Ел жаңалықтары

Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді

    Карантиннен кейін еңсесін енді көтеріп, тұрғындарға толық қызмет көрсете бастаған аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, келіп жатқан адам нөпіріне қарамастан, құлшына жұмыс істеп жатқан ұжыммен, жетекшісі Пернебек Жорабаевпен кездестік.

– Жұқпалы дертке байланысты біраз уақыт тұрып қалғандықтан қазір күніне мыңға жуық адамды қабылдаймыз. Бұл ауыр соғып тұр. Ұжымда 22 адам ғана қызмет етеді. Түскі ас ішуге де кейде уақыт қалмайды. Алыс ауылдардан келгендерді ұзақ күттіріп қоюға дәтің жетпейді. Жасы үлкен адамдар, жас сәбилерімен келіп тұрған әйелдер қаншама. Біздің мекеме күре жолдың жиегінде тұр, айнала әрі-бері ағылған қалың көлік. Осыларды ойға алып, мамандарға мүмкіндігінше тез, сапалы істеуді ескертіп отырамын.


Мақаншы және Қоңыршәулі ауылдық округінде бөлімшелеріміз бар. Олардың жұмысын тексеріп, сараптап тұрамын. Мақтағаным емес, ұжым облыста алдыңғы қатардың бірінен саналады, – дейді мекеме басшысы.

Пернебек Қасымбекұлының мамандығы – зоотехник. Семей мал дәрігерлік институтын бітірген, кейін Шалабай асыл тұқымды мал зауытында ұзақ жыл қызмет істеді. Семей мал дәрігерлік институты елімізге көптеген атақты палуандарды берді. Соның бірегейі – Жақсылық Үшкемпіров.

– Ол кісі менен бірер жыл оқуды ерте бітірген. Ол дайындалған спорт залда біз де талай жыл грек-рим күресімен айналыстық. Институтта оқып жүріп облыстық, республикалық біраз жарыстарға қатыстым. Сол сайыстардан алған көптеген грамоталарым мен алқаларым бар. Жасымның ұлғайғанына қарамастан боз кілемге шығуды аңсап тұрамын. Осыдан бірер жыл бұрын Семейде жаңадан ашылған спорт ғимаратына Үшкемпіровтің атын бергенде, қатты қуандым. Қанша дегенмен, әйгілі палуанмен талай жыл араласып тұрдым ғой, – дейді Пернебек Қасымбекұлы.

Ол қызмет жолын алғашында қатардағы маманнан бастады. Тәжірибе жинай келе, Өскемендегі №1 Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры болды, сосын Глубокое ауданындағы орталыққа жетекшілік етті. Кейін Үржар ауданына жіберді. Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы басқаларға қарағанда алдыңғы сапта келеді. Ұжым қызметі көп ретте ұқыптылығы мен сапалығы жағынан алда. Мақтау мен марапат алса да, атқарған қызметтері соған лайық.

Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басты мәселесі – көлік, мекеменің әлі күнге дейін қызметтік автокөлігі болған емес. Егер болғанда, мамандары округтерді аралап, аудан орталығына жете алмай жүрген көптеген мүгедектерге, қарапайым адамдарға арнайы барып көмек көрсетер еді. Қазір тек өз көліктерімен аралап жүр.

Орталық қызметкерлерінің 70 пайызы – жоғары білімді мамандар. Ата Заң күні қарсаңында тұрғындарға ашық есік күнін  ұйымдастырды. Ұжымда істейтін әр қызметкер осы күнге дайындалып, міндеттерін абыроймен атқарды.

Бейсенғазы Ұлықбек

 Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button