Халық сенімін ақтаған сайлау болды
Елімізде үлкен саяси шара өтті. Барлығымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіріп, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы кезекті маңызды қадамдарымызды жасадық.
Кеше еліміздің әр азаматы өз таңдауын жасап, сенім артқан партиясына дауыс берді. Енді осы таңдаудан іріктеліп шыққан депутаттар ел сенімін ақтаса, нұр үстіне нұр болары хақ.
«Қазақстанның болашағы қалай болады?» деген сауал әрбіреуіміздің көкейімізді тесетіні белгілі. Жасыратыны жоқ, отыз жыл бойы бір адамға бағынып келдік. Халық шаршады. Ендігі үмітіміз Мемлекет басшысы айтқан «Жаңа Қазақстанда» болмақ.
Бұл жолғы сайлау шыншыл өтті деп ойлаймын. Халық өз таңдауын еш мәжбүрлеусіз жасады. Бүкіл халық болып сайлауға келіп, таң бозынан кеш түскенге дейін сайлау учаскелерінен адам аяғы үзілген жоқ. Әр партияның жинаған дауысы ашық әрі шынайы түрде болды. Міне, бұл елдігімізді құру жолындағы алғашқы қадам екені рас. Енді осы бағытымыздан таймай, кейінгі ұрпақтың қамы үшін, аға буын, барлығын жасауымыз қажет.
Қаңтар оқиғасы еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық ареналарына түбегейлі өзгерістер қажет екенін көрсетті. Мұны қазір ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та түсініп, қолдап отыр. Ал әділетті мемлекет құру үшін осындай шыншыл өтетін сайлау шаралары қажет екені бәрімізге мәлім. Осындай саяси шаралар арқылы сөзі мен ісі сәйкес келіп, халық алдында абырой-беделі бар, ел үмітін ақтай алатын азаматтар келетіні анық.
Серік Оразбайұлы,
Өскемен қаласының Құрметті азаматы, Amanat партиясының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы