Саясат

Халық қалаулылары қалтқысыз қызмет етуі қажет

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлау науқанынан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Нұр Отан» ХДП жоғары партиялық мектебі Шығыс Қазақстан филиалы базасындағы аймақтық семинар-кеңеске Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары облыстық және аудандық мәслихаттарының депутаттары жиналды.

Халық қалаулылары қалтқысыз қызмет етуі қажетҮш күн бойы «Нұр Отан» фракциясының халық қалаулылары партияның сайлау кезінде мәлімдеген халықтық тұғырнамасын бірлесе жүзеге асырудың жолдарын талқыға салды.

Семинар бағдарламасында тренингтер мен дөңгелек үстелдер болды. Дәріс оқыған «Нұр Отан» ХДП хатшысы Владимир Бобров жергілікті мәслихаттардағы халықтық-демократиялық партия фракцияларының жұмысын жүйелендіретін және реттейтін уақыт жеткенін атап өтті.

Жалпы, еліміз бойынша «Нұр Отан» фракцияларының саны – 214, олардың біреуі – Мәжілісте, 16-сы – облыстық, 37-сі – қалалық және 160-сы – аудандық мәслихаттарда. Осы блоктың барлық депутаттарына жергілікті жерлерде жұмыла іске асыруға арналған нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет. Арнайы осы үшін партияның орталық аппаратында кураторлар институты құрылған болатын. Әрбір куратор «Нұр Отанның» халықтық тұғырнамасының бір бағытына жетекшілік етеді, олар: халықтық ІРО, қолжетімді баспана, индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жастармен жұмыс, әлеуметтік сала және басқалар.

– Аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттарға сайланған «Нұр Отан» фракциясының депутаттары тұрғындармен жұмыс істеуде алдыңғы шепте келеді, – деді В.Бобров. – Адамдар партияның жұмысын жалпы алғанда сол депутаттардың істеріне қарап бағалайды. Сондықтан тұрғын үйлердің, мектептердің, балабақшалар мен ауруханалардың құрылысын назардан тыс қалдыруға болмайды, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының дамуын бақылау қажет. «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысу керек. Мен мәслихаттардың депутаттары өздерінің негізгі жұмыстарын ұмытуы тиіс деп айтып отырғаным жоқ, бірақ сіздерге депутаттық мандат жүктеп отырған міндеттерді де орындау қажет.

Кеңесте өз саласы мен бағыттарын бақылай алатын әрбір депутаттың міндеттерін нақты белгілеу туралы да сөз болды. Сонымен қатар, сайлаушылар да мұны білулері тиіс және «салалық» халық қалаулысынан қажетінше көмек сұраулары керек. Осылайша, аймақтағы барлық жобалар мен бағдарламалардың іске асырылу үрдісін жан-жақты бақылауда ұстауға болады.

Мұнымен қоса, фракция депутаттарына экологиялық акцияларға, әсіресе, өз қалалары мен аудандарын көгалдандыруға барынша белсенді атсалысып, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ үлгісі бойынша елді мекендер айналасына жасыл белдеулер құру бастамаларын көтерген жөн.

Өндіріс саласында және ауыл шаруашылығында, бастауыш партия ұйымдарында өнертапқыштарға мұқият назар аударған дұрыс. Оларды дер кезінде қолдап, өнертабысқа авторлық құқық рәсімдеуде жан-жақты септесу керек.

– Жаңаөзен оқиғасы ірі еңбек ұжымдарындағы ішкі жанжалдық жағдайларды білудің маңызы қаншалық екенін көрсетті. Біз бастауыш ұйымдар, партияның жекелеген мүшелері арқылы әрекет ете отырып, аталмыш істердің мән-жайына қанық болып отыруымыз қажет. Дау-дамайларды өршітпей, алғашқы кезеңінде-ақ шешу керек. Ол үшін партиялық қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін пайдаланған абзал, – деп атап өтті Владимир Бобров.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button