Журналистік зерттеу

Иінағашпен су тасып жүр

Иінағашпен су  тасып жүр

2011 жылы Ұлан ауданының екі ауылында \”Ақбұлақ\” мемлекеттік бағдарламасы арқылы су құбырлары жүйесін салу жұмыстары басталған болатын. Нақтырақ айтқанда, Ұлан ауылына 186 млн. теңге, Жаңа Азово ауылына 158 млн. теңге қаржы бөлініп, мердігерлермен келісімшартқа сәйкес алдыңғысы 2011 жылдың 19 қыркүйегінде, соңғысы 20 қазанда іске қосылуы жоспарланған.

Алайда, мердігерлер пайдалануға беру мерзімі бойынша уәделерінде тұрмаған. Осы уақытқа дейін бұл ауылдарда орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған су құбырлары тартылған, бірақ іске қосылмаған.
– Ауылымызда су құбыры салынып жатқанына үш жыл болды. Құбырлар үйге дейін тартылды, әлі су берілген жоқ. Қазір сол қалпында жатыр, – дейді Ұлан ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер Базар Мырзағалиев.
– Ауызсуды қайдан аласыздар?
– Ертеректен қалған су көзі бар. Сол жерде су өздігінен сыртқа атқақтап шығып жатыр. Көлігі барлар трактормен, ат-арбамен барып, қалғандары иінағашпен су тасып жүр. Жалпы бүкіл ауыл тұрғындары ауызсуды содан алады. Ал ауыл ішінен құдық қазсаң, су шықпайды, шықса тұзды, ішуге жарамайды. Сондықтан да 60-70 метр ұңғыма қазу керек. Ол қолымыздан келмейді. Мектептің жанында колонка тұр. Оның cуы ішуге жарамайды.
– Су алатын жер екі шақырым, барып қайтқаның төрт шақырым, – деп ауылдасының сөзін зейнеткер Галина Әрішева толықтыра түсті. – Қазір ауыл тұрғындары ауызсуды алыстан тасымалдап ішеді. Көлігі жоқ қарттар мен мүгедек жандар әлі күнге дейін ауызсудың зардабын тартып отыр. Тасымалдап ішкен ауызсу кей кездері жетпей қалады. Шелекті көтере алмайтын адамдар да бар. Көршілерімізге мүмкіндігімізге қарай көмектесіп те жатырмыз. Өзен cуы ішуге жарамайды. Су құбырларын төсеген кезде көшелеріміз қазылып, бұрынғы асфальтталған жол бүлінді. Қазір әрбір үйдің жанында жыра жатыр. Дұрыс жабылған жоқ.

Мердігерлер ауыл үшін аса маңызды мемлекеттік бағдарламаны ойдағыдай орындай алмай, елді мекендерді таза сумен қамтуды тым ұзаққа созып жіберді. Cоның салдарынан ауыл халқын сумен қамтамасыз ету проблемасы әлі күнге дейін өзекті болып қалыптасып кеткен. Ауылдық округ әкімшілігі де түйіні шешілмеген іске алаңдаушылық білдіріп отыр.

– Күнделікті жұмысты тұрғындар су алатын жерден бастаймын. «Еңбек-Семей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен кейін қалған жұмыстарды жалғастыруға «Востокспецавтоматика» деген мердігерлік ұйым кіріскен болатын. Қарқындары – өте баяу. Өткен жұмада электриктер келіп кетті. Мұндай аяңмен биыл бітіре алар ма екен?, – дейді Егінсу ауылдық округінің әкімі Бейсенбек Асқабылов.

Оның айтуынша, алғашқы жоба бойынша үш-төрт жерге колонка қоймақшы болған. Жобаға өзгерістер енгізгеннен кейін су жүйесінің бітіру мерзімін ұзартқан. Енді құбыр әр үйдің қақпасына дейін тартылуы, ауылдағы әр үйде су болуы керек. Ал қақпасынан суды құбыр арқылы үйіне кіргізу – қожайынның міндетінде. Ауылдағы үйлер ескі, кейбірінің іргетасы жоқ. Тұрғындар астын қазса, үйі құлап қала ма деп те қауіптенеді. Жиырма шақты отбасы құбырын үй ішіне де тартып та алды, енді су жүйесінің іске қосылуын тосып отыр.

