Журналистік зерттеу

Германияда аула сыпырушысының айлығы – 1200 евро. Ал бізде ше?

– Ана жүгірмекті қарашы… Дорбаға салынған қоқысты таяқ тастам жердегі темір жәшікке апарып тастауға ерініп, талдың түбіне лақтырып кетті. Адамның еңбегін бағаласа, қайтеді екен сабазың! Аула сыпырушы да адам ғой. Оның да жаны бар. Ол да шаршайды. Әй, бұл заман адамдардан ұят кеткен заман болды ғой…

Германияда аула сыпырушысының айлығы – 1200 евро. Ал бізде ше?

«Өскемен-Тәртіп» қызметкерлері
45-50 мың теңге жалақы алады


Есіктің алдындағы орындықта отырып алып, өткен-кеткеннің әрекетін бақылайтын Надя әжейдің осынау сөздері мені кәдімгідей ойландырып тастады. Шынында да неге біз осы өз қоқысымызды өзіміз төгуге ерінеміз? Аула сыпырушыларды бір сәт аясақ қайтеді? Кейде таңертең ғана мұнтаздай тап-таза болып тұрған ауланың түстен кейін шашылып жатқанын көргенде көңілің түсіп кетеді біртүрлі. Аула сыпырушылар болмаса, күл-қоқысқа баяғыда-ақ белшемізден батып, көміліп қалатын түріміз бар екен. Бозала таңнан тұрып алып бұрқыратып аула сыпыратын бейнетқор жандардың еңбегін бағаламайтынымыз өкінішті. Біздің елде қадірсіз бір кәсіп иесі болса, ол осы – аула, көше сыпырушылар ма дерсің. Ал өркениетті елдерде қалай? Әрине, басқаша. Ең алдымен, аула сыпырушылары еңбегіне лайық жалақы алатынын айту қажет. Мысалы, Германияда аула сыпырушының орташа айлығы 1000-1200 евроны құрайды екен. Осыдан-ақ өркениетті елдерде аула сыпырушыларға деген құрметтің қаншалықты деңгейде екенін байқай беріңіз.

Шындығында кез келген қаланың көрікті болуы осы аула, көше сыпырушыларының қолында екені сөзсіз. Олар тек көшелерді ғана сыпырмайды, қала имиджін де қалыптастырады. Сырттан келген қонақ ең алдымен қала тазалығына көңіл аударады. Олай болса, көше, аула сыпырушыларын – тазалық сақшылары деп түсінгеніміз абзал болар еді. Осы орайда облыс орталығы Өскемен қаласын таза ұстау мәселесі қалай шешімін тауып отыр?

Рас, облыс орталығы Өскеменді өңсіз, көріксіз, лас қала деп ешкім де айта алмайды. Туған қаламыздың күн сайын құлпырып, түлеп келе жатқаны да шындық. Десе де 300 мыңнан артық тұрғыны бар осынау қаланы таза ұстау да біз ойлағандай оңай шаруа емес екен. Қаладағы тазалыққа жауапты бас мердігер «Өскемен-Тәртіп» көпсалалы кәсіпорнының атына облыс, қала басшыларының тарапынан айтылатын сынды да жиі-жиі құлағымыз шалып қалады. Көшелердегі қар тазаланбай, мұз ойылмай қалса да, қоқыс уақытымен шығарылмаса да «Өскемен-Тәртіптегілер» жаманатты болып, сөз естіп жатады. Өткен жылдың соңында болған жиындардың бірінде шаһардың тазалығына қатысты жауапты мекеме өкілдерін сынға алған қала әкімі С.Тәукебаев:

– Сіздер ауа райының өзгеруіне байланысты шапшаң қимылдауларыңыз керек. Қала тұрғындарын сіздердің проблемаларыңыз аз толғандырады. Олар таңертең үйден шыққанда тазаланған қала көшелерімен жүрулері тиіс, – деп ескертті.

Дұрыс қой. Әр шаһар тұрғынының таза көшемен жүргеніне не жетсін. Бірақ туған қаламыздың айнадай жалтырап, таза болуына жалғыз «Өскемен-Тәртіп» кәсіпорны ғана міндетті ме? Туған қаламыздың көрікті де таза болуы үшін біз, тұрғындар қандай үлес қосып жатырмыз? Жалпы, қала тазалығы қалай жүзеге асады? Осы орайда біз Өскемен қаласының әкімшілігіне қарасты «Өскемен-Тәртіп» көпсалалы МКК-на барған болатынбыз.

