Саясат

Халықаралық магистральдің маңызы зор

Халықаралық магистральдің маңызы зор
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономиялы районында қытай жағымен Қытайдың солтүстік-шығысын, Қазақстан, Ресей және Еуропа елдерін байланыстыратын «Қарамай – Ташен – Аягөз» транзиттік теміржол құрылысы мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесу қорытындысында тараптар халықаралық магистральдің бір бөлігі болып табылатын «Бақты – Аягөз» теміржолы жобасына алдын ала зерттеулер жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойды.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Санжар Елубаев жұмыс сапарымен КХР-дың Шәуешек қаласында болып, ҚХР ШҰАР партия комитетінің тұрақты мүшесі, ШҰАР Тарбағатай округінің партия комитетінің бас хатшысы Еркінжан Турахунмен «Қарамай – Ташен – Аягөз» транзиттік теміржол құрылысы мәселесі бойынша кездесу өткізді.
Аталған жоба өңірлік-географиялық басымдыққа ие және даму үшін үлкен әлеуеті бар. Халықаралық магистраль Қытайдың солтүстік-шығысын, Қазақстанды, Ресейді және Еуропа елдерін байланыстырады. Магистральға қосылу үшін қазақстандық тарапқа ұзындығы 270 шақырымды құрайтын «Бақты – Аягөз» темір жолын салу қажет.
Кездесу қорытындысында қазақстандық және қытайлық тараптар «Қарамай – Ташен – Аягөз» теміржолының «Бақты – Аягөз» учаскесінің құрылысы бойынша алдын ала зерттеулер жүргізу жөніндегі меморандумға қол қойды.
– Аталған жобаны іске асыру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл Қытайдың батыс бөлігінен Қазақстанға, Ресейге және Еуропа елдеріне жолаушылар легі мен жүк тасымалының уақытын айтарлықтай қысқартады, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Қытай жағының болжамы бойынша, бұл жоспар іске асқан жағдайда, жүк тасымалының көлемі 2020 жылға қарай 1,85 млн тоннаны құрамақ, ал 2030 жылға қарай 3 млн тоннадан аспақ.

Аймақтық коммуникациялар қызметі

Осы айдарда

Back to top button