Денсаулық сақтау

Жоғары технологиялар медицинасы

Айжанат Бақытқызы

Өңірімізде медициналық салаға жоғары технологияларды енгізу қарқын алып келеді. Мәселен, биылғы жылдың бес айында 680 млн.теңге сомасына 170-тен астам жоғары технологиялық медициналық көмек қызметі көрсетілді. Жалпы 550-ден астам жоғары технологиялық қызмет көрсету жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айнаш Қапанова мәлім етті.

Облыста бірнеше жылдан бері дәрігерлердің шетелдерде біліктілігін арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта 19 дәрігер Израильде оқып жатыр. Содан кейін біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтаған бұл дәрігерлер өңірдегі клиникаларда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін болады.

Айнаш Қапанованың айтуынша, облыс дәрігерлері ми ісігін трансназальды тәсілмен, яғни бір тіліксіз, бас сүйегіне трепанация жасамай алып тастайды. Бұл науқастың барынша қысқа мерзімде оңалуына және қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді. Дәрігерлер әлсіз синус синдромымен ауыратын науқастар үшін кардиостимуляторды, кардиовертер-дефибрилляторды аз инвазивті әдіспен имплантациялайды.

– Ана мен бала орталығының уролог-андрологтары кішкентай науқастарға уретраның жетіспейтін бөлігінің пластикасы бойынша, ауыз қуысының шырышты қабаты материалының бір бөлігін қолдана отырып ота жасайды. Нәтижесінде бұл балалардың зәр шығару қызметі дұрысталып, дертінен айығады. Онкология бойынша хирургиялық көмек те қарқынды дамып келеді. Қалқанша безінің аз инвазивті хирургиясы –  эндоскопиялық тиреоидэктомия саласында да жоғары технологиялық әдіс енгізілді, –  деді Айнаш Қапанова.

Брифинг барысында тиісті медициналық жабдықтарды сатып алғаннан кейін, жыл соңына дейін жоғары технологиялық медициналық көмек қызметінің тағы 14 түрін енгізу жоспарланып отырғандығы жайлы айтылды. Биыл өңірдің медициналық мекемелеріне 838,8 млн.теңгенің алты  медициналық қондырғысы сатып алынады.

Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға да көңіл бөлінеді. Айнаш Қапанова айтып өткендей, 36 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі. Оның ішінде 24 медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал 12 мекеме бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы екі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олар –  Күршім ауданының Қалжыр ауылында дәрігерлік амбулатория және Үржар ауданының Қаратұма ауылында дәрігерлік амбулатория мен әкімшілік ғимаратын салу.

Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешенінің жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал Өскемен қаласындағы гематологиялық орталықтың құрылысы жалғасуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда балаларға  медициналық қызмет көрсету деңгейі мен сапасын арттыру үшін өңірде түрлі жобалар жүзеге асырылуда.

–  Биылғы жылдың басында Семей қаласының перинаталдық орталығының базасында бірегей бөлімше ашылды. Бұл –  балаларды оңалту орталығы. Жыл басынан бері мұнда 340 бала оңалтудан өтті, оның 59-ы тәулік бойы стационарда, 281-і күндізгі стационарда ем қабылдады, –  деді А.Қапанова.

Сонымен қатар 58 маман балаларға мамандандырылған көмек көрсету үшін біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Осы айдарда

Back to top button