Ел жаңалықтары

Көп тілегі болған көпір

Тарбағатай тауының етегінде ырыс дарып, құт қонған Жалаңаш дейтін елді мекен орналасқан. Құйған ауылдық округіне қарасты бұл ауылда 11 жылдық мектеп бар. Аталған білім ордасында еңбек ететіндердің басым бөлігі жергілікті тұрғындар болғанмен, келіп-кетіп істейтін қызметкерлер де бар. Солардың бірі – менмін.

Үйім, отбасым Құйған ауылында. Жұмысым 20 шақырым жердегі Жалаңашта. Апта сайын екі ауылдың арасында жол жүрудің, әсіресе қыстың сарышұнақ аязы мен ақ боранында, көктем мен күздегі сусоқта қатынаудың машақатын айтпасақ та түсінікті. Оған қоса қар еріген уақытта көпірі жоқ екі өзен өткел бермей, елді мекендердің арасында қатынас тоқтайтын. Бұл кезде ауыл ішінен ешқандай такси аттап баспайды. Себебі жайылған топан судың ортасында қалып, сан рет азап тартқан.

Жақында дүйім жұртты сарсаңға салған мәселенің түйіні шешілді. Ауыл әкімі Жанат Нұрғазиннің бастамасымен бюджеттен бір тиын да ақша шығармай ауыл тұрғындарынан жиналған қаражатқа екі өзеннің қосылған тұсына көпір салынды.

«Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары жоқ» дейді қазақ. Жанат ағаның жастайынан отбасында алған тәлім-тәрбиесі осындай игілікті істермен көрініс тапты. Әр ер-азаматтың туған еліне, жеріне, ұлтына деген махаббаты, құрметі жеке басының құндылықтарынан жоғары тұратынын Жанат аға ісімен көрсете білді.

Бүгінде жаңа көпірмен арлы-берлі ағылған жұрттың игілікті іске ұйытқы болған адамдарға алғыстан басқа айтары жоқ.

Құралай Сахариева,

С.Көбеев атындағы мектеп балабақша кешенінің ағылшын тілі пәні мұғалімі

Осы айдарда

Back to top button