл ұсынысты да толықтай қолдаған Даниал Ахметов бұл мәселені үкіметтік деңгейде шешуге тырысатындарын айтты.
Жиында көтерілген мәселелерді қорыта келе, облыс әкімі қала мен аудан басшыларына келесі жылы колледжге түскісі келетін және жоғары оқу орнынан үмітті балалардың тізімін жыл аяғына дейін жасауды тапсырды. Сондай-ақ облыс басшысы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінетін гранттарда көпбалалы отбасыларының үлесін кем дегенде елу пайызға дейін жеткізуді тапсырды.
-Сонымен қатар мен көпбалалы аналар комиссияларынан мектептердегі тамақтың сапасын, балаларға бөлінген киімдердің сапасын қадағалауды сұраймын. Бұл мақсаттарға біз бірталай қаржы салдық, сол себепті оның тиімді пайдаланып жатқанына бақылау болу керек. Көпбалалы аналар – елдің мақтанышы. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл санаттағы отбасыларына ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Бұл – біздің азаматтық парызымыз , – деп қорытындылады Даниал Ахметов.
Айна Ескенқызы