Саясат

Еуроодақтың тәжірибесіне сүйенеміз

Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің «Қазақстан аймағын дамыту» жобасын сараптау тобымен кездесті. Кездесуге бірқатар облыстық басқармалардың бастықтары қатысты.

Еуроодақтың тәжірибесіне сүйенемізЖиынды ашқан Ермек Көшербаев келген қонақтармен іскерлік байланыстың нақтылы міндеттерін айқындап, жобаны іске асыруға қатысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады.

– Екі жақты қарым-қатынастың неғұрлым тиімді әрі табысты болуы үшін алдағы уақытта атқарылатын жұмысымыздың түпкілікті нәтижесін алдын ала анықтағанымыз жөн, – деп атап өтті ол.

Жоба менеджері Люка Карапелли жиналғандар алдында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 2-ақпанында орнағанын, содан бері ынтымақтастық байланыс жоғары қарқынмен жалғасып келе жатқанын айтып, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары бойынша қанатқақты жобалардың әзірленіп жатқанына, жоба аясында төрт жылдың ішінде аймақтардың орнықты дамуына, экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз етуге, мемлекеттік қызметшілердің біліктілілін арттыруға, оқыту шараларына қолдау көрсетілетініне қысқаша тоқталып өтті. Қазақстанның экономикалық әлеуетін ұтымды пайдалануда еуропалық елдердің озық тәжірибесін енгізу мүмкіндіктеріне назар аударды.

– Қазақстан жедел қарқынмен дамып келе жатыр, – деп атап өтті жоба жетекшісі Ольга Бродерик, – осыған сәйкес жоба да нақтылы қажеттілікті қамтамасыз етуі тиіс.

Жобаны Еуропалық Одақ қаржыландырады. Халықаралық кеңес беру компаниясының басшылығымен өңірлерді дамыту министрлігінің қолдауымен белгіленген іс-шараларды инвестициялық консорциум жүзеге асырады.

Кездесуде облыстық басқармалар басшылары төрт жылдық бағдарламаны іске асыру тетіктеріне байланысты Курчатовтың ғылым қаласы тұрғысындағы заңнамалық мәртебесі, шағын қалалардың проблемалары, автомобиль саласының құрылысын дамыту, кадрлық әлеуетті жақсарту, қоршаған орта мәселелері, мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялар жайындағы ынтымақтастық пен серіктестік туралы шараларды талқылап, өзара іс-қимылы жайында пікір алмасты.

Біздің облыста жүзеге асыру сатысындағы немесе талқылаудағы барлық маңызды жобалар салалық басқармаларда сараптаудан өткізіліп, толықтырылып, ең басты бағыттары тағы бір рет пысықталып, нақтыланғаннан кейін облыстық әкімдікте қайта қаралатын болды.

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button