Саясат

Франциямен әріптестік нығая түседі

Франциямен әріптестік нығая түседі

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьенді қабылдады. Екіжақты кездесуде Франция мен өңір арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімі ең алдымен Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып өтті. Жиырма жылдан астам уақыт екі елдің арасында экономикалық, мәдени және саяси әріптестік орнап, нығайып келеді. Осы орайда өңірлердің міндеті – сол қарым-қатынасты әрі қарай жалғастырып, жақсартуға үлес қосу.
– Біздің облыс жайында баспасөз мәліметтері арқылы жақсы таныссыз деп ойлаймын. Шығыс Қазақстан – индустриялық аграрлы аймақ. Біздің өңірде Франциямен өзара әріптестік орнаған. Оның мысалы ретінде титан-магний комбинатындағы бірлескен кәсіпорынды айтуға болады. Францияда да титанды ғарыш саласы үшін пайдаланатын арнайы зауыт салынды, – деген облыс әкімі Өскемендегі титан-магний комбинатының басшылары алдағы уақытта Франциямен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Сондай¬-ақ, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өз сөзінде елімізде бизнесті дамытуға қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын да атап өтті. Таяуда ғана инвесторлар үшін салықтың төрт түрі бойынша жеңілдіктер қарастырылған арнайы заң да қабылданды. Осы орайда жергілікті билік те инфрақұрылымды жақсартуға, бизнес үшін жер телімдерін бөлуге, қауіпсіздік шараларының сақталуына жағдай жасамақ.
– Біз Франциямен білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында әріптестік орнатсақ дейміз. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ағылшын, неміс, француз тілдерін оқытатын орталық бар. Жастарымыз тек француз тілін ғана үйренбей, сол елдің тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін терең білгенін қалаймыз, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен мырза облыс басшысына жылы жүзді қабылдауы үшін үлкен алғысын білдіре келіп:
– Мен ең алдымен сіздердің өңірлеріңізмен жұмыс істеуге, индустрия саласында берік әріптестік орнататына, – деді. Елші мырзаның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Францияның көптеген кәсіпкерлері Қазақстанмен әріптестік орнатуға қызығушылық танытып отыр.
Жалпы алғанда Франция мен Қазақстан, оның ішінде Шығыс өңірімен арадағы өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейдегі кездесулерде талқылау да жоспарланып отырған көрінеді. Алдағы 1-қыркүйек күні Парижде 50-ге тарта француз кәсіпкерлері мен Қазақстанның Франциядағы елшісі Нұрлан Дөненовтің қатысуымен кездесу өтетін болса, ал қазанның 17-інде Астанада екі елдің министрлерінің қатысуымен үкіметаралық кездесу болмақ. Екі ел арасындағы әріптестікті нығайту шаралары үстіміздегі жылдың 5-желтоқсанында жоспарланған екі мемлекеттің Президенттерінің кездесуінде де талқыланбақ.
Сондай-ақ, Франция елшісі Франсис Етьен Өскемен титан-магний комбинатының серіктесі болып табылатын француздық «Airbus» компаниясының тікұшақтар мен жер серіктерін құрастырумен ғана шектелмей, ұшқыштар мен техниктер мектебін ашуды да жоспарлап отырғанын жеткізді.
Франция елшісі Франсис Етьен облыс басшысына Францияның Шығыс Қазақстандағы құрметті консулын таңдауға да өтініш білдірді.
Кездесу соңында тараптар облыстың экономикасы мен басқа да салаларын дамытуға бағытталған нақты бірлескен жобалар мен ұсыныстар әзірлеуге уәделесіп, бір-біріне ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button