Шаһар шаруашылығы

Жаңа қоқыс полигоны қай жерде болады?

Қоршаған ортаны қоқыстан таза ұстау бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің қатарында. Әсіресе халық көп шоғырланған қалалы жерлерде көп талқыланатын тақырып. Осындай өзекті мәселе Өскеменде де жыл сайын көтеріліп келеді.

Біраз уақыт бұрын облыс орталығында қоқыс жағатын зауыт салынады деген сыбыс тараған болатын. Онсыз да түтінге тұншыққан қала тұрғындарын бұл сыбыс үрейлендіре түскен еді. Сөйтсек, бұл игілікке аспаған жай ғана идея екен. Оны обылстық экология департаментінің басшысы айтты.

– Өткен жылы қоқыс жағатын зауыттың жобасы талқыланғаны рас. Біз ашық режимде жиналыс өткіздік. Алайда халық қарсылық танытты. Содан бері бұл жоба туралы сөз қозғалған емес. Облыс орталығына қоқыс жағатын зауыт салу туралы мәселе біздің күн тәртібімізде жоқ, – деді облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.

Бірақ бұл мәселе осымен тоқтап қалмасы анық. Өйткені Өскеменнің қоқыс полигоны баяғыда-ақ толып кеткен көрінеді. Енді ауаның ластануының, өрттің болмауының алдын алу – міндет. Сондықтан жауапты тұлғаларға тапсырма да беріліпті.

– Қазіргі полигон баяғыда-ақ лық толған. Біз жыл сайын қала әкімдігіне жаңа полигон салу туралы шешім қабылдайсыздар деген шартпен бір жылдық рұқсат беріп келдік, – дейді департамент басшысы Данияр Әлиев.

Қоқыс алаңын жасақтау мәселесімен қала әкімі біраз уақыттан бері айналысып жатқан көрінеді. Департамент басшысының айтуынша, қала әкімдігі енді ғана Еуропаның қайта құру және даму банкімен бірлескен қызмет аясында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жобасы бойынша келісім жасасқан. Бірлескен жоба іске асса, қала сыртында қоқыс алаңы салынбақ.

– Шілде айынан бері жобалаушылармен және сарапшылармен бірнеше рет кездесу өткізілді. Сұйық қалдықтар мен тамақ қалдықтарын компостайтын алаңдарды қоса салу керек деп келісілді. Қоқыстар қала ішіндегі ескі полигонда сұрыпталады. Жаңа полигон қала сыртында – Ұлан ауданында тау массиві аумағында салынады. Қоршаған ортаға және халыққа зиян тимес үшін мамандар желдің бағытын ескере отырып осы орынды таңдады. Бұл жерге ең жақын ауылдың өзі бес шақырым қашықтықта орналасқан, – дейді департамент басшысы.

Қай жерден орын берілсе де, қоқыс полигонының салуынуы қажеттілік болып отыр. Өйткені қаланы қоқыстан тазартып, табиғатты таза ұстау – міндет.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button