– «Өскемен-Тәртіп» негізінде тек қана көлік жүретін көшелердің ғана тазалығына жауап береді, – дейді осы мекеменің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Серік Ділманов. – Содан кейін біздің міндетімізге тек қана көшелерді ғана тазалау кірмейді, аялдамаларды да күтіп ұстау, бұтақтарды кесу, қоқыстарды шығару, қыста қар тазалау, мұз ою, тағы басқа да біз атқаратын жұмыстар жетерлік. Аталған мекеме қаланың тазалығына жауапты бас мердігер болса, тағы да бізбен келісімшартқа отырған субмердігерлер бар. Олар: «Земстрой», «Бриллиант Сити», «Дороги Востока», «Өскеменспецкоммунтранс» және «Ремдор» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Мысалы, «Земстрой» қаланың Защита, Согра сынды аудандарының тазалығына жауапты болса, Аблакеткадағы тазалыққа «Бриллиант Сити», Красин кентіне «Өскеменспецкоммунтранс», Үлбі кенті мен сол жағалауға «Ремдор», Жібек маталар комбинаты мен Куленовкадағы тазалыққа «Дороги востока» ЖШС жауап береді.

Серік Ділмановтың айтуынша, «Өскемен-Тәртіп» кәсіпорнының өзінде ғана 110 санитарлық тазалық жұмысшыcы бар екен. Олардың орташа айлық жалақылары 45-50 мың теңгені құрайды. Әр айдың 10-ы күні жұмысшылардың айлықтары қолдарына тиеді. Өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарағандары 40 пайызға дейін сыйақыға ие болады екен. Жұмысшылардың барлығы да арнайы киімдермен қамтамасыз етілген.

– Әрине, санитарлық тазалық жұмысшыларының атқаратын шаруасын жеңіл деп айта алмаймын. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында жол жиегінде шаң мен газ жұтып, көше тазалау, әрине, оңай емес. Оның үстіне бұл шаруаны атқаратындардың дені негізінен 45-50 жастағы үлкен кісілер. Мұндай жұмысты жастар істегісі келмейді. Дегенмен соңғы кездері олардың жұмысын жеңілдету мақсатында заманауи техникалар көптеп сатылып алынып жатыр, – дейді ол. Көшелерді тазалауға арналған арнайы шаңсорғыш техникалар, артында сыпыратын щеткасы бар «МТЗ-82» тракторлары, қар тазалайтын, су себетін, шаң соратын әртүрлі техникалардың қатары жыл сайын артып, көбейіп келе жатқан көрінеді.

– Қаламыз таза болу үшін тұрғындармен әлі де тәрбие жұмыстарын жүргізу қажет. Қала тұрғындарының мәдениеті әлі де төмен, – деп санайды «Өскемен-Тәртіп» МКК-нің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Серік Ділманов. Ол тек былтырғы жылдың өзінде шағылған аялдамаларды қалпына келтіруге 3 миллион теңге жұмсалғанын айтады.

Қоқысты терезеден лақтырғанды қашан қоямыз?

Ал көпқабатты үйлердің алдындағы аулаларды сыпырушылардың жағдайы бұдан да мүшкіл болып шықты. Олардың алатын айлықтары «Өскемен-Тәртіп» көпсалалы кәсіпорнының санитарлық тазалық жұмысшыларының айлығымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Небәрі шамамен 23-25 мың теңге ғана. Неге? Себебі, аула сыпырушыларға айлықты ПИК-тер төлейді. Ал ПИК тегі ақша кімдікі? Тұрғындардың ақшасы. Көпқабатты үйлердің тұрғындары аула сыпырушының айлығын көтеруге келіседі ме? Жоқ. Тіпті, қаладағы кейбір ПИК-тер аула сыпырушыларға бұдан да төмен жалақы беруі мүмкін. Ал мұндай мардымсыз жалақыға жұмыс істеуге кім келісе қояды дейсің. Көбіне аула сыпырушылардың міндетін күш-қайраты қайтқан егде жандар мен маскүнемдердің атқаратыны да сондықтан.

