Интернет-ресурстар мектептер үшін қаншалықты қолжетімді?
Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Осы орайда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы өңірдің білім саласында қалай жүзеге асырылуда? Бұл туралы біз Шығыс Қазақстан өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығының директоры Сергей Коваленкодан сұрап білген болатынбыз.
Орталық директорының айтуынша, облыстың білім саласында білім беру процесін цифрлық технологияларды қолдану есебінен жақсартуға арналған бірқатар шаралар жүзеге асырылыпты. Атап айтсақ, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру, WI-FI-ды енгізу, цифрлық білім беру контенті, мемлекеттік қызметті автоматтандыру, IT-мамандарды әзірлеу, т.б.
Тіпті, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек мәселесін шешу мақсатында 2017 жылдан бері балабақшаларға жолдама беруді автоматтандыру және жолдама беру жүйесі іске қосылыпты. Тек өткен жылы осы платформаның көмегімен 22 мыңнан астам жолдама берілген.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында облыстағы жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныбына өтініштерді қабылдауды автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Сергей Коваленконың айтуынша, бұл жүйе облыстың барлық мектептеріне енгізіліпті. Қабылдаудың типтік ережесіне сәйкес 2019 жылдың 1 маусымы мен 30 тамыз аралығында бірінші сыныпқа қабылдау осы платформаның көмегімен жүзеге асырылған. Осы жүйе арқылы қабылданған бірінші сыныптықтардың саны 21 372-ні құраған екен.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс келесі маңызды міндеттің бірі – мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету болса, облыстағы 648 мектеп 4Мб/с және одан жоғары кең жолақты интернет желісіне қосылған көрінеді. 2019 жылы бұл мақсатқа 622,5 млн. теңге бөлініпті. Мұнымен қатар, 492 мектеп (75%) ішкі сымсыз WI-FI желісіне қосылған. Осы арада ауылды елді мекендерді дамыту аясында 2019 жылы Алтай, Аягөз, Бородулиха, Жарма аудандары мен Семей қаласындағы сегіз мектеп талшықты оптикалық байланыс желісі арқылы интернет желісіне қосылғанын да айта кеткен жөн. 2020 жылы тағы да 33 мектепті қосу жоспарланып отырған көрінеді.
-Талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы мектептерді интернетке қосу мектептегі барлық компьютерлердегі интернеттің жылдамдығын арттырады. Өз кезегінде сабақ барысында онлайн режимде цифрлық білім беру ресурстарын қолдануға, уақытында электронды күнделікке бағаларды қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қашықтықтан білім беруді қолжетімді етеді. Сонымен қатар талшықты-оптикалық байланыс санкцияланбаған кіруден сенімді қорғайды, – дейді Шығыс Қазақстан өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Сергей Коваленко.
Сонымен қатар барлық мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында видеобақылаумен қамтамасыз етуге өткен жылы облыстық бюджеттен 212 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарындағы видеобақылау жүйелерін облыс әкімдігінің ситуативті орталығымен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Bilimland» білім порталы, ҰБТ әзірлеу бойынша кешенді бағдарлама («iTest.kz»), бастауыш сыныптарға арналған мультимедиялық курс (iMektep) секілді электронды интернет-ресурстары облыстың барлық мектептері үшін қолжетімді. Өткен жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 126 млн. теңге бөлінген екен.
648 мектепте «Күнделік. kz» бар
Цифрлық технология оқыту процесінің ғана емес, сондай-ақ білім беруді басқару жүйесінің де сапасын арттырады. Білім саласын цифрландыру мерзімді қысқартып, ақпараттың сапасын жақсартуға және нақты талдауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты республикада «Күнделік. kz» электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілгені белгілі.
Сергей Коваленко облыстағы 648 мектептің барлығы «Күнделік.kz» жүйесіне қосылғанын айтады. 356 мыңнан астам адам, оның ішінде мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар бұл жүйені белсенді қолданады екен.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста «Менің мектебім» жобасы жүзеге асырылғаны да баршаға аян. Бұл жобаны іске асыру барысында барлық толық кешенді мектептер 476 жаңа модификация және робототехника кабинеттерімен, сондай-ақ барлық шағын комплектілі мектептерге 2869 бірлік компьютерлік техника және 500 интерактивті тақталар орнатылыпты. Облыстың мектептеріндегі мұндай база оқушылардың цифрлық технологияларға қызығушылығын арттырып, бағдарламалау, 3Д бағдарламалау, робототехника негіздерін үйрететін IT-сыныптар ашуға мүмкіндік берген. Бүгінгі таңда IT-сыныптардағы оқыту бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоғары деңгейлі Python тілінде бағдарламалау, ArduinoUno электронды платформалары базасында автоматтандырылған құрылғыларды жасау секілді бөлімдерді қамтитын тереңдетілген бағдарламалар да әзірленген көрінеді. Бұл бағдарлама Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өтіп, IT-сыныптарға енгізуге келісіліпті. Жаңа бағдарлама аясында өткен жылдың 4-ші қазаны мен 4-ші қараша аралығында толық кешенді мектептердің 554 мұғалімі курстық әзірліктен өтіпті.
