Халықты жұмыспен қамтуға мән беріліп отыр
Семей қаласының іргесіндегі Приречный ауылдық округінің әкімі Қабылқақ Шеңгелбаев Жарқын ауылы тұрғындарының алдында есеп берді. Округтің аумағында «Приречное» агрофирмасы орналасқан. Бұл халықты жұмыспен қамтып отырған бірден-бір шаруашылық.
Ауылдық округ әкімінің есепті кездесуіне Семей қалалық ұйымдастыру-инспекциялық бөлімі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің өкілдері қатысты. Есепті жиында қазіргі дағдарысқа қарсы қолға алынып жатқан шаруалар, былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, алда тұрған міндеттер ортаға салынды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, былтырғы есепті жиында көтерілген мәселелердің орындалуы айтылды.
Жиеналы ауылдық округінің әкімі Гүлжан Сыздықанова ауылдағы дәрігерлік фельдшерлік пункт ғимаратында Маралды ауылының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, өткен жылда атқарған жұмысын баяндады. Мұнда негізгі мәселе ретінде ауылдағы тазалықтың жайы сөз болды. Зейнеткер М.Тоқымбаев елді мекенді таза ұстау үшін бірлесіп сенбіліктерге шығуды ұйымдастыру, оған бір кісідей жұмылу қажеттігін атады. Ал «Махамбет» шаруа қожалығының жетекшісі Т.Мұстафин халықтың атынан округ әкімінің жұмысына оң баға берді.
Ертіс ауылдық округіне қарасты Прииртыш ауылында өткен есепті кездесуге облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрмамбаев, қалалық мәслихат депутаты Бейсенғазы Тастекеев және мұғалімдер, шаруа қожалықтарының басшылары, зейнеткерлер қатысты. Округ әкімі Зылиха Межекенова былтыр жүзеге асырылған шаруаларды баяндай келе, олардың орындалуына депутаттардың да қолдау білдіргенін атады. Әсіресе, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға көмектескен. Жиында зейнеткер М.Данияров ауылды жарықтандыру керектігін атаса, оған жауап ретінде М. Құрмамбаев бұл мәселе назардан тыс қалмайтынын атады.
Осы Ертіс ауылдық округіне қарасты Мұрат ауылында өткен кездесуде ауыл тұрғыны Б.Көпбаев жекеменшіктің малы жайылатын жайылымдардың өте тар екендігін, соған орай шаруа қожалықтары иелерімен жаз, күз айларында олардың жеріне мал жаюға келісім жасауды сұрады. Бұл мәселе назарға алынды. Ауыл тұрғыны Қ.Қоңыртаев ауылға тақау орналасқан машина жасау зауыты машина сынықтарын өткізу кезінде Мұрат ауылындағы тас жолды пайдаланатындығын, соған сай тозған жолды жөндеуді зауыт басшылығымен бірлесе шешу керектігін көтерді. Жиында тұрғындар ауылдық округ әкімінің жұмысына көңілдері толатынын айтты.
Раушан Нұғманбекова
Семей.