Жылу тапшылығын жою үшін қаржы бөлінеді
Семейліктер үшін биылғы қыста басты мәселе тұрғын үйлерді жылумен қамту болып отыр. Желтоқсаннан бастап тұрғындар батареяларының салқын және пәтерлерінің суық екеніне шағымдануда. Жаңа жылдан соң жұрт тіптен қатты тона бастаған. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қаншама рет шағымданғанмен, жағдай өзгерер емес.
Бұған дейінгі баспасөз мәслихатында қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев жылу проблемалары тек қаланың орталық бөлігінде ғана бар деп айтқан болатын. Аталмыш мәлімдеме қаланың сол жағалауында және басқа да аудандарында тұратын елдің ашуына тиген, себебі олар да қыста тонып отыр. Кейінірек қалаға жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов келіп, қала басшысымен бірге жылумен қамту нысандарының жұмысын тексеріп шыққан-ды. Жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысынан айырмашылығы сол – Байахметов сол жағалауда жылыту мәселелері бар екенін мойындаған. Бірақ проблеманың себебі белгісіз болып қала берген еді. Сондықтан жылумен қамту нысандарын тексеруден өткізу туралы шешім қабылданған.
Айталық, 12 қаңтардан бастап облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қалада арнайы комиссия жұмыс істей бастады, олар «Жылукоммунэнерго» МКК қарасты бірқатар проблемалық нысандарды, атап айтқанда ЖЭО-1, «Ғаббасов», «103-103А», «Орталық», «35 квартал» қазандықтарын және жылу желілерін тексерді.
Облыс әкімі хабарлағандай, атқарылған жұмыстың алғашқы қорытындысы шығарылып отыр. Комиссияның ақпараты бойынша, қаланы жылумен қамту сапасының нашарлауына әкелген басты себеп – жылыту маусымына дайындықтың сапасыз жүргізілуі. Яғни, жоғарыда аталған объектілерде мерзімінде жүргізілмеген жұмыстардың салдарынан құрал-жабдықтар тозған. Соңғы бес жылда қазандықтардың қуаты төмендеген. Сондай-ақ, кейінгі жылдары «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнына жалпы қуаты сағатына 56 гигакалория болатын 307 техникалық шарт берген, алайда олардың тек 20 Гкал/сағ ғана нақты қосылған.
Сонымен қатар, облыс басшысы қала әкімдігі тарапынан да, жауапты мамандар тарапынан да тиісті бақылаудың болмағанын атап өтті. Бұл жылу көздерінің тұрақсыз жұмыс істеуіне әкеп соққан.
– Осыған байланысты, бүгін 76 Гкал көлемінде күрделі тапшылықты жабу үшін ақша бөлу туралы шешім қабылданды. Осының есебінен біз жұмыс істеп тұрған қазандықтардың тиімділігін арттыра аламыз. Оң жағалаудағы қазандықтар жүйесін де зерттеу керек. Орынбасарым Б.Баяхметовке сараптамалық компанияны тарта отырып, жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу, қуатты оңтайландыру және тиімділікті арттыру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Жалпы, Семей қаласында тиімді гидравликалық режим жоқ екенін атап өткім келеді. Яғни, мәселе жоғары температураның жетіспеушілігінде емес, жақсы гидравликаның жоқтығында жатыр, – деп жазады Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін жылу тарифі көтерілмейтіні айтылған болатын. Баяхметов хабарлағандай, жұмыстардың бір бөлігі тарифке енгізілген инвестициялық қаражат есебінен жүргізілетін болады. Бұл жұмыспен монополияға қарсы комитет айналыспақ. Тариф өспейді. Сонымен қатар, жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу кезінде салынған сомалар пайдаланылатын болады.
Ержан Кеңесұлы