– Арнайы комиссия келіп, істелінген жұмыс 80-85 пайыз деп есептеп кетті, – дейді Бейсенбек Асқабылов. – Су құбырын тартқалы үш жыл болды, бірінші жылы салынған құбырлар қалай болса солай төселген. Содан бергі аралықта жер астындағы құбырдың зақымдануы не жарықшақтанып жарылуы да мүмкін. Солардың бәрін тексеру керек. Шеткі көшеде отыз үш үй қалып отыр. Соларға колонка қойылады деген. Қазір су жібергеннің өзінде шеткі үйлерде су болмайды. Өйткені, сол үйлерге құбыр тартылмаған. Оның қалай шешілетінін дәл қазір айта алмаймын. Мердігерлер келсе, колонка қойып шығаратын болар. Осы ауылда тұрып жатқан 1297 адамның бәрі ауызсуға мұқтаж.

Ескі құбырлар кеңестік кезеңде салынған

Қазіргі уақытта Жаңа Азово ауылында салынғанына отыз бес жылдай болған ескі су құбыры жұмыс істеп тұр. Құбырлар әбден тозған. Тұрғындарды ауызсумен қамтуды жақсарту үшін бұл ауыл алдымен «Таза су», содан кейін «Ақбұлақ» бағдарламасына енгізілгеніне биыл төртінші жыл өтіп барады.

– Бүгінгі күнге дейін ауылдағы барлық көшеге пластмассалық құбыр төселген, құдық орнатылған, жоба бойынша өз үйлеріне тұрғындар құбырды өздері төсеп, суды кіргізіп алулары тиіс. Кейбірі өз үйлеріне кіргізіп те алды, бірақ өте аз, – дейді Жаңа Азово ауылдық округінің әкімі Мақсат Солтаниянов.

«Востокспецавтоматика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 50 тоннадан екі резервуарды дайындап, тереңдетілген сорғылар мен су тазартқыш қондырғысын орнатып қойған. Осы сорғылардан су жинайтын орындарға құбыр тартылған. Жерді қазып кабель төсеген, бірақ беті жабылмаған, ашық жатыр. Электр желісіне де қосылмаған.

Ауылдағы тартылған құбыр жүйесі бойында 79 құдық бар. Соның 62-сі қақпақпен жабылған, қалған 17-сі ашық жатыр. Кейбір көшелерде қазылған орларды тегістеу керек. Жоба бойынша оны мердігер істеуі тиіс. Құдықтардың жартысына жуығын тіреуіштермен бекітпестен жерге тікелей орната салған. Негізінде оның астында қатты төсеніш болуы, бетондалуы тиіс.

– Суды бұрынғы ескі құбырдан белгілі бір уақытта беріп тұрамыз, – дейді Мақсат Солтаниянов. – Оған себеп, сонда тұрған мотордың қуаты аздау, тұрғындар бұған да үйреніп кетті. Жазғы уақытта көшелерге су түске дейін және кешке таман екі рет беріледі. Қыста сағат 14-тен 17-ге дейін деп белгіленген. Бұдан басқа су көзі жоқ. Суды құбыр жүйесіндегі колонкалардан алады.

Ескі құбыр кеңестік кезеңде салынған, су тарту үшін оған электр қуаты көп кетеді. Қазіргі істеп тұрған тертеңдетілген сорғы су шығарып үлгере алмайды. Резервуарды толтыру үшін уақыт керек. Сондықтан тұрғындарға су таңертең және кешке беріледі. Осы ауылдағы 127 үйде жалпы жиыны 524 адам тұрып жатыр. Тұрғындарды сумен қамту қызметі ақылы. Ауылдық округ әкімшілігі төлем нарқын ауыл тұрғындарымен жиналыста талқылап бекітеді. Олар иелігіндегі мал басына, отбасындағы адам санына қарай төлейді. Жазда бау-бақшасы есепке алынады.

Ертіс өзені ауылдан алты шақырым қашықтықта жатыр. Ауылда жеке құдығы бар үй жоқ, су 25-27 метр тереңдіктен шығады.

