Жылумен қамту бақылауға алынды
Риддер жылу-энергия орталығын жөндеуге қаржы қарастырылады. Бұл туралы іссапармен Риддерге барған аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Орталық басшылығының айтуынша, былтыр кәсіпорын электр энергиясының негізгі тұтынушысы – «Казцинктің» кетуіне байланысты шығынға ұшыраған. Қазір жағдай мәз емес, 1956 жылы салынған орталық жабдықтарының 80%-ы тозған, оны жөндеуге, жаңартуға қаржы жоқ. Сарапшылар тобы нақты жағдайды анықтауда, өйткені жаңа жылыту маусымының қалыпты басталуы күмән тудырады.
– Әкімдік тұрғындарды жылусыз қалдыра алмайды. Біз 65 шақырым жылу жүйесін жөндеуге қаржы қарастырамыз. ЖЭО қазандықтарын жаңартып, басқа да жұмыстар жүргізу қажет. Сондықтан жылу стансасының мамандары өз ұсыныстарын айтып, ЖЭО-мен бір жылға шарт жасасуға дайын «Казцинк» ЖШС-мен келіссөз жүргізуі тиіс. Қаланы жылумен қамту мәселесі менің бақылауымда болады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы салынып жатқан жаңа ауруханаға да барды. Заманауи жабдықталған ауруханада 140 жатын орынға арналған стационар бар.
Сондай-ақ ол республикалық мамандандырылған мектеп-интернат пен олимпиадалық резерв колледжінде болды.
– Жақын жердегі мәдениет және спорт министрлігі аяқтамаған мектепті өңірдің теңгеріміне аламыз, онда қысқы және басқа да спорт түрлері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп жүрген еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар тұрып, жаттығатын болады. Бейіндік ведомствомен осындай уағдаластығымыз бар, – деді аймақ басшысы.
Ержан Кеңесұлы