Сонымен бірге, алдағы уақытта облыстағы толық кешенді орта мектептердің оқушылары ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағдарламалауды да оқитын болады. Бұл бағдарламаны дарынды балаларға арналған облыстық математика, физика және информатика лицейінің IT-сыныбының педагогы әзірлепті.
Ғылыми-технологиялық жобалар
Орталық директоры өз әңгімесінде жыл сайын мектеп оқушылары мен колледж, ЖОО студенттері IT саласындағы ғылыми-технологиялық жобаларын таныстыратын облыстық IT-форумдар, чемпионаттар, фестивальдар мен хакатондарға да тоқталып өтті.
Өткен жылы облыстық «Skills for geeks» чемпионаты алғаш рет робототехника, 3D модельдеу және бағдарламалау секілді үш саланы қамтыды. Чемпионатқа облыстың барлық аудан мен қала мектептерінің IT-сыныптардың 2000-нан оқушысы қатысып, IT-сыныпта алған білімдері мен дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ облыста бірінші рет колледж және ЖОО студенттері арасында «Jastar Time», сонымен қатар мектеп оқушыларының арасында «JUNIOR SKILLS-2019» IT-хакатон өтті. Студенттер арасындағы хакатонға 14 команда, 40 талантты жас қатысты. Қатысушылар білімге ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеумттендіру үшін бірқатар IT-шешімдерді қарастырды. Үздік жұмыстар жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Jastar Time» IT-фестивалінде көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ «Дарын» жазғы лагерінде компьютерлік графика, 3D бағдарлау, веб-дизайн, видеомонтаж және анимация бағыттары бойынша өткен хакатон барысында оқушылардан құралған 10 команданың қатысушылары бір апта бойы компьютерлік модельдеу, веб-парақшалар және видеожұмыстар секілді өздерінің жобаларын жасады. IT-фестиваль мен IT-форумда оқушылар өздері әзірлеген жобаларының тұсауын кесті. «Jastar Time» IT-фестивалінде оқушылар мен студенттердің барлығы 110 жобасының тұсауы кесілді.
2018 жылдың желтоқсанында өткен «Digital East – болашаққа қадам» IT-форумына облыс оқушыларының 10 Start Up жобасы қатысып, барлығы да грантқа ие болған. Бүгінгі таңда барлық жобалар жүзеге асырылған. Мысалы, Бородулиха ауданындағы Иванов орта мектебінің оқушысы Ботагөз Бексейітованың «Пчеловод» бағдарламасының жемісін қазақстандық қана емес, ресейлік және қырғызстандық ара өсірушілер де көріп отырған көрінеді. Ал Өскемендегі «Ақниет» мектеп-интернатының тәрбиеленушілері «Ақылды жылыжай» жобасын іске асырған. Интернаттың айналасында жылыжай салынып, автоматтандырылған суару, желдету жүйесін іске қосыпты. Жылыжайда өсірілген алғашқы көкөністер же жиналып алынған.
Өткен жылғы облыстық IT-форумда тағы да 15 Start-Up жоба ұсынылып, 2019 жылдың 20 қарашасында өткен «Цифрлық Шығыс-2019» IT-форумында облыс әкімі Даниал Ахметовтің шешімімен 15 аталым жеңімпаздарының барлығына IT-жобаларын жүзеге асыруға гранттар беріліпті.
Сондай-ақ биыл «Jastar Time» инновациялық орталығы ашылып, бұл орталықта оқушылар 2D/3D графиканы, бағдарламалауды, видеофильмдер жасауды үйреніп жатқан көрінеді. Сонымен бірге, бүгінде орталық IT саласындағы идеялар мен тәжірибені бөлісетін алаңға айналып отыр.
Орталықтың ұйтқы болуымен, «Менің туған өлкем», «Абай әлемі», «Қазақ халқының дәстүрлері мен салттары», «Шығыс Қазақстанның халықтары», «Қанипа әлемі» атты 3Д кітаптар жарық көргенін де айта кеткеніміз орынды.
Сондай-ақ аталған орталықтың ұйтқы болуымен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 10-11 желтоқсанда цифрлық форматта «Қазіргі Қазақстан – Тәуелсіздік жолы» тақырыбында халықаралық интерактивті диктант өткізілді. Интерактивті диктантқа облыс мектептерінің және Қазан Федералды университеті IT-лицейінің жалпы білім беретін мектеп интернатының 700-ден астам оқушылары қатысты. Оқушылар үшін лингвистика бойынша білімдерін тексеру ғана емес, цифрлық форматта дағдыларын жетілдіру де өте маңызды болды. Қазан Федералды университеті IT-лицейінің жалпы білім беретін мектеп-интернатының оқушылары Қазақстан туралы көп дүние білгендерін атап айтып, келесі интерактивті диктантқа қатысуға тілектерін білдірді. Сонымен қатар С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-мен бірлесіп «Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлттық және этносаралық диалогтың айнасы» тақырыбында интерактивті сабақ өткізілген. Сабақ цифрлық форматта өтіп, оған облыстағы мектептердің үш мыңнан астам 10-11 сынып оқушылары қатысыпты.
Мейрам Екпін