Біле жүріңіз

Хоккей командасына жасалған тарту

Өскемендегі көрнекті ғимараттардың бірі – Борис Александров атындағы спорт сарайы. Бүгінде мұнда «Торпедо» хоккей командасы жаттығып, өнер көрсетеді. 

Сарай құрылысы нақ осы команданың жетістігімен байланысты екенін біреу білсе, біреу білмес. 1957 жылы көпшілікке таныс емес команда Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанып, сенсация жасайды. Болашағынан зор үміт күттірген жас клуб өздеріне жыл он екі ай жаттығатын мұз айдыны керектігін айтады.

Алайда ол кезде тек халқының саны миллионнан асатын қалаларда ғана мұндай нысандарды салуға рұқсат етілген еді. Десек те, сол кездегі қала басшылығы табанды түрде мемлекеттен тиісті қаржыны бөлдіртеді. 1964 жылы іргетасы қаланған сарай төрт жыл бойы салыныпты.

Бастапқыда басты аренаға 5200 көрермен сыйса, 2001 жылғы ауқымды жөндеуден кейін орындықтар саны 4400-ге дейін қысқарды. 2012 жылы ғимараттың қасбеті ауысты. Жаңа фасад қақпашының дулығасына ұқсайды. Сондай-ақ ғимарат жанына хоккейші ескерткіші мен үлкен экран орнатылды.

Әсем Ескермесова,

студент

 

Осы айдарда

Back to top button