Әңгімеден әрекетке көшер кез жетті
Экономикалық даму және сауда министрлігінің аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Закарьянов облысымызға ресми сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттік басшылары мен делегация құрамындағы елшілер қатысқан мәжілісте осылай деді. Мәжіліс облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өтті.
Құрамында Біріккен Ұлттар Ұйымының резидент-үйлестірушілері, ЮНИСЕФ және Еуропалық Одақ өкілдері, Ресей Федерациясы мен Финляндия елшілері бар делегация облыс аумағында БҰҰ қолдауымен қолға алынған жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, осы бағыттағы шаруаларды әрі қарай дамыту мүмкіндіктерін талқылауға келіпті. Әсіресе, Семей полигонынан зардап шеккен аймақтың экологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсарту, жасыл экономикаға қадам басу, шетелдерден Отанына ағылған қандастардың бейімделіп кетуіне жағдай жасау, шағын және орта бизнесті дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру сынды мәселелердің өңірде қалай шешім тауып жатқаны қызықтырған көрінеді.
– Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттіктері облысымызда 2011 жылы табысты еңбек еткен болатын. «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету және аймақтық жоспарлау ісіне инновациялық қадамдарды енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру» жобасының ойдағыдай жүзеге асуы біз үшін де өте өзекті. Әсіресе, Семей полигонынан зардап шеккен аудандарға әлеуметтік көмек көрсету, шетелден келген қандастарды қолдау, мүгедек және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету, халықты жұмыспен қамту мәселелерінде сіздерден үйренер дүние көп. Бұл салаларда ұйымның тәжірибесі орасан. Облыс пен ұйымның арасындағы бірлескен жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Соны әрі қарай жетілдіре түсуіміз қажет, – деді аймақ басшысы мәжілісте.
БҰҰ Даму бағдарламасының резидент-үйлестірушісі, ұйымның Қазақстандағы тұрақты өкілі Стивен Тулл болса осы сапар барысында өзара қарым-қатынасты кеңейтудің басым бағыттарын талқылауға мүмкіндік туатынын жеткізді. Бұл үш күндік сапарда делегация нақты жобалармен танысып, оларды әрі қарай жетілдіре түсудің жолдарын талқылайтындарын айтқан ұйым өкілі Маңғыстау және Қызылорда облыстарымен қатар Шығыс Қазақстанның пилоттық өңір ретінде бекер таңдалмағанын да атап өтті.
Жиын барысында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ БҰҰ өкілдеріне жобалардың жүзеге асуына қажетті қаржы көздерін тартуда ұйымның көмегі қажет екенін жеткізді. Шығыс Қазақстанның бұл істегі тәжірибесі Маңғыстау және Қызылорда облыстарында енгізілмек.