– Нарықтық экономиканың заңына сәйкес жақсы қызметке жақсы ақы төленуі тиіс, – деп санайды «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық бөлімшесінің партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Майраш Екібасова. – Мысал ретінде айтайын, біз шашымызды қиып, жөнге келтіргіміз келсе, жәй қатардағы шаштаразға барып, ақысын төлейміз. Ал мықты жерге баратын бола қалсақ, мықты салонға барып, әдемі шаш үлгісін жасап бергені үшін ойланбастан екі жарым-үш мың теңгені ұстата саламыз. Бұл да сол секілді нәрсе ғой. Тұрғындар өз аулаларының кіршіксіз таза болғанын қалайтын болса, аула сыпырушыларына да жақсы айлық төленуі қажет. Мардымсыз айлық алатын аула сыпырушысынан қандай мінсіз қызметті талап етуге болады? Қазіргі жағдайда шала-шарпы болса да аулалардың жиналып жатқанына риза болу керек. Содан кейін бұл мәселеде түйткілді жайлар өте көп. Бір пәтерде бір-ақ адам тіркеуде тұрады, бір-ақ адам коммуналды қызметке ақы төлейді. Ал шындығында дәл солай ма? Тексеретін болса, бір адам ғана тіркеуде деп көрсетілген пәтерде бірнеше адам тұрады. Яғни, қоқыс та бірнеше есе көп шығарылады деген сөз.

– Көпқабатты үйлердің тұрғындарының психологиясына таңғаламын, – дейді өзін Алик деп таныстырған аула сыпырушы. – Олар неге өздері тұратын жерді таза ұстауға ұмтылмайды? Қоқыстарын тіпті терезеден лақтыра салатын да тұрғындар бар. Ал сол аулада олардың балалары мен немерелері ойнайды ғой. Балалары мен немерелеріне жаны ашымаған соң, олар аула сыпырушының еңбегін бағалайды деп ойлайсыз ба? Тұрғындар өз қоқысын арнайы қойылған жәшікке төгіп үйренсе де бізге көп жеңілдік болар еді. Әзірге олай болмай тұр.

Иә, көше, аула сыпырушылардың мәселесі бүгінгі күні ең өзекті мәселелердің бірі екені рас. Бірақ осынау мәселенің әзірге шешімін табатынына да күмәндіміз.

Медведев те көше сыпырған

Қарап отырсақ, осынау кәсіптің де өзінің пайда болу, қалыптасу кезеңі бар. Көрші Ресейде аула сыпырушылар тарихы 1669 жылы Алексей патшаның «Қаланың абаттандырылуы» туралы жарлығынан бастау алады. Осыдан жарты ғасыр өткеннен кейін Петр патша да «Тазалықты сақтау және көшелерге қоқыс лақтырушыларды қатаң жазалау» туралы арнайы заң шығарады. Әрине, патша заңдарын орындау сыпыртқы мен күрексіз жүзеге аспайтыны белгілі. Бір атап айтарлығы, патшалы Ресейде аула сыпырушылар тек қана көшелерді сыпырумен ғана айналыспаған, олар қоғамдық тәртіптің сақталуына да зор үлес қосыпты. Яғни, қылмысқа қатысы бар-ау деген күмәнді адамдар туралы құқық қорғау органдарына хабарлап отырған. Көптеген мамандар осынау әдісті қазіргі күні де тәжірибеге енгізу қажет деген пікір айтуда.

Егер аула сыпырушылары құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істейтін болса, көптеген қылмыстың беті ашылатыны да сөзсіз. Өз кезегінде олар күмәнді адамдар туралы құқық қорғау органдарына хабарлап отырса болғаны. Бұл аула сыпырушыларының мәртебесінің көтерілуіне, тұрғындардың оларға деген көзқарасының өзгеруіне әсер етеді дейді мамандар.

Кеңестік заманда аула сыпырушының еңбегі лайықты бағаланды деуге болады. Кезектен тыс баспанаға қол жеткізу үшін жоғары білімі бар адамдардың өзі карьерасын аула сыпырушылықтан бастайтын болған. Ал қазір аула сыпырушыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі тіпті ауызға да алынбайды.

Тарих беттеріне үңілсек, тіпті, білдей бір мемлекеттің тізгінін ұстаған президенттердің өзі кезінде аула сыпырып, нәпақасын тауыпты. Мынаны қараңыз, Ресей Федерациясының экс-президенті Дмитрий Медведевтің еңбек кітапшасындағы алғашқы жазу «аула сыпырушы» деп жазылыпты. АҚШ тың экс-президенті Б.Клинтон да аула сыпырушысы болған. Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков та 1970 жылдары көше сыпырған екен. Тіпті, «Кремльдегі аула сыпырушы» атты ескерткіште тастан қашалып сомдалған бейне дәл осы Лужковтың бейнесі көрінеді. Қарапайым ғана аула сыпырушы болып жүріп-ақ тасы өрге домалаған мұндай адамдардың өмірі өзге жұртқа өнеге емес пе? Өмір мектебі деген де осы болар тегінде.

Біле білсек, аула сыпырушысы біздің қалаға ең қажетті кәсіп. Тек осы кәсіп иелері еңбегінің өз деңгейінде бағаланбай отырғаны өкінішті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button