–Жаңа Азово ауылындағы құбыр тарту жұмысының 70-75 пайызы істелінді деп ойлаймын. Құбыр төселіп, үйдің алдына дейін жеткізілді, Көшені қалпына келтіру, сорғыны электр қуатына қосу, төңірегін жарықтандыру жұмыстары қалды. Ең бастысы, су жүйесі құбыры әр үйге тартылып, әрқайсысына есептегіш қондырғылары орнатылады. Қолданыстағы ескі су жүйесінде 19 колонка бар. Тұрғындар суды әзірше содан алады, – дейді Жаңа Азово ауылдық округінің әкімі.

– Судың тапшылығын көріп отырмыз. Бұрын суды қалаған уақытымызда ала беретінбіз. Қазір белгіленген сағаттарда арнайы кесте бойынша беріледі. Осыған орай суды ыдыстарымызға толтырып алуға тырысамыз. Соның өзі кейде жетпей қалады. Ұзаққа созылып кеткен құрылыс қашан аяқталатынын да білмейміз, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Ескендір Егінбаев.

«Ақбұлақ» бағдарламасының орындалуы барысында жаңа жобаларға қойылатын талап күшейтілді. Халықты қажетті мөлшердегі және сапасына кепілдік берілетін ауызсумен қамтамасыз ету, оны тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізу және есептегіш құралдарын орнату қарастырылуы тиіс.

– Ұлан, Жаңа Азово ауылдарындағы сумен қамту жүйесін жобалаумен біз айналысқанбыз. Алғашқыда көшелерде колонкалы қондырғылар орнатылған жоба жасауды тапсырған болатын. Содан кейін су құбырын әр үйге дейін тарту жөнінде шешім шығарды. Осыған орай жобаға өзгерістер енгіздік. Тапсырыс беруші жұмысымызға ештеңе төлеген жоқ. Құрылыс жұмыстары барысында мердігерлер бізге қайта өтініш білдірді. Жобаны қалағандарынша жасап бердік, бірақ бізбен бұл жолы да ешкім есептескен жоқ, – дейді «Востокагропромпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмаш Орынтаев.

Мердігерлер уәдесін қашан орындайды?

Ұлан аудандық құрылыс бөлімінің берген мәлiметтерiне қарағанда, осы екі нысандағы өндірістік жұмыстардың бас мердігері «Семей-Еңбек» филиалы республикалық мемлекеттік кәсіпорны, ал «Востокспецавтоматика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйым болып отыр. Келісімшартқа қосымша келісімдер арқылы жұмыстың орындалу мерзімі 2012 жылдың 30 сәуіріне ауыстырылған болатын. Алайда, мердігерлер келісімшарттағы міндеттемесін орындамаған.

2012 жылдың басынан бері Ұлан ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлері мердігерлік ұйым өкілдерімен мәжілістер өткізген. Сондай-ақ, келісімшарт бойынша тиісті міндеттерін мерзімінен кешіктірмей орындау жөнінде бірнеше рет хабарландырулар жіберген. Соларда көрсетілген талапты орындау мердігер тарапынан ескерусіз қалған. Одан соң Шығыс Қазақстан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 2012 жылдың 4 қазанында келісімшартты бұзу, орындалмаған жұмыстардың сомасын және айып төлету, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде талап арыз түсірді.

2013 жылдың 27 ақпанында мердігерлік ұйым нысандардағы жұмыстарды жалғастыру үшін барлық материалдар, ақшалай қаржы, еңбек ресурстары толық көлемде бар екендігі көрсетілген кепілдік хат тапсырды. Жоғарыда белгіленгендерді ескере отырып, «Востокспецавтоматика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалған жұмыстарды 2013 жылдың 31 мамырына дейінгі мерзімде бітіретініне кепілді болды.

Қазіргі уақытта аталған нысандардағы келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны үшін «Еңбек-Семей» РМК- басшысының үстінен жауапсыздығы үшін қылмыстық іс қозғалған. Содан кейінгі мердігерлік ұйымның директоры нысандарды 2013 жылдың қыркүйек айында тапсыратыны жөніндегі уәдесін орындамады.

Үкімет миллиондаған теңге қаржы бөлсе де жергілікті халық әлі күнге таза суға қол жеткізер емес. Ауызсу мәселесі қашан шешімін табады?

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button