Саясат

Германия елшісі футболдың жанашыры екен

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцті, одан кейін израильдік дәрігерлерді қабылдады.

Германия елшісі футболдың жанашыры екенГермания Федеративтік Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцтің бұл жолғы сапары өңірімізбен толығырақ танысуға және Германия елшілігінің бастамасымен мамыр айында Астана қаласында еліміздің мектеп оқушыларына арналып футболдан өткізіліп жатқан турнирдің аясында Шығыста да футбол өткізуге жоспарланыпты. Мұндағы негізгі мақсат – оқушылар арасында спортты дамыту әрі олардың неміс тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру, мәдени, саяси, тілдік байланыстар арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға кеңінен жол ашу.

Қазақстан бойынша аталған турнир үш жерде ұйымдастырылса, соның біріне Өскемен қаласы таңдалынып алыныпты. Облыс орталығындағы «Восток» стадионында футболдан турнир өткізіліп, оған Өскеменнен, Семейден, Риддерден жиыны жеті жасөспірімдер командасы қатысып, бақтарын сынаған. Турнирдің ашылу салтанатына мәртебелі мейманның өзі қатысып, бастан-аяқ ойын барысын тамашалапты.

– Сіздердің өңірлеріңізге бірінші рет келіп тұрмын. Бұған дейін де Шығыс Қазақстанның тамаша табиғаты, экономикалық әлеуеті, жаңалыққа құштар адамдары жайлы көп естіген болатынмын. Футбол турниріне келер болсақ, бұл жағдай жасөспірімдердің үлкен қызығушылығын тудырып, сол арқылы екі елдің адамдарын жақындастыруға алтын көпір болады, – деді елші Гидо Херц.

Сонымен қатар доктор Херц биылғы жыл әлемдік футбол оқиғаларына толы екендігін және аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың футболға үлкен жанашыр екендігін айта келе, 1954 жылы Германияда футболдан өткен әлем чемпионатына қатысушылар ойнаған доптың көшірмесін салтанатты жағдайда облыс Әкіміне естелікке тапсырды. «Бұл доп Сізге және барлық қазақстандық футболшыларға сәттілік әкелсін деп тілеймін», деді елші.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ екі елдің арасындағы байланыс барлық салалар бойынша өрбитініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан ұзақ жылдардан бері Бавариямен әріптестік байланыста екендігін айтып, елшінің облыстағы алғашқы қадамына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, өңір басшысы елшіні облыспен кеңірек танысу мақсатында ағымдағы жылдың 28-29 тамызында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Семей, Курчатов қалаларында өтетін халықаралық ядролық қарусыздану конференциясына шақырды.

* * *

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН кездесуге израильдік дәрігерлер – «MVI-Mtdikal Center» компаниясының бас директоры Наталья Хедват, әлемдік деңгейдегі хирург – израильдік «Шнайдер» ауруханасының бас дәрігері, профессор Иосиф Пресс, онкологиялық ауруларды емдеуге мамандандырылған хирург Евгений Соломонов қатысты.

Бұл израильдік хирургтер өңірге тек дәріс оқып, тәжірибелерін бөлісуге ғана келмей, бірнеше оталарға да қатысыпты. Мәселен, Евгений Соломонов соңғы екі күнде облыстық аурухананың дәрігерлерімен бірге төрт бірегей ота жасаған.

Израильдік дәрігерлер облыс медицинасының бүгінгі мүмкіндіктеріне тәнті болғандықтарын жасырмады.

– Сіздерде жақсы жарақталған база бар әрі дәрігерлеріңіз де білімді. Жаңалыққа ұмтылып тұрады екен. Сондықтан олармен тез тіл табысып кеттік. Сіздерге жетіспей тұрған бір ғана нәрсе бар, ол – шешімін кешенді түрде табуға тиіс жаңа технологиялар мүмкіндігі. Біз сіздердің ауруханаларыңызда кез келген күрделі операциялар жасауға қолдан келген көмекті көрсететін боламыз, – деді израильдік дәрігерлер.

Өңірімізге келген он білікті дәрігер жергілікті мамандардың қатысуымен жүзге жуық ота жасауды жоспарлап отыр. Олар облыс орталығындағы «Ана мен бала» орталығында болып, шеберлік-сыныптарын өткізді.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ шетелдік дәрігерлердің медициналық көмегіне алғысын білдіріп, елімізде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда денсаулық сақтау саласына ұдайы көңіл бөлініп, қаржы молынан қарастырылатынын жеткізді.

– Біздің өмірімізде денсаулықтан қымбат дүние жоқ. Медицина саласына қомақты қаржы бөлінеді. Жыл сайын медициналық мекемелердің бюджеті кем дегенде 30 пайызға артып отырады. Заманауи қымбат құрылғылар сатылып алынады. Бұл салада Израиль, Оңтүстік Корея, Ресей сынды мемлекеттермен байланыс аясы кеңейіп келеді. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіздің, тәжірибелеріңіздің арқасында жергілікті мамандардың біліктілігі артады деп сенемін. Сіздерге сәттілік тілеймін және облыс тұрғындарының атынан үлкен алғысымды білдіремін, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button